Жаңалықтар

20 жылда Астана көшелері қалай түрленді?

Астанада қанша даңғыл, қанша көше бар?
20 жылда Астана көшелері қалай түрленді?
Фото: Нұрбек Әлманбетов 04.07.2017 15:35 13352

Астана – Қазақстан Республикасының егемендігін бейнелейтін жаңа тұрпаттағы қала. Яғни, бұл қалада Қазақстанның тарихи дамуын, қазақ халқының бай төлтумалық дәстүрлерін, ұлттың дара келбетін көрсететін ономастикалық айғақтар болуы тиіс.

Бүгін де Астана қаласында 16 даңғыл, 926 көше, 4 тасжолы – барлығы 946 атау берілген құрамдас бөлік бар. 1997-2016 жылдар аралығында жалпы аталған көшелер саны – 850-ге жетсе, соның ішінде 406 көше қайта аталды.

Астана – еліміздің бас қаласы. Ономастика комиссиясының шешіміне сәйкес елорда көшелерінің атауы Қазақстанның тарихи, мәдени, географиялық дидарын айшықтайтын атаулармен аталған. Ономастика комиссиясы шаһардағы көптеген көшелерге қазақ жерінің байырғы атауларын берді. Мәселен, Қаратау, Еділ, Қаратал, Балқантау, Зеренді, Марқакөл, Аспара, Жаңаөзен, Абыралы, Меркі, Үстірт, Аягөз тағысын тағы. 

Астана көшелері мен даңғылдарын тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың есімдері айшықтап тұруы заңдылық. Сондықтан ономастика комиссиясы бірқатар тарихи оқиғаларға қатысты атауларды және тарихи тұлғалардың есімдерін беруді ұйғарды. Атап айтқанда, Күлтегін, Асанқайғы, Қадырғали Жалайыри, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин, Сүгір Әліұлы, Ілияс Есенберлин, Ықылас Дүкенұлы, Ағыбай батыр және т.б.

Өткен ғасырдың басында халқымыздың тәуелсіздігі үшін күресіп, кейінгі ұрпаққа мол рухани мұра қалдырған Алаш қайраткерлерінің есімдері де Астана көшелеріне берілгені белгілі. Олардың арасында Мұстафа Шоқай, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Ғұмар Қараш сияқты тұлғалар бар. Қазақ тарихында өзіндік ерекше орны бар Қозыбасы, Аңырақай, Арқайым, Қазығұрт, Бұланты, Абат-Байтақ, Саққорған сияқты тарихи жер атаулары да елорданың жаңа атауларының қатарынан орын алды. Тіпті ертегі персонаждарының атаулары берілген көшелер де бар.

Ресми дерек бойынша тек 2016-2017 жылы елордада 19 көше қайта аталып, жаңа атауға ие болды. Солардың ішінде Орынбор көшесі Мәңгілік ел даңғылы болып ауысса, Хусейн бен Талал көшесі Ұлы Дала даңғылы атанды. Бірқатар жобалық көше атаулары өзгеріп, орынына Никола Тесла, Темірбек Жүргенов, Кенен Әзірбаев, Нияз би, Рабиға Есімжанова, Ханшайым Сүйінбике, Сәкен Жүнісов секілді тұлғалардың есімдері берілді. 

Халық арасында айтылып жүрген «Астана – Елбасының төл туындысы» деген ұғым тегіннен тегін айтылмаса керек. Сарыарқаның төсiнде жауһардай жарқыраған Елордамыз әлем елдерінің таңданысын оятып, мойындатқан ғаламат жоба. Астана – отандастарымыздың мақтанышына айналды. Тәуелсіздігіміздің айбыны, елiмiздiң қуаты бола білген ажарлы шаһардағы көше аттары да лайықты атауларын алды.   

Астана қаласының әр кірпіші елбасының жанкешті еңбегінің, көшбасшыға лайық қажымас ерік-жігердің жемісі! Астана мен Елбасы – егіз ұғым. Біз қанша айтып, қанша жазсақ та президенттің Астана қаласына сіңірген өлшеусіз еңбегін түбіне жеткізіп паш ете алмаймыз. Қанша қалам тербесек те таусылмасы анық. Бұл – телегей теңіз, Ұлы Дала елінің таусылмас хикаясы!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға