Жаңалықтар

2025 жылы зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі өзгермейді – БЖЗҚ

2025 жылы зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі өзгермейді – БЖЗҚ
Фото: egov.kz 06.12.2024 10:24 376

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының 2025 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегі сол деңгейде қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес «БЖЗҚ» АҚ жыл сайын, келесі қаржы жылына арналған ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңы ресми жарияланғаннан кейін, бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ, өзінің интернет-ресурсында алдағы жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігі шегін (ТЖШ) орналастыруға міндетті.

Осы талапты орындай отырып, БЖЗҚ 2025 жылға арналған ТЖШ жариялап, ТЖШ өлшемдері 2024 жылғы деңгейде өзгеріссіз қалғанын хабарлайды, - делінген мәліметте. 

Естеріңізде болса, 2024 жылы да ТЖШ мөлшері көтерілмеген болатын.

ТЖШ - бұл ай сайынғы зейнетақыны ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес көлемде қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған) ең төменгі мөлшері. Бұл әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ, болашақ зейнетақы жарналарының (ең төменгі жалақы мөлшерінен) болжамды есептеулеріне  және инвестициялық кірістілікке сүйене отырып анықталатын зейнетақы жинақтарының бағалау сомасы. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі - бұл салымшының зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін (ең төменгі базалық зейнетақы төлемі есебімен) алуы үшін шотта қалуы тиіс ең төменгі көрсеткіш, - деп қосты қор. 

ТЖШ есептеу Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне сәйкес жүргізіледі (ҚР Үкіметінің 30.06.2023ж. №521 қаулысымен бекітілген).

Әдістемеге сәйкес, 2025 жылға арналған ТЖШ есептеу кезінде 2025 жылға арналған мына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер пайдаланылды:

1) ең төменгі жалақы мөлшері - 85 000 теңге;

2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 32 360 теңге;

3) зейнетақының ең төменгі мөлшері - 62 771 теңге;

4) базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы - 46 228 теңге. 

Жекелеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің ұлғаюына қарамастан, ТЖШ мөлшерінің бұрынғы деңгейде сақталуы (2024 жылмен салыстырғанда, өзгеріссіз) ең төменгі жалақы мөлшері және зейнетақы жинақтары кірістілігінің болжамды жылдық пайыздық мөлшерлемесі сияқты маңызды өлшемдердің өзгеріссіз қалуымен ішінара байланысты болса керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға