Жаңалықтар

2025 жылы тойланатын мерейтойлар мен атаулы күндер

2025 жылы тойланатын мерейтойлар мен атаулы күндер
Фото: коллаж El.kz 12.02.2025 18:10 111

Әр жыл тарихтың жаңа парағын ашып, әлемдік және ұлттық деңгейде маңызды оқиғаларды еске түсіруге мүмкіндік береді. 2025 жыл – жаһандық тарих пен мәдениет үшін ерекше жыл, себебі бірқатар ірі тарихи оқиғалардың, ұлы тұлғалардың мерейтойлары мен қоғам үшін маңызды күндер атап өтілмек. Осы орайда биыл тойланатын басты мерейтойлар мен атаулы күндерді шолып шығуды жөн көрдік.

Қаңтар

1 қаңтар«Казахстанская правда» республикалық газетінің жарық көргеніне 105 жыл толды. 1920 жылы бұл газет «Известия Киргизского края» деп аталды. 1921 жылы «Степная правда» атауымен қайта шығып, Қазақ автономиялық социалистік республикасының ресми басылымы болды. Ал 1932 жылдан бастап «Казахстанская правда» деп аталып келеді.

5 қаңтарҚадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толды. Көрнекті қазақ ақыны, аудармашы Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әлі (1935-2011 ж.) Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Балалық шағында кітапқа ерекше қызығушылық танытып, алғаш оқыған кітабы – «Қырық батыр» болды.

Әдеби қызметін «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында, Жазушылар одағында жалғастырды. Қазақ поэзиясына тың ой, ұлттық рух пен шебер тіл енгізді. Сондай-ақ әлем әдебиетінің үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Еңбегі үшін «Парасат» және I дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталған. Қадыр Мырза Әлі мұрасы – қазақ әдебиетінің асыл қазынасы болып қала бермек. 

7 қаңтар –  әнші, актер, педагог, режиссер ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің туғанына 120 жыл (1905-1973 ж.). Ол өнердегі жолын Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Сырым, «Еңлік-Кебектегі» Кебек рөлдерінен бастаған. Сонымен қатар, қазақ операсының дамуына зор үлес қосып, «Қыз Жібек» операсында Бекежан образын шебер сомдады.

Кәсіби шеберлігімен халықты тәнті еткен сахна саңлағының есімі қазақ өнерінде мәңгі сақталады.

10 қаңтар – көрнекті жазушы, драматург, қоғам қайраткері Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл (1915-1983 ж.) толды.

Ол тарихи романдары арқылы қазақ әдебиетінде айрықша орын алды. Жазушының ең танымал еңбегі – «Көшпенділер» трилогиясы («Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар»), онда қазақ халқының тарихы мен тәуелсіздік жолындағы күресі суреттеледі.

Ілияс Есенберлин қазақтың бай тарихи мұрасын жаңаша танытып, ұлттық сананы қалыптастыру мәселелерін көтерді. Оның шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.

Ақпан

2 ақпан – көрнекті жазушы, әдебиеттанушы, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауин 85 жасқа (1940-2025 ж.) толар еді. Өкінішке қарай, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин биыл қаңтар айында ғана АҚШ-та көз жұмды.

Ол Абай облысы Аягөз ауданының Баршатас ауылында дүниеге келген. «Жазушы» баспасы мен «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарды.

Ғалым әрі қаламгер ретінде ұлттық әдебиет пен тарихқа өлшеусіз үлес қосып, құнды шығармашылық мұра қалдырды.

15 ақпан – тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың туғанына 110 жыл (1915-1966 ж.) болады.

Тарихшы 1915 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Воронеж педагогикалық институтын бітіріп, Қазақстанда ұстаздық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. 1946 жылы «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегі үшін тарих ғылымдарының докторы атанды. Алайда бұл еңбегі үшін саяси айыптауға ұшырап, 1952 жылы қамауға алынды.

1955 жылы ақталып, ҚазМҰУ-ға қайтып оралды. Ол Қазақстан тарихын зерттеуге, ғылыми кадрлар дайындауға зор үлес қосты. 1959 жылы мектептерге арналған алғашқы Қазақстан тарихы оқулығын жазды. 1962 жылы Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.

Ғалымның есімі мәңгілікке сақталып, Павлодарда бюсті орнатылды, білім беру мекемелеріне оның есімі берілді. Ермұхан Бекмаханов – тарихи шындықты зерттеудің символына айналған тұлға.

Наурыз

1 наурызҚазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Татулық пен бірлікті ту еткен ұйымның мерейтойы республика көлемінде кеңінен атап өтіледі.

Жоспар бойынша елдің түкпір-түкпірінде 400-ден астам танымдық, әдеби-мәдени шара ұйымдастырылып, Ассамблеяның маңыздылығы насихатталады. Мерекелік іс-шаралар 1 наурызда басталып, бас қаладағы Бейбітшілік және келісім сарайында республикалық форум өтеді. Форумға аудан, облыстардан делегаттар шақырылып, ұйымның жетістіктері мен алдағы міндеттері сарапталады.

14 наурыз – қазақ жазушысы, драматург Қалихан Ысқақтың 90 жыл (1935-2014 ж.). Ол Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген.

ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемкино жанындағы жоғары курсты тәмамдаған. Әр жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» басылымдарында, «Қазақфильм» киностудиясында, Жазушылар одағында және М.Әуезов атындағы театрда қызмет атқарған.

Оның «Ақсу – Жер жаннаты», «Қара орман», «Тұйық» романдары, «Қоңыр күз еді», «Бұқтырма сарыны» повестер жинағы, «Жарық дүние», «Қазақтар» пьесалар жинағы жарық көрген. «Ақсу – Жер жаннаты» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ, «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней – Ұлпан» сынды пьесалары мен «Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Қараша қаздар қайтқанда» фильмдерінің сценарийін жазды.

Қалихан Ысқақ Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, И.С.Тургенев сияқты классиктердің шығармаларын және Нобель сыйлығы лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақ тіліне аударған. Оның туындылары бірнеше шетел тілдеріне аударылып, оқырман қауымға кеңінен танылды.

23 наурыз – ғалым, металлург-химик, жазушы, аудармашы, Қарағанды мемлекеттік университетінің негізін қалаушы Евней Бөкетовтің туғанына 100 жыл (1925-1983 ж.). 1925 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1950 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын бітіріп, металлургия және химия саласында ірі зерттеулер жүргізді. 1969 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Ол түсті металдар металлургиясы бойынша маңызды жаңалықтар ашып, Лисаков пен Аят кен орындарында марганец пен темірді кешенді пайдалану әдістерін енгізді. Оның есімімен аталатын «Бөкетов-Баешев әдісі» фосфорды шлам құрамынан бөліп алуға мүмкіндік берді.

Қарағанды мемлекеттік университетінің тұңғыш ректоры ретінде білім саласының дамуына зор үлес қосты. Әдебиетте де белсенді болып, орыс жазушыларын қазақ тіліне аударды, әдеби сын жазды. 1985 жылы Мәскеуде оның «Святое дело Чокана» атты очеркі жарық көрді.

Сәуір

1 сәуір – дирижер, композитор, домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл (1925-1998 ж.) толады. Ол Алматы облысында дүниеге келіп, Алматы және Мәскеу консерваторияларын бітірген. Абай атындағы опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде, «Қазақфильм» киностудиясында қызмет етті. 1981 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін оның көркемдік жетекшісі болды.

Ол 400-ге жуық ән мен романстың, көптеген күй, кантата, поэмалардың авторы. «Алтын таулар» операсын, «Достық жолымен» балетін, «Аққу», «Махамбет», «Көш керуен» сынды әйгілі күй-поэмаларын жазды. 50-ден астам спектакль мен 19 көркем фильмге музыка жазған.

Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Астана мен Алматыда Тілендиев атындағы көшелер бар.

20 сәуір – Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл (1925-1944 ж.). Ол Ақтөбе облысының Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келді. 7 жасында анасын жоғалып, нағашы ағасының қамқорлығында өскен. 1935 жылы отбасымен бірге ағасының арқасында Ленинградқа келіп, балалар үйінде тәрбиеленді. 1941 жылы Ленинград қоршау кезінде қала төңірегінде қорғаныс бекіністерін салуға қатысып, ерлік танытты.

1943 жылы 22-ші армияның 54-ші арнайы атқыштар бригадасына мерген болып қосылып, жауға қарсы күресте есебінде 32 жауынгерді жойды. Шайқастар кезінде «Жауынгерлер, алға!» ұранымен қолдауы мол Әлия бірнеше жарақат алғанына қарамастан, батырлықпен шайқасып, фашист офицерін жер жастандырды.

Әлия Молдағұлованың қаһармандығы мен ерлігі ұрпақтарға үлгі болып қала бермек.

22 сәуір – Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл (1900-1973 ж.). Ол  қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар (бұрынғы Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі, Таузар болысына қарасты екінші ауыл) деген жерде туған.

Сәбит Мұқанов өз шығармаларында қазақ халқының ғасырлар бойғы тұрмысын, мәдениеті мен тарихын терең бейнелеген қаламгер. Ол халықтың революциядан кейінгі өмірін «Жұмаштың өлімі», «Альбом», «Балбөпе», «Сұлушаш», «Ақ аю» және басқа да шығармаларында суреттеді. Жазушының «Адасқандар» романы қазақ прозасындағы таптық күрес мәселесін көтерген алғашқы әлеуметтік-психологиялық туынды ретінде белгілі, кейін бұл шығарма «Мөлдір махаббат» атауымен қайта жарық көрді.

Жазушы қазақ ауыз әдебиетін зерттеп, фольклор мен көне жазба мұраларды жинақтап, жарыққа шығаруға айрықша үлес қосты. Оның әдеби мұрасы 80 мың жолдан астам лирикалық өлеңдерді, жиырмаға жуық поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме мен очерк, оннан астам пьесаны, сондай-ақ оқулықтар мен әдеби зерттеулерді қамтиды. Сонымен қатар, ол қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын талдауға арналған монографиялар жазып, ұлттық әдебиеттанудың дамуына зор үлес қосты. Жазушының еңбектері әлемнің 46 тіліне аударылған.

Қазақ әдебиетін қалыптастыруға сіңірген үздіксіз еңбегі үшін Сәбит Мұқанов 2 рет Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.

25 сәуір – мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туғанына 130 жыл (1895-1937 ж.). Ол Семей облысы, Қарқаралы уезінде дүниеге келген. Омбы мұғалімдер семинариясы мен Коммунистік университетті тәмамдаған.

Еңбек жолын мұғалім болып бастап, Қарқаралы уездік кеңесінің хатшысы қызметін атқарды. 1920 жылдан бастап Қарқаралы және Семейдегі ревкомдар мен атқару комитеттерінде басшылық қызметтерде болды. 1923-1924 жылдары Қазақ АКСР Юстиция халық комиссары, кейін Жоғарғы Соттың қазақ бөлімінің төрағасы болды. Бұл кезеңде сот және прокуратура жүйесін қалыптастыруға, қазақ тілін іс жүргізуге енгізуге және заң кадрларын даярлауға үлес қосты.

1924-1929 жылдары Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 1931 жылдан Мәскеуде ВЦИК құрылымдарында жұмыс істеді. 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілді. 1956 жылы ақталды.

Мамыр

9 мамырҰлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл (1945 ж.). 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында 25-27 миллион адам қаза тапты, олардың ішінде әскери қызметкерлермен қатар бейбіт тұрғындар да көп болды. Германия Екінші дүниежүзілік соғысты 1939 жылы бастап, Еуропаны жаулап алса, 1941 жылы 22 маусымда Кеңес Одағына шабуыл жасады. Оған Германияның одақтастары – Румыния, Венгрия, Финляндия, Италия, Жапония және басқа да елдердің ерікті әскери бөлімдері қосылды.

Шабуыл түнгі 3:30-да Брест, Гродно, Барановичи, Кобрин қалаларына әуеден соққы берумен басталды. Бірнеше минуттан кейін Киев пен Балтық жағалауы елдеріне шабуыл жасалды. Таңғы 4:30-да Сталин жағдайды Германияның арандатуы деп санады, бірақ көп ұзамай Германияның елшісі ресми түрде соғыстың басталғанын мәлімдеді. Кеңес халқы үшін бұл күтпеген жағдай болды, себебі 1939 жылы КСРО мен Германия арасында шабуыл жасамау туралы келісімге қол қойылған еді.

22 маусымда түсте Вячеслав Молотов радио арқылы Кеңес халқына соғыстың басталғанын хабарлады. Елде жаппай мобилизация жарияланып, Қызыл Армия қарсы шабуылға дайындала бастады. Бірақ алғашқы айларда Кеңес әскері ауыр шығынға ұшырап, жау Мәскеуге дейін жетті.

Алайда 1941 жылдың соңында Мәскеу түбіндегі шайқаста Қызыл Армия қарсы шабуылға шығып, жауды кері шегіндірді. Кейіннен Сталинград және Курск шайқастарында кеңес әскері стратегиялық бастаманы қолға алды. 1944-1945 жылдары Кеңес әскері Шығыс Еуропаны азат етіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлинді толық басып алды. Бұл күн тарихта Жеңіс күні ретінде қалды.

12 мамыр – жазушы, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Әнуар Әлімжановтың туғанына 95 жыл (1930-1993 ж.). Ол бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқанд ауданындағы Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Ерте жетім қалып, интернат пен балалар үйінде тәрбиеленді.

1949 жылы Лепсі педагогикалық училищесін, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Еңбек жолын облыстық «Алма-Атинская правда» газетінде бастап, кейін «Литературная газета», «Правда» газеттерінде тілші, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.

Жазушы Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеттің, Африка халықтарымен достық ассоциациясының белсенді мүшесі болды. Ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж.Неру атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет Белгісі», «Халықтар Достығы» ордендерінің иегері, Қазақстанның Халық жазушысы.

Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Ұстаздың оралуы», «Адамдар жолы» атты романдары мен «Көгілдір таулар», «Отырардан келген сыйлық» сынды повестері қазақ әдебиетінің алтын қорына енген. Жазушының шығармалары тарихи тақырыптарға негізделіп, ұлт рухын көтеруге арналды.

Маусым

2 маусымБайқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл (1955 ж.) толады. Ол әлемдегі ең ірі ғарыш кешендерінің бірі. 1957 жылы 4 қазанда дәл осы жерден алғашқы жасанды жерсерік – «Спутник-1» ұшырылып, ғарыш дәуірінің бастауы болды. Кейіннен 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа аттанды.

Қазақстандық ғарышкерлердің ішінде Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда тұңғыш болып ғарышқа ұшты. Ол ғарышта ғылыми зерттеулер жүргізіп, тарихи миссиясын сәтті аяқтады. 1994 жылы Талғат Мұсабаев алғаш рет ғарышқа аттанып, кейін 1998 және 2001 жылдары тағы екі рет ұшты. Ол ашық ғарышқа шыққан алғашқы қазақ ғарышкері атанды. 2015 жылы Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» кемесімен ғарышқа ұшып, экологиялық зерттеулер жүргізді.

Байқоңырда бүгінде «Союз», «Протон», «Зенит» сияқты зымыран тасығыштар ұшырылады. Ғарыш айлағында 9 ұшыру алаңы, 14 іске қосу қондырғысы және екі әуе айлағы бар. Байқоңыр қаласы 1995 жылдан бері ресми түрде осылай аталады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Байқоңырдың стратегиялық маңызын ерекше атап өтеді. Бұл кешен Қазақстанның ғарыштық бағдарламалары мен халықаралық ынтымақтастығы үшін маңызды рөл атқарып, елдің ғылым мен технологиядағы әлеуетін арттыруға үлес қосуда. 70 жыл ішінде Байқоңырдан мыңдаған ғарыш миссиясы орындалып, әлемдік ғарыштық зерттеулердің маңызды орталығы ретінде қалыптасты.

Шілде

25 шілде – алғашқы қазақ кәсіби суретшілерінің бірі, кескіндемеші, педагог, Қазақстанның халық суретшісі  Молдахмет Кенбаевтың туғанына 100 жыл (1925-1993 ж.). Ол Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келіп, 1931-1941 жылдары Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленді. 1948 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1956 жылы Мәскеу көркемсурет институтын бітірді. Ал 1956-1959 жылдары Қазақстан Көркемсурет қоры басқармасының, 1968-1974 жылдары Қазақстан Суретшілер одағының кескіндеме секциясының төрағасы болды.

Молдахмет Кенбаевтың шығармашылығы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, ұлттық болмысын бейнелеуге арналды. Оның «Шопан әні», «Әңгіме үстінде», «Киіз басу», «Қашағанды қуу» сияқты картиналары халық өмірінің шынайы көрінісін көрсетті. «Мұхтар Әуезов», «әл-Фараби» секілді портреттері де ерекше орын алады. Ол сондай-ақ Алматыдағы «Қазақстан» мейманханасы, Неке сарайы, Мәскеудегі «Қазақстан» кинотеатры сияқты ғимараттардың мозаикалық панноларын безендіруге атсалысты.

Құрманғазы бейнесін шынайы жеткізгені үшін 1959 жылғы республикалық бәйгеде 1-орын алды. Оның туындылары Мәскеудегі Третьяков галереясында, Шығыс халықтары өнерінің мемлекеттік мұражайында, Қазақстанның Орталық көркемөнер галереясында сақталған. Молдахмет Кенбаев қазақ бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосқан шебер суретші ретінде ұлттық мәдениет тарихында айрықша орын алады.

Тамыз

10 тамыз – қазақтың біртуар ақыны, ағартушы, философ, сазгер, аудармашы Абай Құнанбаевтың (1845-1904 ж.) туғанына 180 жыл. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Бала кезінде ауыл молдасынан хат танып, он жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесінде білім алды. Медреседе діни іліммен қатар шығыс классиктері Науаи, Фзули, Саади, Хафиз еңбектерімен танысты.

Әкесі Құнанбай Абайды ел билеу ісіне ерте араластырды. Әділдікті жақтағаны үшін оны сыртынан айыптап, абақтыға да жапты. Отыз жастан асқан соң орыс әдебиетімен танысып, Семейге жер аударылған Е.П. Михаэлис бастаған демократтық көзқарастағы адамдармен жақын араласты. Бұл оның ой-санасының қалыптасуына үлкен әсер етті.

Абай қырық жастан асқан соң ғана ақындыққа ден қойып, қазақ поэзиясына жаңа биіктік әкелді. «Өлең – сөздің патшасы», «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» секілді өлеңдерінде білім мен адамгершілікті дәріптеді.

«Ескендір» мен «Масғұт» поэмаларында тарихи және философиялық тақырыптарды қозғады. Қара сөздерінде адам болмысын, ақыл, қайрат, талап мәселелерін терең талдады.

Ал қара сөздері – оның көркемдік, философиялық, әлеуметтік және діни көзқарастарын білдіретін прозалық шығармасы. Жалпы саны 45 қара сөзден тұрады, олардың тақырыптары әртүрлі. Абай тек шығарманың көркемдігіне емес, оның тереңдігі мен логикалық мәніне де көңіл бөлген.

Қара сөздерде гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік және діни ойлар тұтас қазақ халқының философиялық концепциясын қалыптастырады. Ол алғаш 1918 жылы «Абай» журналында жарық көріп, кейін көптеген тілдерге аударылды.

Абай 1904 жылы қайтыс болып, Жидебайда жерленді. Бүгінде Жидебайдағы әдеби-мемориалдық мұражайы ұлы ақынның мұрасын танытуда маңызды рөл атқарады.

15 тамыз – қазақтың ұлы композиторы, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992 ж.) туғанына 95 жыл. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылында дүниеге келген. Әкесі зергер, темір ұстасы болғанымен, домбыра мен қобызда шебер ойнаған өнерпаз адам еді. Анасы да ән салатын. Осындай өнерлі ортада өскен Шәмші бала кезінен музыкаға әуес болып, мандолинада ойнап, алғашқы әндерін жаза бастады.

Ол Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын тәмамдап, кейін Ташкенттегі музыка училищесінде, Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алды. 1950 жылдан бастап шығармашылық қызметке бет бұрып, қазақ музыкасына жаңа серпін әкелді. Оның әндері жүрекке жылы тиетін әуезділігімен, шынайылығымен ел арасына кеңінен тарады.

Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары туған жерге, Отанға, ата-анаға, махаббат пен достыққа арналған. Оның «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Қарқаралы», «Өмір-өзен» сияқты лирикалық әндері халық жүрегінен орын алды. Ал «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сынды жігерлі туындылары ұлттық рухты көтеретін ерекше әндерге айналды.

Композитордың ең танымал шығармаларының бірі – «Менің Қазақстаным» әні. Бұл ән 2006 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны ретінде бекітіліп, елдің басты музыкалық символына айналды.

Шәмші Қалдаяқовтың есімі мәңгілікке сақталды. 1992 жылдан бастап оның құрметіне арналған халықаралық ән фестивалі өткізіліп келеді. Шымкент қаласында облыстық филармония мен бір көше, Алматыда бір көше, Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі сазгердің атымен аталады. Шымкент филармониясының алдында оның құрметіне ескерткіш қойылған.

1991 жылы композитор туралы «Жылдарым менің, жырларым менің» атты деректі фильм түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді. Оның әндері бүгінгі күнге дейін халық арасында шырқалып, қазақ музыкасының алтын қорына енген мәңгілік мұраға айналды.

30 тамызҚазақстан Республикасы Конституциясының (1995 ж.) қабылданғанына 30 жыл. Алғашқы Конституция 1993 жылы қабылданғанымен, құқықтық жүйені жетілдіру қажеттілігі туындап, 1995 жылы жаңа жоба әзірленді. Жаңа Конституцияны заңгерлер, ғалымдар мен саясаткерлер дайындап, халықтың дауыс беруімен бекітілді.

Қазіргі қолданыстағы Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Соңғы түзетулер 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданып, 33 бапқа бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістер суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшуге, билік өкілеттіктерін қайта бөлуге, Парламенттің рөлін күшейтуге, халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруге бағытталды.

Қыркүйек

19 қыркүйек – қазақ ақыны, жазушысы Асқар Тоқмағамбетовтің (1905-1983 ж.) туғанына 110 жыл. Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында туған. Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, 1924-1926 жылдары Ташкенттегі политехникумда, 1932 жылы Мәскеудегі Журналистер институтында білім алды. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Ара» журналында қызмет етті. Ұлы Отан соғысына қатысып, кейін Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болды. Алғашқы өлеңі «Еңбекші қазақ» газетінде 1924 жылы жарық көрді. 1928 жылдан бастап өлең, поэма, очерк, фельетон жанрында жазған еңбектері жеке жинақ болып басылып шықты. «Екі заң», «Сайлау», «Алдар көсе», «Бір семья» сынды пьесалар жазып, әсіресе мысал жанрында өнімді еңбек етті. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, сондай-ақ І дәрежелі Отан соғысы, Октябрь революциясы ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Шығармаларының ішінде «Таңдамалы шығармалары», «Екі томдық шығармалар жинағы», «Тырналар, сұлу тырналар», «Алтын жапырақтар», «Төрт томдық шығармалар жинағы» ерекше орын алады.

Қазан

4 қазан – көрнекті саяхатшы, географ, этнограф, фольклоршы Григорий Потаниннің (1835-1920 ж.) туғанына 190 жыл. Ол Павлодар губерниясы Ямышево ауылында дүниеге келген. Орталық Азияның табиғатын, халқының тұрмыс-салтын, мәдениеті мен тарихын зерттеген. Қазақ фольклорының үлгілерін жинап, «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» атты еңбегін жазды.

Омбы кадет корпусын тәмамдап, Семейде әскери қызмет атқарды. Онда қазақ халқының мәдениетімен танысып, Шоқан Уәлихановпен достық қарым-қатынас орнатты. Кейін Петербург университетінде оқыды, бірақ 1861 жылы студенттік көтерілістерге қатысқаны үшін Сібірге жер аударылды.

1863 жылдан бастап Орталық Азияны зерттеуге кірісіп, Зайсан көлі, Тарбағатай тауы, Моңғолия, Тува, Солтүстік Қытай, Шығыс Тибет сияқты аймақтарға бірнеше рет экспедиция жасады. Ол 36 жыл бойы зерттеу жүргізіп, Орталық Азияның географиясына, этнографиясына, табиғатына қатысты құнды мәліметтер жинады.

Потанин қазақтардың, алтайлықтардың, басқа да түркі халықтарының аңыз-ертегілерін жинап, зерттеді. Оның еңбектері халық ауыз әдебиетін ғылыми айналымға енгізуге ықпал етті. Сондай-ақ оның құрметіне Наньшань тау жотасы мен Моңғол Алтайындағы мұздық аталған.

5 қазан – ірі эпик ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің (1920-1988 ж.) туғанына 105 жыл. Ол Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Жыланды деген жерде туған. Жетіжылдық мектепті, Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1940-1947 жылы әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін баспасөзде, Қазақстан Жазушылар одағында басшылық қызметтер атқарды.

Тұңғыш өлеңдер жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен жарық көрді. «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Сел», «Мен – қазақпын» поэмалары үшін мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Оның шығармалары ағылшын, неміс, француз, испан және басқа да тілдерге аударылған. Ақынның ең танымал шығармасы «Мен – қазақпын» поэмасы қазақ халқының тарихын, ұлттық рухын асқақтатқан туынды.

1986 жылы Қазақстан Жазушылар одағында Г.В. Колбинмен кездесуде Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарды батыл қолдап, олардың әділетті талаптарын қорғады.

Оның лирикалық шығармаларында Отанға деген сүйіспеншілік, қазақ тілі, ана мен әйел, махаббат, соғыс пен бейбітшілік, ұлттық рух тақырыптары көрініс тапқан.

Жұбан Молдағалиев – қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған тұлға.

Қараша

12 қараша – композитор, Қазақстанның халық артисі Евгений Брусиловскийдің (1905-1981 ж.) туғанына 120 жыл. Ол Ресейде Ростов-на-Дону қаласында дүниеге келді. Ленинград консерваториясын профессор М.О. Штейнбергтің композиция класы бойынша бітірген.

Евгений Брусиловский қазақтың музыкалық фольклорын зерттеуге ерекше көңіл бөліп, Н.Бөкейханов, Л.Мұхитов, М.Бөкейханов, И.Байзақов сияқты халық композиторларының әндері мен күйлерін жинақтап, ноталық жазбаға түсірген. Ол қазақ операсының негізін қалаушы ретінде «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» сынды алғашқы ұлттық операларды жазды. Сонымен қатар «Сарыарқа», «Целинная», «Құрманғазы» симфонияларын, кантаталар, 50-ден астам ән мен романсты дүниеге әкелді.

Оның шығармашылығы қазақ халқының әуендік дәстүрлерін терең түсінуімен ерекшеленді. Композитор қазақ халқы музыкасын кәсіби деңгейге көтерді. Қазақ музыкалық мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

24 қараша – Қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы Сапарғали Бегалиннің (1895-1983 ж.) туғанына 130 жыл. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Дегелең ауылында дүние есігін ашты.

1915 жылы Семейдегі орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. Әр жылдары түрлі мемлекеттік қызметте, сондай-ақ «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеді.

Алғашқы өлеңі «Қазақ бозбалаларына» 1914 жылы «Айқап» журналында жарияланды. «Қыран кегі», «Сырлы қайнар» сынды поэтикалық шығармаларымен қатар, «Сәтжан», «Жеткіншектер», «Шоқан асулары», «Қыран туралы аңыз» сынды балалар мен жасөспірімдерге арналған повестері бар. «Замана белестері» атты романы жарық көрген.

Ол халық ақындарының шығармаларын жинап, «Халық ақындары», «Өмір жыры» жинақтарын құрастырды, Жамбыл Жабаев туралы монография жазды.

Еңбегі үшін Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

25 қараша – Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, «Алаш» партиясының жетекшісі Міржақып Дулатұлының (1885-1935 ж.) туғанына 140 жыл. Ол бұрынғы Торғай облысындағы Сарықопа болысында (қaзipгi Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты «Қызбел» ауылы) дүниеге келген. 

Әкесі Дулат көзі ашық, қолөнерге шебер, дәулетті адам болған. Анасы Дәмештен екі жасында айырылып, 12 жасында әкесі қайтыс болған соң, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленді.

Алғаш ауыл молдасынан білім алып, кейін екі сыныптық орыс-қазақ училищесін және оқытушылар курсын бітіріп, мұғалім болды. Ұстаздық ете жүріп, елдегі әділетсіздік пен отаршылдық езгінің зардаптарын көріп, ұлттық күреске бет бұрды.

1904 жылы Омбыға барып, Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлымен танысып, Алаш қозғалысына қосылды. 1909 жылы Қазанда «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы жарық көріп, патша үкіметінің қуғынына ұшырады. 1910 жылы «Бақытсыз Жамал» атты алғашқы қазақ романы басылып шықты.

1913 жылы А.Байтұрсынұлымен бірге «Қазақ» газетін шығарып, ұлт-азаттық қозғалысты насихаттады. 1922-1926 жылдары Орынбордағы Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық етті. «Есеп құралы», «Қирағат кітабы» сияқты оқулықтар жазды.

1928 жылы кеңес үкіметі тарапынан тұтқындалып, 1930 жылы 10 жылға сотталды. 1935 жылы Ақтеңіз-Балтық каналының бойындағы Сосновец лагерінде ауыр науқастан қайтыс болды.

1988 жылы толық ақталды. Бүгінде Міржақып есімімен көшелер, мектептер аталып, туған жерінде мұражайы бар, ескерткіш орнатылған.

28 қараша –  Қазақстан Республикасы мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтің (1935-1983 ж.) туғанына 90 жыл. Ақын Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде туған. 

Ол поэзияда ұлттық рух пен терең философиялық ойды ұштастырып, қазақ жырына жаңа леп әкелген ақын. Оның шығармалары өмірдің сан қатпарлы шындығын терең суреттеуімен ерекшеленеді.

Ақынның «Менің Қазақстаным» өлеңі 2006 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранының негізіне айналды. Сонымен қатар, ол күй өнерін терең меңгерген дарынды күйші ретінде де танымал. «Күй кітабы» жинағы қазақтың дәстүрлі музыка өнеріне арналған ерекше еңбектердің бірі.

Проза саласында «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдарын жазып, қазақ әдебиетіне көркемдік деңгейі жоғары шығармалар қосты. Оның аударма саласындағы еңбектері де ауқымды – Сағдидың «Бустан» дастанын, А.Блок, М.Лермонтов, В.Маяковский шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Жұмекен Нәжімеденовтың есімі туған ауданындағы ауыл мен мектепке берілді. Оның өмірі мен шығармашылығына арналған «Жұмекен» деректі фильмі түсіріліп, Қ.Юсупов, М.Азбанбаев сынды зерттеушілер ақынның шығармашылығы туралы еңбектер жазды. 2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен дастандар жинағы үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Желтоқсан

15 желтоқсан – қазақтың көрнекті ақыны, әдебиеттанушы, фольклоршысы, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Өтебай Тұрманжановтың (1905-1978 ж.) туғанына 120 жыл. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Жалғыз ағаш деген ауылда туған. Балалық шағы Ташкенттегі жетім балалар үйінде өтті.

1925 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері Коммунистік университетін (КУТВ) бітіргеннен кейін Ташкенттегі Орта Азия Коммунистік университетінде оқыды. 1931 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында әдебиеттен сабақ берді, Қазақ мемлекеттік баспасының оқу-әдістемелік секторын басқарды. Сонымен қатар, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, «Жазушы» баспасында бөлім бастығы болып қызмет атқарды.

Өтебай Тұрманжанов – қазақ балалар әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қаламгер. Оның «Қошан кедей», «Қарлығаш», «Сұңқар түлектер», «Жауқазын», «Құралай», «Ұршық» сынды шығармалары балаларға арналған. Қазақтың мақал-мәтелдерін жинап, халық ертегілерін өңдеп жариялаған. Оның «Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар» атты мысал-дастаны бірнеше тілге аударылды.

«Пулемет», «Карл», «Қыран қыз», «Байғыз» сынды поэмалар жазды. Оның еңбегі жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

24 желтоқсан – Кеңес Одағының батыры, жазушы, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының (1910-1982 ж.) туғанына 115 жыл. Ол Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында малшының отбасында туды.

1941 жылы Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу үшін шайқасқа қатысты. Батальон командирі ретінде 207 рет ұрысқа қатысып, 16-18 қараша күндері Матронино маңында жаудың шабуылын үш күн бойы тойтарып, сарбаздарын қоршаудан үлкен шығынсыз алып шықты.

1928-1930 жылдары мұғалім, кейін аудандық атқару комитетінде, милицияда қызмет етті. 1932-1934 жылдары Қызыл Армия қатарында болып, 1936 жылы Финанс академиясының курсынан өтті. Әскерге қайта шақырылып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болды. Соғыстан кейін әскери академияларды бітіріп, оқытушылық қызмет атқарды. 1956 жылы полковник шенімен отставкаға шығып, шығармашылықпен айналысты.

Соғыс кезінде өлеңдер жазды. «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья» сынды еңбектері жарық көрді. Ол қазақ және орыс тілдерінде жазып, әскери өмір мен ерлік тақырыптарын арқау етті.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға