Жаңалықтар

2025 жылы қандай қызметкерлердің жалақысы 100%-ға өседі?

2025 жылы қандай қызметкерлердің жалақысы 100%-ға өседі?
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 17.01.2024 11:34 3238

2025 жылы білім беру ұйымдарының педагог емес қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға өседі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы мен ел Үкіметі бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мәселесіне үнемі ерекше назар аударады. Бюджет саласының қызметкерлерінің, оның ішінде педагогтердің жалақысы бірнеше рет (2001 жылы – 30, 2002 жылы – 35, 2004 жылы – 20, 2006 жылы – 32, 2007 жылы – 30, 2008 жылы – 8, 2009 жылы – 25, 2010 жылы – 25, 2011 жылы – 30, 2014 жылғы 1 сәуірден бастап – 10, 2016 жылы шамамен – 11, 2019 жылы шамамен 50 пайызға) көтерілді. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, 2020-2023 жылдары кезеңінде педагогтердің жалақысы екі есеге (2020 жылы – 25 (2019 жылғы базаға қарағанда), 2021 жылы – 50, 2022 жылы – 75 және 2023 жылы – 100 пайызға) артты. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогтерінің жалақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30 пайызға көтерілді. Биыл педагогтердің жалақысын арттыру қарастырылмаған, – деп хабарлады министрлік inform.kz агенттігінің ресми сауалына орай.

Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасын орындау үшін білім беру ұйымдарында қызмет атқаратын педагог емес қызметкерлердің (әкімшілік және қосалқы персонал қызметкерлерінің) жалақысы 2022-2025 жылдар кезеңінде орта есеппен 20 пайызға көтеріліп жатыр.

Осылайша, білім беру ұйымдарының әкімшілік және қосалқы персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71 пайызға өсті. Аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысын 2025 жылы 100 пайызға арттыру жоспарланған, – деді министрліктен.

Айта кетейік, олардың жалақысы 2022 жылы – 23, ал өткен жылы  45 пайызға ұлғайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға