Жаңалықтар

2025 жылға дейін Жамбыл облысында 4 мың жұмыс орны ашылмақ

2025 жылға дейін Жамбыл облысында 4 мың жұмыс орны ашылмақ
Фото: © СЦК 25.05.2023 12:30 916

Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов алғашқы сөзін Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастады. Облыстың жалпы өңірлік өнімі өткен жылдың қорытындысымен 2 триллион 749 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,3 пайызды құрады.

2023 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен экономикалық өсім 103 пайызға жетті. Биылғы төрт айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 292,4 миллиард теңгені құрады. Өндіріс саласының драйвері қатарында минералды тыңайытқыш өндірісі 3,1 есе, қант – 27,9, ірімшік және сүзбе өнімдері – 32,4, өнеркәсіп 22,5 пайызға өсті. Саладағы 834 кәсіпорында 43 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған, – деді ол.

Сондай-ақ ол 2023 жылы саладағы өнім көлемін 105 пайызға көтеру міндеті тұрғанын айтты. Биыл өңірде 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 7,4 пайызды құраған екен.

Осы жылы өңірге 572 миллиард теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Онымен қоса 85,4 миллиард теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Ал 2025 жылға дейін 1 триллион 900 миллиард теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, – дейді облыс әкімі.

Апта сайын әкім өзінің төрағалығымен инвестициялық штаб өткізілетінін және бұл жұмыстар жолға қойылғанын атап өтті.

Бүгінгі күні 32 инвестициялық штаб өткізілді. Оған 84 кәсіпкер өздерінің жобаларын көрсетті, оның ішінде 21 шетелдік компания бар. Нәтижесінде 69 миллиард теңге нақты инвестиция тартылды. Сәуір айының аяғында Тараз қаласында халықаралық экономикалық және инвестициялық форум өткіздік. Соның аясында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында 17, оның ішінде шетелдік 5 ірі компания мен 700 миллион долларға, 12 компания мен 92,5 миллион долларға келісім мен меморандумға қол қойылды, – деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, Жамбыл облысы Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан. Облыста 1 миллион 120 мыңнан астам адам тұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға