Жаңалықтар

2025 жылдан не күтеміз?

2025 жылдан не күтеміз?
Фото: жасанды интеллект DALL-E-3 29.12.2024 11:16 459

Санаулы күндерде табалдырықты аттайтын жылан жылынан не күтеміз? 2025 жылы елде қандай маңызды оқиғалар болмақ? El.kz ақпарат агенттігі қысқаша зерделеп көрді.

2025 жыл қазақстандықтар үшін жағымды жаңалықпен басталмақ. Ең әуелі 1 қаңтардан бастап «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң күшіне енеді. Осыған байланысты айлық есептік көрсеткіш көлемі 240 теңгеге ұлғайып, ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге болады. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 мыңнан асады. Бейнетінің зейнетін көріп отырған жандардың да базалық зейнетақысы 6,5 пайызға көтеріледі. Дәлірек айтсақ, төлемнің ең төменгі мөлшері 95 мыңнан асса, ең жоғарысы 213 мың теңгенің айналасында болады. Бірақ айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюы айыппұлдар көлемінің артуына да ықпал ететінін айта кеткен жөн.

Сонымен қата, жалпыға бірдей декларацияны бұған дейін 2025 жылы барлық қазақстандық тапсырады деп жоспарланған. Алайда халық алаңдаушылық білдіргендіктен президент декларацияға қатысты мәселені тағы пысықтауды тапсырды. Бұл пәрменнен кейін елдегі мемлекеттік органдар базасы барынша цифрландырылып, шоттар бойынша дерек алмасу жолға қойылды. Нәтижесінде келер жылы табысы туралы есепті тек жеке кәсіпкерлер, құны 70 миллион теңгеден асатын мүлікті сатып алған мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ өзге мемлекетте мүлкі немесе шетелдік банкте қаржысы бар азаматтар ғана тапсыратын болды.

2025 жылы кәсіп саласына да көп көңіл бөлінбек. Тұтынушылар мен саудагерлер үшін банкаралық QR төлемдер іске қосылады. Яғни, пайдаланушыларға қай банктің қосымшасы болмасын, ортақ жүйеге келтірілген бір терминалда QR код арқылы сауда жасауға мүмкіндік беріледі.

2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы

Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз, – деді президент өз жолдауында.

Мемлекет басшысының айтуынша кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды.

2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын. Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, - делінген жарлықта.

АЭС құрылысы. Электр энергиясы

Қазақстанда АЭС-ті қай ел салатыны 2025 жылы белгілі болады. Шешімді мемлекеттік комиссия қабылдайды. Үкімет осыған дейін АЭС салу мәселесінде 4 ел – Корея, Ресей, Қытай және Франция елдерінің технологияларын зерделеп жатқанын хабарлаған болатын.

2025 жылы Қарағанды облысында алғашқы жел электр станциясы іске қосылады. Нысан 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Пайдалануға берілгеннен кейін қондырғыға қызмет көрсету үшін 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, Теміртауда 500 МВт және Қарқаралы ауданында 200 МВт жел электр станциясын салу жоспарланған.

Қазақстандағы жайлы мектептердің құрылысы

«Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында жүзеге асып жатқан 369 мектептің 163-і ауылдарда, ал 206 білім ошағы қалаларда салынады. 2025 жылы елде 300 оқушыға арнап 68 мектеп, 600 орындық 85, сосын 900 орындық 54 білім ошағы ашылады. Бұдан бөлек 1200 орындық 70 мектеп және 1500 оқушыға арналған 38, 2000 орындық 52 және 2 500 орындық 2 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл мектептердің біразы осы жылы салынып қойды. Ал жылан жылы аталған мектеп құрылысы толық аяқталып, оқушылар игілігіне берілмек.

Ауыл шаруашылығы

2025 жылы негізгі ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді. Санақ екі кезеңге бөлінген. 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде және 2025 жылғы 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында планшет пайдаланып елді мекендерді аралау арқылы. Жоспарланған ауыл шаруашылығы санағы бойынша арнайы комиссия құрылды.

Ауыз су мәселесі

2025 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарының тұрғындарын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Жоспар бойынша жылан жылында елдегі 25 қала мен 1395 ауылдың тұрғындары тиісті қызметтермен қамтылады.

Елдегі интернет желісі қуатты бола түседі

2025 жылдың соңына дейін елдегі барлық облыс орталығында 5 джи желісі орнатылады. Ел президенті бұл тапсырманы толық орындауды және жылдамдық пен сапаға аса мән беруді тапсырды.

Баспана мәселесі. «Наурыз» бағдарламасы

«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы келесі жылдан бастап қолжетімді шарттармен жұмыс істейтін болады. 2025 жылы Отбасы банк осы бағдарлама бойынша бастапқы жарнаны төмендетеді. Бұл азаматтардың қаражатын үнемдеуге және тұрғын үй сатып алуды тиімдірек етуге мүмкіндік береді. Енді таза әрлеудегі пәтерді таңдай отырып, қарыз көлемінің небәрі 10% мөлшерінде, бірақ 2 миллион теңгеден кем емес бастапқы жарнаны депозитке салу жеткілікті болады.

Мәдениет. Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы

Әзірбайжанның Шуша қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері бас қосқан жиында 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып Ақтау қаласы жарияланды. Жылан жылында Ақтау қаласы төрткүл дүниенің ерекше назарында болмақ. Мәдени жыл наурыз айында TURKSOY ұйымына қатысушы елдердің мәдениет министрлері кеңесінің отырысымен және түркі елдері жұлдыздарының гала-концертімен ашылады. Сонымен қатар, Ақтауда классикалық және халық музыкасының концерттері, фото-картина көрмелері, театр труппаларының, музыкалық және би ұжымдары мен түркі әлемінің басқа да өнер өкілдерінің фестивальдері жоспарлануда.

Мерейтойлар

Табалдырықтан енді аттағалы тұрған жылан жылы ел үшін маңызды шараларға толы болғалы тұр. Мәселен, 2025 жылы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Бұл жыл – ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Нұрғиса Тілендиевтің жылы болып жарияланған еді. Нақты айтар болсақ, 2023 жылы Әзірбайжан Республикасының Шуша қаласында ТҮРКСОЙ-дың Тұрақты кеңесінің 40-шы отырысы өткені белгілі. Отырысқа ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің өкілдері қатысқан еді. 

Жылан жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл деген атаулы даталар күтіп тұр. Сондай-ақ, 2025 жылы қазақ даласында туып, өскен өлкесінің дамуына шығармашылық, қайраткерлік сипатымен үлес қосқан бірқатар тұлғалардың мерейтойлары тойланады;

Ұлы қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл,

Этнограф-тарихшы, зерттеуші-ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл,

Жазушы, Совет Одағының Батыры, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл,

Жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 120 жыл,

Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл,

Жазушы, ғалым, Мемлекеттік сыйлық иегері, Қазақстан халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің туғанына 85 жыл,

Қазақстан Мемлекеттік сыйлық және Физули атындағы халықаралық сыйлық иегері, ақын Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл,

Жазушы, әдебиеттанушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл,

Композитор, халық әндерінің орындаушысы, ақын, Қазақстан мәдениетінің еңбек сінірген қайраткері, заманауи қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі, мемлекеттік сыйлық пен марапаттар иегері Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл.

Жылан жылы ел азаматтарын күтіп тұрған оқиғалардың қысқаша тізімі осындай болды. Әрине, келер жылдан күтеріміз көп. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болып, жылан жылы жақсылығымен келсін дегенге тілекшіміз.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға