Жаңалықтар

2025 жылдан бастап таксиге қойылатын талаптар өзгереді

2025 жылдан бастап таксиге қойылатын талаптар өзгереді
Фото: © Pixabay.com 08.12.2023 06:33 688

Осы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі шеңберінде «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына бірқатар түзету енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, таксимен жолаушыларды тасымалдауды жергілікті атқарушы органдардың ресми такси тасымалдаушылары бойынша тізіліміне хабарлама берген жеке тұлғалар жүзеге асыра алады. Соынмен бірге жергілікті атқарушы органдардың ресми такси тасымалдаушылары бойынша тізіліміне енгізілген такси тасымалдаушысына, яғни жеке тұлғаны оның таксиге қойылатын талаптарды сақтауы бойынша бақылау таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшасының операторына (таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметіне) жүктеледі. Аталған түзетулер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды күшіне енетінін айта кеткен орынды.

Бұл түзетулер ең алдымен таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын жеке тұлғалардың заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар жоғарыда көрсетілген нормаларды 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізу мәселесін қарастырып жатыр.

Айта кетерлігі, елімізде Яндекс, Индрайвер, Maxim, Апару, Таппи Такси және таксиге тапсырыс беру бойынша басқа да мобильді қосымшалар жұмыс істейтіні белгілі. Таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшаларының қызметі бәсекелестік ортада әрі Қазақстан Республикасы «Автомобиль көлігі туралы» Заңының және Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің нормаларымен регламенттеледі.

Таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшаларының операторлары таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметі ретінде анықталған. Сондықтан олар жергілікті атқарушы органдарға хабарлама берген тек ресми такси тасымалдаушыларына қызмет көрсетуі керек.

Өз кезегінде, биыл қазан айында көлік және жол қозғалысын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар арасында жолаушыларды заңсыз тасымалдау фактісін жою жөніндегі бірлескен Жол картасы қабылданды. Оның шеңберінде заңнаманың белгіленген талаптарына сәйкестігін тексеру үшін заңсыз тасымалдаушылардың тұрақтарына рейдтік іс-шаралар жүргізу, таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшаларының қызметін бақылауды ретке келтіру, фото және видео фиксация жасайтын камералар арқылы жолаушыларды заңсыз тасымалдауды тұрақты негізде жүзеге асыратын автокөлік құралдарын анықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ көлік құралдары мен олардың жүргізушілерінің жұмысын мониторингтеу үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшаларын интеграциялау мәселесін пысықтау көзделген.

Аталған бағыттағы жұмыс жол картасы шеңберінде уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан одан әрі жалғасатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға