Жаңалықтар

2025-2026 оқу жылына арналған мектеп оқулықтары сараптамадан өтті

2025-2026 оқу жылына арналған мектеп оқулықтары сараптамадан өтті
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 06.01.2025 14:24 405

Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы келесі оқу жылында қолданылатын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптамадан өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік мәліметінше, сараптамада 278 оқулық пен оқу-әдістемелік құрал қаралды, оның 266-сы мақұлданып, пайдалануға ұсынылды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Брайль шрифтімен және жазуы үлкейтілген оқулықтар әзірленді. 4-сыныптар үшін цифрлық сауаттылық, орыс тілі және шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), бейнелеу өнері, еңбекке баулу, жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтар және ұйғыр, өзбек тілдерінде оқытатын мектептерге арналған оқу құралдары бекітілді.

Пәндік сараптама комиссиясында тәжірибелі педагогтер мен ғалымдар жұмыс істеді. Оқу әдебиеттерін бағалау әр басылымды сынақтан өткізу мен талдау нәтижелеріне негізделіп, ғылыми-педагогикалық талаптарға сәйкес жүргізілді. Бекітілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер білім берудің заманауи талаптарына толық сәйкес келіп, оқушылардың табысты оқуына және болашақта қажетті маңызды дағдылар мен білімдерді дамытуға бағытталған, – деп атап өтті министрліктің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Әбдірахманова.

Сондай-ақ айта кету керек, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік құралдар алғаш рет кешенді сараптамадан өтті. Оқу-әдістемелік кешенге әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптері, оқулық, үлестірме және демонстрациялық материалдар мен альбомдар кіреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға