2024 жылы қазақстандықтар қанша күн демалады
2024 жылы мерекелердің басым бөлігі демалыс күндеріне тура келеді, тиісінше қазақстандықтардың қатарынан үш күн демалуға мүмкіндігі бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жыл басталғанда Жаңа жыл мерекесіне орай 1 және 2 қаңтар күндері демалдық. 30 және 31 желтоқсан сенбі мен жексенбіге тура келгендіктен, бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар қатарынан төрт күн демалды.
Осылайша 3, 4 және 5 қаңтар күні жұмыс істеп, сенбі мен жексенбіде қайта демаламыз. 7 қаңтарда тойланатын Рождество мерекесі жексенбіге тура келгендіктен, оған қосымша демалыс күні берілмейді.
Биыл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні жұмаға тура келіп тұр. Тиісінше жұмыс күні бес күнге созылатындар 8, 9 және 10 наурызда демалады.
Ал төл жаңа жылымыз Наурыз 21-23 наурыз аралығында тойланады – бейсенбі, жұма мен сенбі күндері. Сенбідегі мерекелік демалыс дүйсенбіге ауысып, 25 наурызда тағы демалыс күтіп тұр. Жұмыс күні бес күнді құрайтындар 21, 22, 23, 24 және 25 наурызда демалады. Алты күн жұмыс істейтіндер үшін демалыс төрт күнге созылады.
Мамыр да мерекеге толы ай: 1 мамырда – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні, 9 мамыр Жеңіс күні тойланады. Барлық мерекелер аптаның ортасына тура келіп тұр: 1 мамыр – сәрсенбі, 7 мамыр – сейсенбі, 9 мамыр – бейсенбі, яғни дүйсенбі 6 мамырда жұмыс істеп, 7 мамырда демалады, 8-і күні тағы жұмыс істеп, 9 мамырда демалады. 10 мамыр жұма күні жұмысқа шығып, 11-12 мамырда демалады.
Алты күндік жұмыс аптасында 1 мамыр – демалыс, 2, 3, 4 мамыр – жұмыс, 5 мамыр – демалыс, 6 мамыр – жұмыс, 7-сі – демалыс, 8-і – жұмыс, 9-ы – демалыс, 10, 11 мамыр – жұмыс, 12 мамыр – жексенбілік демалыс.
2024 жылы Құрбан айт 16 шілдеге тура келеді. Бұл күнді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі діни басқармамен бірлесіп белгілейді. Бұл күн жексенбі болғандықтан, қосымша демалыс күні берілмейді.
6 шілде – Астана күні мемлекеттік мереке болып саналады. Биыл бұл күн сенбіге түседі, сондықтан 5 күн жұмыс істейтіндердің демалыс күні дүйсенбі – 8 шілдеге ауыстырылады және үш күн қатарынан демалады. Ал 6 күн жұмыс істейтіндер үшін 8 шілде – жұмыс күні.
30 тамыз – Конституция күні. Бұл күн жұма болғандықтан, бес күн жұмыс істейтіндерді қатарынан үш күн демалыс күтіп тұр: 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек. Алты күн жұмыс істейтіндер 30 тамызда демалып, 31 тамызда жұмысқа шығады, 1 қыркүйекте қайта демалады.
25 қазан – Республика күні. Былтырдан бері бұл күн мемлекеттік мереке мәртебесін қайта алып, демалыс беріле бастады. Биыл 25 қазан жұмаға тура келгендіктен, бес күн жұмыс істейтіндер қатарынан үш күн бойы демалады. Алты күн жұмыс істейтіндер 25 қазанда демалып, 26 қазанда жұмыс істейді, 27 қазан – жексенбі.
Ал жыл соңында атап өтілетін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні биыл дүйсенбіге тура келіп тұр. Яғни бес күн жұмыс істейтіндер 14, 15 және 16 желтоқсанда демалады. Жұмыс күні алты күнді құрайтындар 15-16 желтоқсан аралығында демалады.
Осылайша, бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 2024 жылы 117 күн демалады екен. Ал алты күн жұмыс істейтіндер 66 күн демалады.