Жаңалықтар

2024 жылы қазақ спорты несімен есте қалды?

2024 жылы қазақ спорты несімен есте қалды?
Фото: Коллаж El.kz 28.12.2024 11:27 284

2024 жылы қазақ спортында жеңіске жеткенде бөркімізді атып қуанған да, жеңілген кезде әттеген-ай деп қапаланған сәттеріміз де көп болды. Жалпы осы жылы Қазақстанның спорттық тарихында маңызды қадамдар жасалып, ұлттық құрамалар әлемдік деңгейде өздерін танытты. Бұл ретте ұлу жылында еліміздің спорт саласына бір қорытынды жасауды ұйғардық. 

Париж олимпиадасы

Спорт саласындағы биылғы басты оқиға Францияның астанасы Парижде төрінде өткен Олимпиада ойындары болды. 16 күнге созылған спорт додасында 205 ел бақ сынап, 93 елдің өкілі жеңіспен оралды.

Қазақстан құрамасы Париждегі  Олимпиада ойындарын Токиодағы жарыстарға қарағанда сәтті аяқтады. Себебі біздің спортшылар Франция астанасында 7 медаль жеңіп алды. Өйткені 3 жыл бұрын қазақстандық спортшылар Жапонияда тек 8 қола медаль жеңіп алған болатын.

Ел қоржынына жалғыз алтын медальді дзюдошы Елдос Сметов салды. Ол дзюдодан 60 келі салмақта үздік атанды. Сондай-ақ, қазақстандықтар 3 күміс медаль иеленді. Гимнаст Нариман Құрбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80  келі) тұғырдың екінші сатысына көтерілді.

Париж Олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай (50 келі, бокс) және Александра Ле мен Ислам Сәтпаев  (нысана көздеуден аралас командалық жарым) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) иеленді.

Осылайша Қазақстан командасы Парижде (Франция) өткен Олимпиада ойындарында 7 жүлдемен жалпы медальдық есепте 43-ші орынға тұрақтады.

Паралимпиада ойындары

Төрткүл дүниені тік тұрғызып, теледидарға телмірткен 4 жылдықтың басты бәсекесі Париж Олимпиадасынан кейін Паралимпиада ойындары жалауын желбіретті. Ерекше жандар арасындағы дода 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтті. Паралимпиада да еліміздің спортшылары үшін өте сәтті болды.

Қазақстан құрамасы жалпы қорытынды бойынша 39-шы орынға тұрақтады. XVII жазғы Паралимпиада ойындарында топ жарған Қазақстан құрамасының спортшылары:

Алтын:

Давид Дегтярев (пара пауэрлифтинг)

Ақмарал Науатбек (пара дзюдо)

Күміс:

Еркін Ғаббасов (пара оқ ату)

Нұрдәулет Жұмағали (пара жүзу)

Ерғали Шамей (пара дзюдо)

Қола:

Дастан Мұқашбеков (пара жеңіл атлетика)

Даяна Федосова (пара дзюдо)

Зарина Раифова (пара дзюдо)

Жұрқамырза Шүкірбеков (пара дзюдо)

Қазақстан құрамасының еншісінде 2 алтын, 3 күміс, 4 қола бар. Бұл қазақстандық пара-спортшылардың Паралимпиада ойындарындағы ең үздік көрсеткіші.

Айта кету керек, Токио-2020 Паралимпиадасына Қазақстан ұлттық құрамасының 25 спортшысы қатысып, 5 медаль, яғни 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде еліміз жалпыкомандалық есепте 48-ші орыннан көрінді.

Өзбекстандағы футзалдан әлем чемпионаты

14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында футзалдан оныншы әлем чемпионаты Өзбекстанда өтті. Футзалдан Қазақстанның ерлер командасы 1/8 финалында жеңіске жетті. 1/4 ойынында біздің команда Португалиядан келген қазіргі әлем чемпиондарына қарсы ойнап, нәтижесінде Қазақстан әлем чемпионатының ширек финалына шықты.

Көшпенділер ойындары

8-13 қыркүйек күндері Қазақстан астанасында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті.  5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында апта бойы 21 спорт түрінен әртүрлі жарыстар өтті. Дүбірлі додаға 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы барлығы 114 медальды қанжығасына байлады. Оның ішінде 4 алтын, 33 күміс, 37 қола медаль алған еліміз командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Қоржынында 64 медалі бар Қырғызстан (18 алтын, 21 күміс, 25 қола) екінші орын, 34 медалі бар Өзбекстан (11 алтын, 12 күміс, 11 қола) үшінші орынға жайғасты.

Шахмат олимпиадасы

2024 жылы шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапеште өткен 45-ші шахмат олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды. Әйелдер сайысында қазақстандық қыздар 8-турда турнир кестесінде шамалас тұрған Францияны (2355, №13) 2,5-1,5 есебімен жеңді. Атап айтқанда, Бибісара Асаубаева мен Алуа Нұрман қарсыласынан басым түссе, Әмина Қайырбекова тең ойнады. Тек Меруерт Камалиденова жеңіліссіз келе жатқан Миллиет Софиеге шамасы жетпеді.

Ал ерлер арасында біздің шахматшылар Бангладеш құрамасын 3:1 есебімен ұтты. Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейменов жеңіске жетсе, Денис Махнев пен Алдияр Аңсат тең түсті.

15 қыркүйекте Будапештте (Венгрия) 45-ші шахмат олимпиадасының бесінші раунды өтті, онда Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістан командасымен кездесті. Жасөспірімдер арасында fide рейтингінде екінші орын алған қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева fide әйелдер рейтингінде 11-ші орын алған Харика Дронаваллиді жеңді.

Сондай-ақ 2024 жылы Халықаралық шахмат федерациясы өзінің 100 жылдығын атап өтуде. Соның құрметіне апталық Swiss Queens Wednesday турнирі ұйымдастырылады. Жұлдыздардың осы жолғы турнирінде отандық шахматшы Бибісара Асаубаева 9½ ұпаймен топ жарды.

Бұдан өзге Словенияда жастар арасында рапид және блиц бойынша әлем чемпионатында Қазақстан жас шахматшылары блиц турнирінде керемет нәтижеге қол жеткізді – 4 медаль, соның ішінде 2 алтын, 1 күміс және 1 қола еншіледі.

Шайбалы хоккей

9 қарашада хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. «Халық аренада» өткен шешуші матчта отандастарымыз жапондық құраманы 5:1 есебімен ұтты. Бұл 2024 жылғы Азия чемпионатының соңғы матчы болды.

Осылайша Қазақстан құрамасы хоккейден алғашқы Азия чемпионатында үздік атанды. Бірақ жанкүйерлер Оңтүстік Корея командасынан 1:4 есебімен ұтылып, Қазақстан құрамасы бұл жарысты қалай сәтсіз бастағанын біледі. Алайда, содан соң біздің жігіттер Қытай хоккейшілерін 6: 1 есебімен ойсырата ұтты.

Бұдан өзге шайбалы хоккейден Қазақстан жастар құрамасы (U20) әлем чемпионатының алдында өткен соңғы дайындық матчында ірі есеппен жеңіске жетті.

Қазақстандықтар Канадада жергілікті «Хоксбери Хокс» жастар құрамасымен кездесті. Отандастарымыз 8:1 есебімен жеңіске жетті. Жеңімпаздар сапында Кирилл Ляпунов (16, 30 минуттар) пен Әділ Бейсембаев (19, 24 минуттар) дубль жасады. Сонымен қатар Никита Ситников (35), Семен Симонов (46), Артур Гросс (48) және Асанәлі Русланұлы (52) бір-бір шайбадан соқты. Ең нәтижелі ойыншы Ляпунов болды. Ол екі шайба соғып қана қоймай, үш нәтижелі пас берді.

UFC-дегі жеңістер

Бүгінде әлемдегі ең танымал лига саналатын UFC-де өнер көрсетіп, жетістіктерімен отандастарының қошеметіне бөленген Асу Алмабаев, Дамир Исмағұлов, Жалғас Жұмағұлов, Азат Мақсым, Мария Агапова тағы басқа саңылақтарымыз бар. Ал олардың ішінде Шавхат Рахмоновтың шоқтығы биік болып тұр.

8 желтоқсан күні қазақстандық UFC боксшысы Шавкат Рахмонов (19-0) жеңіске жетті. Ол Лас-Вегаста (АҚШ, Невада) бұрын 15 мәрте қарсыластарынан басым түсіп, жеңіліс көрмеген ирландиялық Ян Гарриді жеңді. Жекпе-жек тартысты өтті. Бірақ қазақстандық спортшы UFC-тің мықты жауынгері екенін дәлелдеді.

Наурыз айында АҚШ-тың Майами қаласында UFC 299 өткен турнирінде қазақстандық спортшы Асу Алмабаев америкалық Си Джей Вергарамен жекпе-жекке шығып, қарсыласын 30:27 есебімен ұтты. Үш төрешінің үшеуі де бірауыздан Алмабаевты жеңімпаз деп таныды — 30:27. Бұл – 30 жастағы Асу Алмабаевтың UFC-дегі екінші жекпе-жегі.

Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты

Катар астанасы Дохада ауыр атлетикадан жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Барлығы 12 алтын медаль иеленген Қазақстан жастары командалық есепте бірінші орын алды.

Жастар арасында медальдар кестесі: Қазақстан – 12 алтын, 9 күміс, 12 қола (барлығы 33 медаль);

Жасөспірімдер арасындағы медальдар кестесі: Қазақстан – 8 алтын, 4 күміс, 9 қола (21 медаль).

Жаңа министр

Туризм және спорт министрі болып Ербол Мырзабосынов тағайындалды. Бұған дейін депутаттар Мырзабосыновтың кандидатурасын мақұлдаған болатын. Ол бұл қызметке 31 тамызда министр қызметінен босатылған Ермек Маржықпаевтың орнына келді.

Головкин елге оралды

Даңқты кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті болып сайланды. Ол бұл қызметте ұйымды 2015 жылдан бері басқарған Тимур Құлыбаевты алмастырып отыр. Комитеттің кезектен тыс отырысында Бас ассамблея мүшелері Геннадий Головкиннің кандидатурасын бір ауыздан қолдады. Айта кетелік, еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитеті 1990 жылы құрылған. Ол Қазақстанның Олимпиада ойындарындағы құрама командасын жасақтап, реттейтін ұйым. Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиадалық комитет Президенті қызметін алдағы 4 жыл бойы атқаратын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға