2024 жылы отандық фармацевтикалық өнімді өндіру көлемі 22%-ға өсті
![2024 жылы отандық фармацевтикалық өнімді өндіру көлемі 22%-ға өсті 2024 жылы отандық фармацевтикалық өнімді өндіру көлемі 22%-ға өсті](/storage/storage/element/2025/02/12/mainphoto/142196/1200xauto_m8mBEIWMI95l6x0FL8N1D6lFPuZJ7tQkzPppo7dE.jpg)
Қазақстанда өткен жылы отандық фармацевтикалық өнімді өндірудің үлесі 22%-ға, 171,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте соңғы 7 жылдың ішінде фармацевтика саласына тартылған инвестициялардың көлемі 9,5 есеге ұлғайды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Алматыдағы ІІ Қазақстандық фармацевтикалық форумда айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ДСМ мәліметінше, дәрілік заттардың отандық өндірісін дамыту және олардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты кеңейту, инвестицияларды тарту, технологиялар трансферті және елдер аумағында өндірісті оқшаулауға жаңа әзірлемелер бойынша шаралар көзделеді.
Дәстүрге айналған кезекті қазақстандық фармацевтикалық форум мхемлекет пен инвесторлар үшін денсаулық сақтау саласына инвестициялар тартуға жағдай жасауға және еліміздің фарминдустриясын дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған өзара қолайлы шешімдерді әзірлеудің пәрменді тетіктерінің бірі болып табылады, - деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.
Форумның жұмысына реттеуші органдардың, фармацевтикалық секторға қызмет көрсететін жетекші халықаралық және жергілікті фармацевтикалық компаниялардың 200-ден астам өкілі, «СҚ-Фармация» ірі кәсіпорындарының, «QazBioPharm» ҰХ, Қазақстанның халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының басшылары қатысады.
Форумның алаңында Қазақстан Республикасының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйелері мен фармацевтика саласын дамыту, сондай-ақ «жалғыз терезе» шеңберінде дәрілік заттар нарығына шығу процестерінің реинжинирингі мәселелері талқыланды.
ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитетінің өкілдері дәрілік заттарды таңбалауды енгізу нәтижелері, жеткізу тізбегінің ашықтығына және халық үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне әсері туралы ақпаратты ұсынды. Фармацевтикалық қызметтің басым бағыттарымен қатар форумның жұмысында ББҚ, оның ішінде импорттық өнім айналымын мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша өзекті мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ Қазақстанда дәрі-дәрмектерді ілгерілетуде диджитал-шешімдерді қолдану тақырыбы ерекше қызығушылық тудырды, Қазақстанның фармацевтикалық нарығында баға белгілеу мәселелері көтерілді, дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етудегі реттеуші талаптарды үйлестіру, ұлттық және ЕАЭО стандарттарын тиімді интеграциялау үшін жағдайлар жасалды, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін қалыптастыру қағидаттары туралы ақпарат ұсынылды.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)