Жаңалықтар

2024 жылы ғылымды дамытуға 240 миллиард теңге бөлінеді

2024 жылы ғылымды дамытуға 240 миллиард теңге бөлінеді
Фото: Жеке мұрағат 12.04.2023 18:20 3103

"Қазақстанда ғылымға көңіл бөлінбейді, ғылым саласы кенжелеп қалды" деген сын жиі айтылады. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі бүгінгі Ғылым күні қарсаңында Алматы Менеджмент Университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арынқызынан ғылым саласындағы жетістіктер мен кенже қалған тұстары туралы пікірін сұраған еді.

Әсел Арынқызының айтуынша, соңғы екі жылда ғылыми зерттеу жүргізуге бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай өсіп, саланы жандандыру үшін бірқатар жақсы реформалар енгізілген. Мәселен, 2022 жылы бюджеттен 59 миллиард теңге, 2023 жылы 168 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 240 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Докторантурада оқуға бөлінетін гранттар саны өсті. Үздік ғылыми қызметкер сыйлығы тағайындалды.

Әсіресе ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржының өсуі болашақта жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Оның ішінде "жас ғалым" атты жас зерттеушілерге арналған жеке-дара сайыстың енгізілуі де жақсы бастама. Бірақ бұл бастамалар соңғы бір-екі жылда ғана енгізілгендіктен нәтижесін бірден көре алмаймыз. Себебі жақсы нәтижелердің болуын тежейтін бірнеше фактор бар. Мәселен қаржы болғанмен сол қаржыны тиімді игеріп, сапалы әрі өзекті зерттеулер жүргізе алатын кәсіби зерттеушілер жоқтың қасы, – дейді Әсел Арынқызы.

Қазақстанда ғылыми зерттеу тек үкімет тарапынан қаржыланады. Ал жеке компаниялар тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Шетелде ғылыми зерттеуге деген басты тапсырыс бизнес яғни, ірі компаниялар тарапынын түседі. Сондықтан зерттеулердің барлығы өзекті болғандықтан бірден өндірісте енгізіледі. Бүгінде мемлекет жастардың ғылымға деген қызығушылын арттыруды назарға алып отыр. Алайда сарапшының сөзінше жастардың қызығушылығы тым төмен көрінеді.

Оның бірнеше себебі де бар екен. Біріншіден, салада көп жылдар бойы қаржыландыру төмен болғандықтан жас мамандардың зерттеумен айналысуға құлшынысы жоқ. Екіншіден, қазақстандық жоғары оқу орындарында PhD докторантура мен магистратураға түсетін студенттер саны күрт азайып кеткен. Әсіресе PhD докторантураға кейбір мамандық бойынша мемлекеттік гранттар саны талапкерлерден көп болып, игерілмей қалған гранттар мемлекетке қайтарылған. Жалпы докторантурада оқитындардың тек 25 пайызға жуығы ғана оқуын аяқтап, диссертациясын қорғап, PhD докторы дәрежесіне ие болады. Оған басты себеп докторлық дәрежені беру талаптары тым жиі өзгеріп әрі қиындай беруі.

Әсел Арынқызы ғылым саласын дамытудың бір жолы – университеттер мен ғылыми зерттеу институттары бірлесіп жұмыс істеу қажет деп есептейді. Бұған қоса ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерциализациялауға жағдай жасау керек.

Біздің AlmaU-да технологияларды коммерциализациялау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың қызметі бизнес пен зерттеушілерді біріктіру. Зерттеушілердің ғылыми нәтижелерін бизнестің сұранысына сай сәйкестендірген дұрыс. Ашығын айтқанда, қазір мемлекеттен қаржыландырылатын зерттеулердің нәтижесі қағаз бетінде ғана қалып, нақты бизнестің, өндірістің сұранысына жауап бермейді. Сондықтан біз бизнеске және өндіріске қажетті, өзекті зерттеулерді жүргізу мақсатында осы орталықты ашып отырмыз. Жақында Industry Advisory Board Forum яғни, ғылым мен бизнес интеграциясы бойынша форум өткіздік. Осы форумда коммерциализация бойынша ғылыми университеттердің альянсын құрдық. Бұл бастамамызға Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсетті, – деді Алматы Менеджмент Университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арынқызы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға