Жаңалықтар

2024 жылы 413 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

2024 жылы 413 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
Фото: ©El.kz/Артем Чурсинов 17.01.2025 10:13 126

2024 жылдың қорытындысы бойынша 78,1 мың отбасындағы 413,7 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Осы мақсатқа бюджеттен 39,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ЕХӘҚМ мәліметінше, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 129,5 мың балаға 5,4 млрд. теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың медиандық кірісінен айқындалады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп Отбасының цифрлық картасының деректері бойынша тоқсан сайынғы медиандық кіріс мөлшеріне есептеулер жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша кедейлік шегі медиандық кірістің 35% деңгейінде, бірақ қазіргі деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде айқындалған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға