Жаңалықтар

2024 жылғы атаулы күндер

2024 жылғы атаулы күндер
Фото: Коллаж El.kz 04.01.2024 13:09 6123

Осы жылы әртүрлі салада танылған тұлғалардың мерейтойы тойланады. Олардың қатарында «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 күйі мен әні» жинақтарын шығарған Затаевич, қазақтың үш бәйтерегі, танымал суретші Қастеев бар.

Александр Затаевичтiң туғанына – 155 жыл

Қазақстанның халық әртiсi, музыка зерттеушiсi, атақты композитор Александр Затаевич 1869 жылы өмiрге келген. Ол алғаш рет қазақ халық музыкасымен 1920 жылдың басында Орынборда жүргенде танысады. Содан бастап, көптеген мекемелердi, оқу орындарын аралап ән жазған. Жайық, Сыр, Ертiс өзендерiнiң бойын, далаларды аралап қазақтың естен шыға бастаған, қағазға түспеген ән-күйлерiн нотаға түсiрген.

Кенен Әзiрбаевтың туғанына – 140 жыл

Ол  1884 жылы қазiргi Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтiбұлақ ауылында дүниеге келген. Кенен Әзiрбаев 200-ге жуық лирикалық, дидактикалық арнау мен толғауларды жазған. Халық арасына «Бозторғай», «Көкшолақ» әндерiмен кеңiнен танылған. 

Жүсiпбек Аймауытұлының туғанына – 135 жыл

Жүсiпбек Аймауытов 1889 жылы дүниеге келген. Ол қазақтың көрнектi жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетiн қалыптастырушылардың бiрi. «Қартқожа», «Күнекейдiң жазығы», «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесалары, «Комплекстi оқыту жолдары», «Жан жүйесi», «Өнер таңдау», «Мағжанның ақындығы туралы» еңбектерi бар.

Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына – 145 жыл

Мұхамеджан Тынышбаев – темiржолшы, ағартушы-ғалым, саяси-қоғам қайраткерi, Алашорда қозғалысын құрушылардың бiрi және Алашорда үкiметi төрағасының орынбасары, Түркiстан автономиясының премьер-министрi.  Ол 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысында (қазір Алматы облысы Қабанбай ауданы) дүниеге келген.

Сәкен Сейфуллиннiң туғанына  – 130 жыл

Ақын, жазушы, драматург, бiлiктi ұстаз, мемлекеттiк қайраткерi, Қазақстанның қазақ әдебиетiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi Сәкен Сейфуллин 1894 жылы дүниеге келген. Ол Қазақ КСР-ның Халық Комиссарлары Кеңесiнiң алғашқы төрағасы болған. 1927 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы тұңғыш рет Қызылорда қаласында араб қарпімен, ал екінші басылымы 1936 жылы латын қарпімен
басылып шығады. 1927 жылы «Жер қазғандар» повесін жарыққа шығарды.
Оның жаңа дәуір құруға шақырған «Асау тұлпар» (1922 ж.) өлеңдер жинағы, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» (1922 ж.) атты пьесалары, «Домбыра»  (1924 ж.), «Экспресс» (1926 ж.), «Тұрмыс толқынында» (1928 ж.), «Көкшетау» (1929 ж.) атты поэзиялық жинақтары жарық көрген.

Iлияс Жансүгiровтiң туғанына – 130 жыл

Iлияс Жансүгiров – ақын, драмашы, прозашы, қазақ әдебиетiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйшi», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемдi поэма қазақ поэзиясының iнжу маржаны болып табылады.

Бейiмбет Майлиннiң туғанына – 130 жыл

«Үш бәйтеректiң» бiрi қазақтың көрнектi жазушысы Бейiмбет Майлин 1894 жылы туған. Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Ғабит Мүсіреповпен бірге «Амангелді» фильмінің сценарийін жазған.

Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл

Қаныш Сәтбаев 1899 жылы Баянауыл ауданы, Павлодар облысында туған.  Ол геолог ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президентi, Қазақ КСР академиясының академигi, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебiнiң негiзiн қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик.

Әбiлхан Қастеевтiң туғанына – 120 жыл

Қазақтың әйгiлi кескiндемешiсi, график суретшiсi, қазақ бейнелеу өнерiнiң негiзiн салушы Әбiлхан Қастеев Алматы облысына қарасты Жаркент қаласының жанындағы Шежiн ауылында туған. 1942 жылы Қазақстанның еңбек сiңiрген өнер қайраткерi, 1944 жылы Қазақстанның халық суретшiсi болды.

Әлкей Марғұланның туғанына – 120 жыл

Әлке Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Ақпетi болысында (қазiргi Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) дүниеге келген.  Қазақстан археология мектебiнiң негiзiн салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, әдебитетану, өнертану бойынша көрнектi қайраткер. Ол филология ғылымдарының докторы, Бүкiлодақтық География қоғамының толық мүшесi, Қазақ ССР ҒА академигi, профессор, Казақ ССР ғылымының еңбек сiңiрген қызметкерi.

Шәкен Аймановтың туғанына – 110 жыл

Шәкен Айманов 1914 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында дүниеге келген. Шәкен Айманов 1933 жылдан бастап қазiргi Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында жұмыс iстеп, жүзден астам рөлдi сомдайды. Олардың iшiнде Петруччио («Асауға тұсау»), Хлестаков («Ревизор»), Қодар («Қозы Көрпеш – Баян Сұлу») және басқа да көптеген образ бар. Театрда бiрнеше спектакль жүз реттен қойылды. Шәкен Айманов өмірінде 14 фильм түсiрiп, жиырмадан астам кейiпкердiң рөлiн сомдаған.

Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданы Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. Ол Берлиндегi Рейхстагқа жеңiс туын тiккен қазақ азаматы, Халық Қаһарманы. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы қазанда Фрунзедегi (Бiшкек) жаяу әскер училищесiн бiтiрген. 1944 жылы  қазан айынан бастап I Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлерiндегi ұрыстарға қатынасты. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезiнде асқан ерлiк көрсеттi. 30 сәуiрде ол жауынгер Григорий Булатов екеуi Кеңес әскерлерi арасынан Рейхстагқа алдымен жетiп, жеңiс туын тiктi.

Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл

Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген.  Ол 1942 жылы 18 желтоқсанында аудандық әскери комиссариаттың жолдамасымен Мәскеудегi мерген қыздарды даярлайтын орталық мектепке түскен. Әскери мектептi үздiк бiтiрген Әлия өз өтiнiшi бойынша 17 жасында 1943 жылдың тамыз айында майданға аттанып, екiншi Балтық жағалауы флотының 22 әскери тобы 54 атқыштар тобының бригадасы құрамында болады. Ол 1944 жылдың 14 қаңтарда Псков облысының солтүстiгiндегi Новосокольники ауданы Казалиха деревнясы үшiн болған соғыста фашист офицерiнiң қолынан қаза тапты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға