Жаңалықтар

2024 жылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері марапатталды

2024 жылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері марапатталды
Фото: «Алтын тұғыр» 20.12.2024 22:20 907

Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында ұлттық спорт түрлері бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде табыс етілетін «Алтын тұғыр-2024» сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен осымен он бірінші рет өткізілген іс-шарада ұлттық спортты ұлықтап жүрген үздіктерге арнайы мүсінше мен ақшалай сыйақы табысталды.

Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерін жамытуға ерекше қолдау көрсетіп отыр. Соның бір айқын дәлелі ­- 8-13 қыркүйек күндері Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Байрақты бәсекенің басталуында сөз сөйлеген президент көшпенділер ойындарын ұлттық спорт бойынша өтетін олимпиада деген еді. Сол бәсекеде біздің құрама 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медаль иеленіп, жалпы есепте бірінші орынға тұрақтады. 2014 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 19 ел ғана қатысса, биыл бұл көрсеткіш 90 мемлекетке жуықтап, 2 500-ге жуық спортшы жүлдеге таласты, — деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

11 номинация бойынша анықталған кіл мықтыларды марапаттау рәсімін Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастап, өз құттықтауын жеткізді.

Ұлттық спорт дегеніміз — ұлттық құндылық. Ата-бабамыздан бізге жеткен дәстүр. Үлкен мұра, асыл қазынамыз. Біз бұны келер ұрпаққа қаз-қалпында табыстауымыз керек. Сол істі жүзеге асырып жатқан нағыз жанашырлар мен жанкүйерлер бүгін осында жиналды. Ұлттық спортты алға сүйреп жүрген азаматтарға ерекше алғыс айтамын. Біздің ұлттық спорт соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Бұл ең бірінші президенттің қолдауының арқасы. Мемлекет басшысы ұлттық спортқа ерекше қамқорлық танытып, қаржы жағынан болсын, инфрақұрылым жағынан болсын қолдау беруде, — деді Ерлан Қошанов.

«Алтын тұғыр-2024» сыйлығының «Дәстүрлі садақ ату» номинациясын қазақ еліне тарихи жеңіс сыйлаған Айкөркем Батихан иеленді.

Ыстамбұлда өткен «Фетих купасы» халықаралық турнирінде алтыннан алқа тақтым. Бұл жарыс 12 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол халықаралық турнирде қазақ спортшылары бірінші орын алды. Сол алтынды мен әкеліп бердім. Сонымен қатар, көшпенділер ойындарында күміс пен қола жүлдені еншіледім. Сол екі үлкен жетістігім үшін үздіктер қатарынан көрініп отырмын деп ойлаймын, — деді мерген қыз.

Сән-салтанатымен өткен әдемі кеште ұлттық спорттың туын көтеріп жүрген ұл-қыздар марапатталып, көңілді концертке ұласты. 

Биылғы 11 номинация бойынша «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері:

 «Көкпар» номинациясы бойынша — Абылайхан Нышанбеков (ең көп 34 салым салған);

«Бәйге» номинациясы бойынша — Амангелді Хамза;

«Тоғызқұмалақ» номинациясы бойынша — Салтанат Сапарбекова (екі дүркін әлем чемпионы), Қожанәсіп Асылхан (әлем чемпионы);

«Құсбегі» номинациясы бойынша — Ерасыл Серікбекұлы, Бексұлтан Сейітжан, Иманғали Абдулкәрімұлы;

«Аударыспақ» номинациясы бойынша — Сырым Ізбасаров (Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екі дүркін чемпионы);

«Жамбы ату» номинациясы бойынша — Ақәділ Пернебай;

«Теңге ілу» номинациясы бойынша — Рахат Қомбаров (Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы);

«Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша — Жәнібек Қылмырзаев, Айкөркем Батихан;

«Асық ату» номинациясы бойынша — Камила Даниярова, Нұрғиса Молжігітов;

 «JORYQ» номинациясы бойынша — Алматы қаласының «Алатау» командасы;

Ақпараттық әріптес номинациясы бойынша —  Qazsport телеарнасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға