2024 жылдың ең атышулы сот үкімдері
2024 жылы елімізде бірнеше маңызды сот процестері өтіп, қоғамдық резонанс тудырғандар сотталды. Атап айтқанда, ірі жемқорлыққа, алаяқтыққа, және адам құқықтарын бұзу іс-әрекеттеріне қатысты айыпталғандар сот залынан қолына кісен салынып шықты. Осы ретте ұлу жылында қоғамдық сипат алып, сот үкімі шыққан процестерді қорытындыламақпыз.
Қуандық Бишімбаев – 24 жыл
Биыл көктемде «Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді» деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен осы қылмысты жасырған оның туысы Бақытжан Байжановқа үкім шықты.
Астанадағы ауданаралық қылмыстық сот бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа 24 жылға түрме жазасына кесті. Ал «қылмысты жасырды» деп айыпталған Бақытжан Байжановты 4 жылға соттады.
Арыстанбек Мұхамедиұлы – 11 жыл
Негізі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылы жазда 8 жылға сотталған еді. Биыл ақпанда жазасы тағы көбейді.Сот үкімімен экс-министрдің жазасы 11 жылға көбейді. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды. Оған «Алтын адамның шеруі» көрмесін өткізу кезінде ұрлық жасады және билігін асыра пайдаланды, Астанадағы «Дипломат» қонақ үйін сатып алуға қатысты рейдерлік әрекет жасады деген айып тағылды.
Гүлмира Сатыбалды – 12 жыл
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қайрат Сатыбалдының экс-жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты үкім шығарды. Сот шешімі бойынша Гүлмира Сатыбалды 12 жылға, оның көмекшісі Мәди Батыршаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің бірқатар бабы бойынша айып тағылды: адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, бопсалау.
Нұрасыл Болат – 1 жыл 5 ай
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлдарының бірі Нұрасыл Болат 2023 жылы Алматыда ерлі-зайыптыларға шабуыл жасағаны үшін әскери сот шешімімен айыппұл салынды. Алайда, 2024 жылдың мамырында Жоғарғы сот үкімді қайта қарап, Нұрасыл Болатқа 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда 14 тамызға қараған түні куәгерлер Нұрасыл Болатты түн ортасында Алматы көшелерінде байқады, осылайша ол бас бостандығын шектеу шарттарын бұзады.
2024 жылдың 22 қазанда Жоғарғы Сот Нұрасыл Болат пробациялық бақылауды 3 рет бұзғанын атап өтті. Сот шешімі бойынша бас бостандығын шектеу түріндегі жаза 1 жыл 5 ай 10 күн өтелмеген мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.
Олжас Ағабеков – 9 жыл
2024 жылғы 2 тамызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» басқармасының бұрынғы төрағасы Олжас Ағабековке қатысты үкім шығарып, 9 жылға соттады. Оған ірі мөлшерде пара алды, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылған.
Мақсұт Исақов – 8 жыл
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мақсұт Исақов 8 жыл 5 айға сотталды. Сот оны ұлттық қауіпсіздік департаментінің бірінші орынбасарына 200 мың АҚШ долларын пара ретінде беруге оқталғаны үшін айыпты деп таныды. Шенеунік қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік сатып алуға байланысты қозғалған қылмыстық істі қысқарту үшін осындай әрекетке барған. Айыпталушының кінәсі куәгерлердің сөзімен, сот сараптамасының қорытындысымен және өзге де айғақтармен дәлелін тапты.
Ерлан Тұрғымбаев – 5 жыл
Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 5 жылға шартты түрде сотталды. Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы Ішкі істер министріне осындай үкім кесті. Тұрғымбаев ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша кінәлі деп танылды. «Құпия» санатындағы іс кінәні мойындау түріндегі процессуалдық келісіммен келіп түскен.
Сондықтан оны қарау бітімгершілік іс жүргізу тәртібімен жабық тәртіпте өтті. Прокурор экс-министрді 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ сот пробациялық бақылаумен шартты түрде жаза тағайындады және 10 жылға белгілі бір лауазымды атқаруға тыйым салды.
Данияр Өтемұратов – 5 жыл
Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Данияр Өтемұратовтың үкімін өзгертті. 2024 жылдың ақпан айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы оны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарған еді. Прокурордың апелляциялық шағымы негізінде іс қайта қаралып, 5 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтеуге ауыстырылды.
Данияр Өтемұратов сот залында қамауға алынды. 2023 жылғы 13 қарашадан 2024 жылғы 2 ақпанға дейін қамауда ұстау уақыты жазаны өтеу мерзіміне, қамаудағы бір күні жазаны өтеудің 1,5 күні ретінде есептеледі.
«Жүрсіннің жүйрігі» болған атақты айтыскер алты жылға сотталды
Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар 6 жыл, 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ол мұражай мамандары мен басқа да ғалымдардың мақалалар жинағын шығару бойынша орындалмаған жұмыстары үшін заңсыз аудару арқылы 2,3 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Әнуар Омаров кезінде айтыскер ретінде көпшілікке кеңінен танылған. Ол кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке ауысып, Ұлытау ауданының әкімі болып екі рет тағайындалған. Кейін Сәтбаев қаласының әкімі болып, Ұлытау облысы жаңадан құрылған соң басқарма басшысы лауазымына қызметке кірісті.
Мұхтар Ахмедов – 8 жыл
Атыраудағы «Дина» базары алдында кісі қолынан қаза тапқан Амандық Сағынғалиевтың ісіне қатысты үкім шықты.
Марқұм Амандық Сағынғалиев Қызылқоға ауданы Қарабау ауылынан қаланың ірі сауда орнына келіп, «ГАЗель» көлігін тұраққа қойып жатқанда байқаусызда «Mercedes-Benz» көлігінің есігін сырып кетті. Көлік иесі Мұхтар Ахмедов оны соққыға жықты. Есінен танып қалған азамат ауруханаға жеткізіліп, бес күннен кейін алған жарақатынан көз жұмған.
Азамат 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 39 жастағы айыпталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ марқұмның жары мен баласына 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.