Жаңалықтар

2023 жылы отандық спортшылар қандай жетістіктерге жетті?

2023 жылы отандық спортшылар қандай жетістіктерге жетті?
Фото: © Getty IMAGES 29.12.2023 17:46 2218

2023 жыл Қазақстан үшін жемісті де жеңісті жыл болды. Қай саланы жеке дара алып қарасаң да, ауыз толтырып айтарлықтай жетістік бар. Солардың бірі ол – cпорт. Биыл спортшылар жанкүйерлеріне көп эмоция мен ұмытылмас сәттер сыйлады. El.kz ақпараттық агенттігі 2023 жылы отандық спортшылардың жеңістерін назарларыңызға ұсынады.

 

Ризабек Айтмұхан

2023 жылдың басты жаңалықтарының біріне айналған – Ризабек Айтмұхан. Ол өз есімін Қазақстан тарихында қалдырды. Себебі, Ризабек – биыл Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында алтын жүлде иеленіп, еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық спортшы болды. Балуан сенсация жасады. Ақтық сында әзербайжандық Осман Нұрмағомедовпен белдескен ол 5:2 есебімен басым түскен болатын.

 

Шавкат Рахмонов

17 желтоқсан күні кезекті әрі жылдың соңғы жекпе-жегін өткізген UFC файтері Шавкат Рахмонов өз салмақ дәрежесінде рейтингте 3-орынға жоғарылады. Ол Лас-Вегас қаласында өткен кеште Стивен Томпсонды 2-раундта қылқындыру әдісімен жеңді. Осы орайда айту кету керек, отандасымыз сегізбұрыштағы алтыншы жекпе-жегін де мерзімінен бұрын аяқтап отыр. Бұл өз кезегінде UFC тарихындағы үздік нәтиже.

 

Жәнібек Әлімханұлы

15 қазанда орта салмақтағы кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF белбеуінің иегері германиялық Винченцо Гуальтеримен жұдырықтасты. Жекпе-жек АҚШ-тың Розенберг қаласында өтті. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек 6-раундта Әлімханұлының жеңісімен аяқталды.

 

Елена Рыбакина

Елена Рыбакина теннистен WTA 1000 сериясында жеңіске жетті. Биыл 20 наурызда өткен Индиан-Уэлсте өткен турнирдің финалында Елена Беларусь теннисшісі Арина Соболенкоға қарсы ойын өткізіп, қарсыласын тізе бүктірді. Осылайша Рыбакина WTA 1000 сериясының турнирінде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық спортшы атанды.

 

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы

Келесі жылы Германияда өтетін Еуро-2024 ойындарына іріктеу кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасы төбе көрсетті. Соңғы турға дейін жолдама алу мүмкіндігін сақтап келіп, ақтық ойында Словения құрамасына есе жіберді. Бес ойын қорытындысы бойынша 18 ұпай жинаған Қазақстан 4-орынға табан тіреді. Алайда ұлттық құраманың әлі де Германияға баруға мүмкіндігі бар. Ол үшін Ұлттар лигасы аясында өтетін ойындарда жеңіске жетуі керек.

Айта кетейік, алғашқы ойын 22 наурызда Грекия құрамасына қарсы өтеді.

 

Азия ойындары

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғаған спортшылар 80 медаль жеңіп, жалпы жүлде саны бойынша 5-орынға тұрақтады. Оның ішінде 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль бар.

 

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы

Келесі жылы көршілес Өзбекстан мемлекетінде өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңіне футзалдан Қазақстан құрамасы А тобында сынға түсті. Іріктеу кезеңінің 6 ойынында жеңілмеген Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына жолдама алып қана қоймай, сонымен қатар Еуропадағы үздік команда атанды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға