2023 жылы мемлекетке 4,6 млн гектар жер қайтарылды
Биылғы 11 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,2 трлн теңге болды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
16,6 млн тонна дәнді дақылдар, 2,1 млн тонна майлы дақылдар және 5 млн жем-шөп дақылдары жиналды.
Қазақстанның мал шаруашылығы саласы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Өнім өндіру көлемі 3,3%-ға артып, 3,8 трлн теңгені құрады.
Азық-түлік өндірісінің көлемі 1,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы «Ауыл аманаты» атты ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын ауқымды түрде іске асыру басталды. 2023 жылы бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді.
Пайдаланылмай жатқан және заңнама талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыс жалғасуда. 2023 жылы мемлекетке 4,6 млн га, ал 2022 жылдың басынан бері 10 млн га қайтарылды.
2023 жылдың басынан бастап отандық АӨК-те 164,5 млрд теңгеге 207 инвестициялық жоба іске қосылды.
Қостанай облысында түрік компаниясы тәулігіне 1 000 тоннаға дейін бұршақ дақылдары өндірісінің толық циклі жобасын іске асырды.
Солтүстік Қазақстан облысында 4-ші буынға жататын жаңа инновациялық жылыжай іске қосылды, онда жылына 3 мың тоннаға жуық қызанақ, қияр және салат жинау жоспарланып отыр.
Ақмола облысында швейцариялық Buhler концернімен бірлестікте құны 2,5 млрд теңгеден асатын глютенсіз сұлы үлпегі өндірісі бойынша жоба іске асырылды.
Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға барлық көздерден шамамен 500 млрд теңге бөлінді.
Биылғы ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет отандық фермерлерге қосымша қолдау көрсету жөнінде бірқатар шараларды қабылдады.