Жаңалықтар

2023 жылы маңызды мәдени іс-шара ТҮРКСОЙ аясында аталып өтеді

2023 жылы маңызды мәдени іс-шара ТҮРКСОЙ аясында аталып өтеді
Фото: gov.kz 20.12.2022 19:03 1668

Бүгін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесу өткізді. Тараптар биылғы жылы бірлесіп атқарған жұмыстардың қорытындысын талқылап, келесі жылға арналған іс-шаралар жоспарын қарастырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан тарапының ұсынысымен 2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ аясында театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдығы, жазушы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы, қазақ ақыны, әдебиеттанушы, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы түркі тілдес елдерде кеңінен аталып өтетін болады.

«ТҮРКСОЙ ықпалымен түркі әлемінің ынтымақтастығы сапалы жаңа деңгейге көтерілуде. Тарихи-мәдени мұраны сақтауға маңызды мән беріліп отыр. 2023 жылы Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) құрылғанына 30 жыл толатынын білеміз. Мерейтой жылы барлық бағыттар бойынша жұмысты одан әрі жандандырып, бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, 2023 жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай ТҮРКСОЙ қолдауымен фильм шығару және оны ұйымға мүше мемлекеттер аумағында көрсету жоспарланған.

Өз кезегінде Сұлтан Раев Ұйым аясындағы белсенді жұмысы үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді және мерейтойларды жоғары деңгейде өткізу ТҮРКСОЙ мемлекеттері арасындағы байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға