2023 жыл: Халықтан шыққан бейбіт елдің батырлары кімдер
Биыл елімізде жақсылық жасап жарысқандар аз болмады. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Бейбіт елдің батырлары өз ерліктерімен көпке үлгі болды. Тіпті, бірнеше адамның өмірін сақтап, алапат апаттардың алдын алды. Жасына қарамастан мұндай ерлікке барған азаматтарды жұртшылық қолпаштап, алғысын айтты. El.kz ақпарат агенттігі биылғы жылы бейбіт елдің батыры атанған азаматтардың игі істерін еске алып, шолу жасады.
Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге көмек
Жыл басында әлемнің бірқатар елдерінде зілзала болып, бейбіт тұрғындар қаза тапты. Жапа шеккендері де аз болмады. Әсіресе, Түркия мен Сирия елдеріндегі апат жұртшылықтың назарында болды. Бауырлас елде болған жағдайға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты. Қазақстандықтар Түркияға 1 млн доллар гуманитарлық көмек жолдады. Сонымен қатар, белсенді азаматтар Түркияға 100-ге жуық киіз үй жіберді. Қазақстандық құтқарушылар зілзала кезінде үйінді астында қалған азаматтарды құтқарып, жергілікті халықты қауіпсіз жерге эвакуациялады. Елде жүрген азаматтар да бейжай қарап отыра алмады. Олардың қатарында балалар да бар. Атап өтсек, Шымкент қаласының 13 жастағы тұрғыны Павл Падров анасы мектепте түскі ас ішуге берген ақшаны жинап, Түркияда зардап шеккен азаматтарға азық-түлік алып беруге жұмсаған. Ол ешкімнің көмегінсіз азық-түлікті Түркияға гуманитарлық көмек жеткізетін қоймаға алып келген. Шымкент қаласының экс-әкімі Мұрат Әйтенов 5 сынып оқушысы Павл Падровтың бұл әрекетін батырлыққа балап, оны марапаттады. Сонымен қатар, оның анасы Кристина Падроваға премьер-министр Әлихан Смайыловтың атынан марапаттап, алғысын жеткізді. Павлдың бұл әрекеті көпшілікке үлгі болып, апаттан зардан шеккен Сирия мен Түркияға көмек беремін деген еріктілердің қатары артты.
Автобусты апаттан сақтап қалған бала
23 қарашада Алматы облысында 8 сынып оқушысы дер кезінде әрекет етіп, бір автобус жолаушыларын аман алып қалған. Куәгерлердің сөзінше, автобус жүргізушісінің талмасы ұстап, көлік тізгінін басқара алмаған.
Сол кезде жас жігіт тез арада тежегішті басып, автобусты тоқтатқан. Бүтін бір автобус жолаушыларын құтқарып қалған баланың есімі – Ақжол, ол 24 лицейдің 8 «Е» сынып оқушысы, – деп хабарланды Алматы облысының әкімдігінде.
Куәгерлердің айтуынша, ол жылдам әрекет етпегенде, автобус жақын жердегі ғимаратқа соғылуы мүмкін еді.
Ақкенттегі өрттен балаларды құтқарған Түркия азаматы
1 тамызда Алматы қаласындағы Ақкент шағынауданындағы 16 қабатты тұрғын үйден өрт шыққан еді. Тұрғындар өмірін арашалау үшін өрттен қашып терезеден секірген. Барлығы 31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жатқызылған болатын. Оқиға орнында бір адам қаза тапқан.
Тұрғын үйде оқыс оқиға болып жатқанын көрген сол маңайдағы халық бірден көмекке ұмтылған. Тіпті, терезеден секіргендерде төменде қағып алғандары да бар. Қол ұшын созған азаматтардың бірі Түркия азаматы Сивас Шукур Гюнай. Ақкент маңындағы құрылыс алаңында электрик болып жұмыс істейді. Ол өрт түтінін көрген мезетте өзгелер сияқты жұмысын тастай салып, 16-қабатты үй жаққа жүгірген. Сол сәтте Сивас Шукур Гюнай үш баласын түтінге оранған үйден шығара алмай тұрған әйелді байқаған.
«Олар көк түтінге тұншығып, тыныс ала алмай тұрды. Әйелдің қолында 2 айлық шақалақ болды. Мен кранның 16-шы қабатқа көтеріле алмайтынын білдім. Баспалдақпен көтеріліп құтқару қауіпті екенін түсініп тұрдым. Сол себепті бірден шынжырмен көтеріліп, үш баланы жерге түсірдім. Достарыма алғыс айтамын, олар да қарап қалмай, көмек қолын созды. Мен балаларды көргенде ойланып тұруға уақытым болмады. Өзімнің екі қызым бар. Сол себепті бірден тәуекелге бел буып, алдыға қарай жүгірдім», деді Түркия азаматы.
Желі қолданушылар оның бұл әрекетін ерлікке балап, алғысын білдірді.
Кореяда алапат өрттің алдын алды
18 желтоқсан күні Сеулдегі Қазақстан елшілігінің қызметкері Руслан Қайрамбаев өртеніп жатқан көлікті сөндіріп, алапат өрттің алдын алды. Оның Кореяға келгеніне бір айдан асқан. Елшілік қызметкері сол күні демалыста еді. Бірақ шұғыл шаруа шығып, елшілікке асығады. Сол-ақ екен, жанып жатқан көлікті байқайды. Руслан Қайрамбаев ойланбастан өртті сөндіруге ұмтылады. Шұғыл әрекеттің арқасында қызыл жалынды ауыздықтайды.
Тұрақтан өртеніп жатқан көліктің шығып келе жатқанын көрдік. Алдымен бірінші хатшы Байтілеуов Бауыржан көрді. Мен өрт сөндіргішті алып шығып, өртті сөндіруге кірістім, - дейді Қазақстанның Кореядағы елшілігінің қызметкері Руслан Қайрамбаев.
Өрт Сеулдегі ғимараттардың бірінде болған. Жүргізуші жеңіл көлігімен жерасты тұрағынан шыққан кезде қызыл жалын бұрқ еткен көрінеді.
Русланның ерлігін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Йонсан мөлтек ауданының әкімдігі алғыс хатпен марапаттаған.
Суға батқан баланы құтқарып қалды
1 тамыз күні Астанада суға батып кеткен баланы полицей Назым Шәріпова құтқарып қалды. Оқиға елордадағы аквапарктердің бірінде болған. Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбадан әйел адамның суға батқан балаға жасанды тыныс алу жаттығуларын жасап, тірі алып қалғанын аңғаруға болады.
Павлодарлық 8 жастағы Инсар Асылхан ата-анасымен осы демалыс орнында шомылып жүрген. Негізі баланың қозғалыссыз су астында жатқанын павлодарлық оқушы бірінші болып көрген. Бір мезетте судың түбінде қозғалыссыз жатқан балдырғанды көріп, көмек шақыра бастапты. Жеткіншектің дабыл қағуынан кейін құтқарушы бірден суға сүңгіп, баланы алып шығады. Көмекке ер адам келгенімен, ол реанимация жасай алмаған. Сол сәтте сонда демалып жүрген Астана қаласының тәртіп сақшысы келіп, жасанды тыныс алу жаттығуын жасапты.
Назым Шәріпова құзырлы органда 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Көпбалалы ана мұндай оқиғаға бірінші рет тап болғанын айтады. Ол құтқарған балдырғанды да өз баласындай көретінін жеткізді.