«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аралас салаларды қоса алғандағы барлық автожол жобаларына 200 мың адамды тарту жоспарланып отыр. Бұл жөнiнде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрлiгi Автомобиль жолдары комитетiнiң төрағасы Мереке Пiшембаев мәлiмдедi.
«Қазiргi кезде тиiмдi көлiк-логистикалық жүйе құру бойынша белсендi жұмыс жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасы аясында көлiк инфрақұрылымын жаңғырту қолға алынған. Бұл 2020 жылға қарай жүк айналымын 1,6 есе және транзиттiк жүктер тасымалының көлемiн екi есе ұлғайтуға мүмкiндiк бередi. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама бойынша автожол саласында 11 жобаны іске асыру көзделiп отыр», - деген М.Пiшембаев жалпы барлық жобаларды іске асыру кестеге сәйкес жүргізілiп жатқанын айтты.
«Автожол саласындағы инфрақұрылымдық жобалар туралы айтар болсақ, 2020 жылға қарай жалпы құны 2,4 трлн теңгенi құрайтын 7 мың шақырымнан астам жол қалпына келтiрiледi және төселедi, оның 1 трлн теңгесі халықаралық қаржы институттарының заемдары. «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде аралас салаларды қоса алғанда барлық автожол жобалары бойынша 200 мың адамды жұмылдыру көзделген. Қазіргі уақытта Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасын іске асыру жалғастырылып жатыр, «Орталық-Оңтүстік» (Астана – Алматы), «Орталық-Шығыс» (Астана-Өскемен), «Орталық-Шығыс» (Астана – Ақтөбе – Атырау-Ақтау), Алматы-Өскемен, Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда және Атырау-Астрахань автожол жобаларын іске асыру басталды. 2015 жылы аталған жобаларға 269,3 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 178 млрд теңге бөлінді. 2015 жылғы 1 маусымға 85,4 млрд теңге игерілді (оның ішінде ұлттық қордан – 44 млрд теңге) немесе 32 пайызы игерілді», – дедi комитет төрағасы.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге жобаларға барлығы 33 мердігер ұйым және 64 қосалқы ұйым тартылып, шамамен 30 мың жұмыс орны ашылды және 5 мыңнан астам жол құрылысы техникасы жұмыс жасауда.
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға