Жаңалықтар

2019 жылы өтетін спорт әлеміндегі маңызды бәсекелер

Келер жылы қандай спорт жарыстары болады?
2019 жылы өтетін спорт әлеміндегі маңызды бәсекелер
24.12.2018 09:10 4205

2018 жыл Пхенчханда өткен Қысқы Олимпиада ойындары, Ресейде жалауы желбіреген футболдан әлем біріншілгі, Азиада ойындары секілді ірі турнирлермен тарихта қалатын болады. Оған қоса мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты мен футзалдан Еуропа біріншілігі өтті. Ал келер жылы спорт әлемінде қандай бәсекелер болады?

Биатлоннан әлем кубогы

Әлемдік дода 9 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі үстіміздегі жылдың 2-желтоқсанында Поклюкте басталып кетті. Бұл турнир 2019 жылдың 24-наурызында Холменколенде өз мәресіне жетеді.

Өткен жылғы сайыс 2017 жылдың 26-қарашасында басталып, осы жылдың 25-наурызында аяқталған еді. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы жалғыз қола медальға ие болып, 15-17 орындарды Канада және АҚШ құрамаларымен бөлісті. Тарихи медальға қол жеткізу – Галина Вишневская мен Максим Браунға бұйырған екен. Олар аралас эстафетада Австрия мен Германия спортшыларынан қалып қойды. Бұған дейін Әлем Кубогында еліміздің спортшыларына жүлделі орыннан көріну бұйырмай келген болатын.

Ралли-марафон Дакар-2019

Алғаш рет ралли-марафон жалғыз мемлекетте өтетін болады. Ол бақытты ел – Перу болып отыр. Марафон 6 қаңтарда басталып, 17 қаңтарда жеңімпаздарды анықтамақ.

Өткен жылғы Дакар көпкүндігінде «Астана» командасынан капитан жүк көлік жүргізушісі Артур Ардавичус пен квадроциклші Дмитрий Шилов қатысып, 14 кезеңді сәтті артта қалдырған еді. Капитан жалпы есепте 4-орынға тұрақтаса, командаласы Шилов 6-сатыға жайғасты. Ал Максим Антимиров денсаулығына байланысты турирді соңына дейін жеткізе алмай, елге оралды. 40-шы рет ұйымдастырылған «Дакар» Перу, Боливия, Аргентина елдерінің аумағында өткен болатын. Өкінішке қарай, 2018 жылдың наурыз айында қаржы тапшылығына байланысты «Астана» командасының ралли бағыты тоқтатылды.

Қысқы Универсиада

Студенттер арасындағы спорттық турнир 2 мен 12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында жалауын желбіретпек.

2017 жылы қысқы Универсиада ойындары оңтүстік астанамыз Алматы қаласында өткен еді. 12 спорт түрі бойынша 57 елден келген екі мыңнан аса спортшылар қатысқан турнир ел тарихында алтын әріппен жазылатын болады. 109 млрд теңгеге ұйымдастырылған сайыста Қазақстан спортшылары жалпы есепте Ресейді алға жіберіп, екінші орынға тұрақтаған еді. Біздің спортшылардың еншісінде 11 алтын, 8 күміс, 17 қола бар.

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты

83-ші шайбалы хоккейден әлем біріншілігі Словакияның Братислава мен Кошице қалаларында өтпек. Белгіленген уақыты – 10 мен 26 мамыр аралығы. Қатысушы құрамалар саны – 16. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл біріншілікке жіберетін жолдамадан қағылған еді.

Осы жылы Данияның Копенгаген мен Хернинг қалаларында өткен чемпионатта Швеция құрамасының бағы жанды. Олар ақтық бәсекеде Швецариядан басым түсіп чемпион атанды. Үшінші орын АҚШ құрамасының еншісінде қалды. Ал Қазақстан құрамасы жоғары дивизионда 2016 жылы ғана ойнаған еді. Содан бері, ел хоккейшілері әлем чемпионатына шыға алмай келеді.

Ұлттар лигасының финалы УЕФА 2018-19

УЕФА аясында өтіп жатқан алғашқы Ұлттар лигасының финалдық ойындары Португалияда болады. Өтетін уақыты 5-9 маусым. Ұлттар лигасын ұйымдастыру идеясы осыдан бес жыл бұрын пайда болған еді. Араға ұзақ уақыт салып, осы жылы турнирлік ойындар өтті. УЕФА-ға кіретін құрамалар A, B, C, D секілді категорияларға бөлініп, ішінара бірнеше топтарға таратылып, өзара мықтыны анықтаған еді. Қазақстан құрамасы өз тобында 2-орынды місе тұтты. Станимир Стоилов баптайтын аяқдопшыларымыз Андорра мен Латвия құрамаларын артқа тастағанымен, Грузияға есе жіберді. Айтпақшы, финалдық ойындарға өткен құрамалар бірден Еуропа чемпионатына жолдама алады.

Еуропа ойындары (Еуропиада)

ІІ Еуропалық ойындар Беларусь елінің астанасы Минскте 21 мен 30 маусым аралығында өтетін болады. Спортшылар барлығы 200 медальдер жиынтығын сарапқа салмақ.

Екінші рет ұйымдастырылып отырған еуропалық ойындарға 50-ден аса мемлекеттің төрт мың спортшысы қатыспақ. Алғашқы Еуропиада 2015 жылдың 12 мен 28 маусым аралығында Әзербайжанның Баку қаласында өткен еді. 20 спорт түрінен (16 олимпиадалық, 4 спорт түрі олимпиада ойындарына кірмейді) бес мыңнан аса спортшылар өз бақтарын сынады. Бұл сында ресейліктер 79 алтын иеленіп, басқа елдерден оза шапты.

Жазғы Универсиада

Мерейтойлы ХХХ жазғы студенттер арасындағы спорттық ойындар Италия елінің Неаполь қаласында өтеді. Белгіленген мерзімі – 3-14 шілде аралығы.

250 медаль жиынтығына 12 мыңнан аса спортшы таласады деп күтілуде. Ал жалпы қатысушы елдің саны 170-ті құрап отыр. Осыдан екі жыл бұрын Тайбэйде өткен студенттердің жазғы ойындарында 142 елден жеті жарым мыңнан аса спортшы қатысқан еді. Ол дода ел студенттері 21-сатыға тұрақталып, 3 алтын, 6 күміс, 7 қола медальді қоржынға салған. 3 жоғары дәрежелі жүлде ауыр атлетшілердің еншісінде кетті (Денис Уланов, Альберт Линдер, Айдар Қазов). Бұл жылғы Универсиадада Қазақстан студенттері жарқын өнерімен көзге түседі деп үміттенеміз.

Баскетболдан әлем чемпионаты

Ерлер арасындағы ХVІІІ баскетболдан әлем чемпионаты Қытайда 31 тамыз бен 15 қыркүйек аралығына жоспарланған.

Бірінші рет баскетболдан әлем біріншілігі футбол чемпионатымен қатар өтпейтін болды. Сол үшін 2018 жылғы турнир келер жылға ауыстырылды. Бұл бәсекедегі тағы бір басты жаңалық қатысушы құрамалар саны 24-тен 32-ге дейін көтерілді. Жарыс қорытындысы бойынша 7 құрама 2020 жылы Токида өтетін Олимпиада ойындарына тікелей жолдама алады. 16 күнге созылатын біріншілікте 92 ойын өтпек. 2014 жылы Испания жерінде өткен чемпионаттың финалдық ойындары АҚШ пен Сербия құрамаларының арасында болып, оңтүстікамерикалықтар қатарынан екінші рет чемпиондық тәжді киді.

Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты

47 медаль жиынтығын сарапқа салатын әлем чемпионаты 28 қыркүйек – 6 қазан аралығында Катар елінің астанасы Дохада жалауы желбіремек.

2017 жылы Ұлыбританияда өткен додада Қазақстан барлығы 13 атлетші апарған еді. Ел спортшылары жалғыз қола медаль иеленіп, командалық есепте 38-орынға тұрақтады. Құрама қоржынына медаль салған Ольга Рыпакова болды. Ол үш қарғып секіруде Венесуэла мен Колумбия қыздарына есе жіберіп, үшінші орынды місе тұтты. Оның көрсеткіші 14,77 метрді құрады.

Мәнерлеп сырғанаудан Гран-при турнирі

6 кезеңге созылатын Гран-при 18 қазан мен 6 желтоқсан аралығында өтеді. Ақтық сын Страсбургке (Франция) жоспарланған.

Осы жылы өтіп жатқан Гран-при турнирінің 5-кезеңіне мезгілсіз қаза тапқан Денис Тен қатысады деп күтілген. Бірақ, өзі болмаса да, оған өзбекстандық мәнерлеп сырғанаушы Миша Джи өз нөмерін арнады. Осы кезеңде қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева 6-орыннан көрінді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға