Жаңалықтар

2 ақпан – Ұлттық басылым күні

2 ақпан – Ұлттық басылым күні
Фото: Әлеуметтік желі 02.02.2025 10:23 86

Бүгін біз қазақ баспасөзінің тарихындағы ерекше күн – Ұлттық басылым күнін атап өтудеміз. Осы күні Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді ұлт зиялылары негізін қалаған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тарихқа үңілсек, «Қазақ» газеті ұлт мүддесі жолында халқымызды жарқын болашаққа бастай білді. Басылым қазақ қоғамының рухани дамуына орасан зор ықпал етіп, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы болды.

Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді» деп атап өтті. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігі мерзімді басылымдарды қолдау шараларын жалғастыруда. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Егер 1991 жылы елімізде небәрі 10 республикалық газет-журнал шығып, 21 теле-радио арна жұмыс істесе, 2025 жылғы қаңтардағы мәліметтер бойынша Қазақстанда қазірдің өзінде 4499 БАҚ тіркелген. Оның ішінде 2981 мерзімді басылым, 229 телеарна, 96 радиостанция, сондай-ақ 1193 ақпараттық агенттік пен интернет-басылым бар.

Газеттер мен журналдарға жазылу, сондай-ақ Kazpost және Kaspi Bank қосымшалары арқылы онлайн жазылу жүйесін оңтайландыру шаралары қабылданды. Өңірлердегі мерзімді басылымдардың деңгейін көтеру мақсатында жыл сайын өңірлік БАҚ форумы өткізіледі.

Жаңа үрдістерге қарамастан, мерзімді басылымдар еліміздің медиа саласында маңызды рөл атқарып келеді. Сондықтан ұлттық БАҚ-ты дамыту, оны бәсекеге қабілетті ету және журналистердің мәртебесін көтеру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып қала береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға