«2-3 жылдан аспайды». Мердігерлердің кепілдік мерзімін көбейту ұсынылды
Мемлекет тапсырысымен салынған нысандарға мердігердің беретін кепілдік мерзімі алаңдаушылық тудырады. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Руслан Берденов премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың сөзінше, жыл сайын мемлекеттік сатып алуға бюджеттен 13 триллиондай теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа түрлі нысандар салынады. Дегенмен олардың кепілдік мерзіміне қатысты сұрақ көп.
Бұл қаражатқа 2024 жылы 19 млн шаршы метр тұрғын үй, 397 денсаулық сақтау, 298 білім беру нысаны, 40 студенттік жатақхана, 12 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары салынды, бірақ бұл жобалардың кепілдік мерзімдері үлкен сұрақ тудырады. Өңірлерден келген ақпарат сараптамасы кепілдік мерзімдері 2-3 жылдан аспайтынын көрсетеді. Тек кейбір өңірлерде бұл мерзімді 5-10 жылға ұлғайтқан. Бұл айырмашылық мердігердің бөлінген қаражатты талан-таражға салып, сапасыз жұмыс, арзан құрылыс материалдарын қолдануына себеп болып отыр. Болашақта бұл нысандарды қайта жөндеуге мемлекет қосымша шығындануға мәжбүр болатыны сөзсіз, - дейді Берденов.
Мәжілісмен өзге елдер секілді кепілдік мерзімін он жылға дейін созуды ұсынды. Әйтпесе мұның бәрі сыбайлас жемқорлықтың өршуіне әсер етіп жатыр.
Біз Ресей, АҚШ, Қытай, Франция елдеріндегі «он жылдық кепілдік» (garantie décennale) принципін енгізуіміз қажет. Тапсырушының кепілдік мерзімін өз ыңғайына қарай белгілеуі сыбайлас жемқорлыққа жол беретін тетік екені анық. Тек 2024 жылы мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу бойынша 10 960 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Transparency International деректері бойынша, 2023 жылғы сыбайлас жемқорлық рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінен 93-орында тұр. Мәселе дереу арада жан-жақты шара қолдануды талап етеді, - деп қосты ол.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалануды, шығыстарды шектеуді және қатаң бақылауды тапсырған. Осы орайда депутат жемқорлық фактілерін азайтудың жолдарын ұсынған.
Бірінші: Бюджеттен бөлінген әрбір теңге, оны бөлуден бастап толық игеруге дейінгі барлық кезеңде бақылауға мүмкіндік беретін «боялған ақша» механизмін енгізу. Бұл сыбайлас жемқорлық мүмкіндігін жойып, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, сапалы нысандардың қалыптасуына ықпал етеді.
Екінші: Әр санаттағы нысандарды салуға, жөндеуге, қайта жаңартуға бөлінген бюджет қаражатын тиімді қолдану мақсатында және мердігерлерге деген сенімді арттырып, жауапты бизнес қалыптастыру үшін аймақтар белгілейтін кепілдік мерзімдерін үйреншікті 2-5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бекітуді ұсынамын, - деді ол.
Жаңа және қайта жаңартылатын азаматтық тұрғын үйлердің кепілдік мерзімін:
Құрылымдық бөліміне -10 жыл.
Абаттандыруға – 4 жыл.
Ішкі жұмыстарға – 3 жыл.
Инженерлік желілерге – 3 жыл.
Тұрғын үй және азаматтық ғимараттарды күрделі жөндеуден соң:
Пайдалануға кепілдікті 3-5 жылға.
Автомобиль жолдарына:
Орташа жөндеуге – 3 жыл
Күрделі жөндеуге – 4 жыл
Жаңа құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарына – 5 жыл.
Жаңа және қайта жаңартылатын инженерлік желілерге:
Пайдалануға кепілдікті – 10 жылға бекіту қажет.