Жаңалықтар

194 мыңнан астам қазақстандық шетелде еңбек етеді

194 мыңнан астам қазақстандық шетелде еңбек етеді
Фото: © ОКҚ 24.08.2023 12:58 1428

Шетелде табысты бизнес-кейстері бар этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының аясында шетелдік қазақтардың «Ата жолы» картасын алу мүмкіндігі туралы айтты.

Оқи отырыңыз:

Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде шетелде табысты бизнес-кейстері бар этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілгенін хабарлады. Бүгінгі күні «Ата жолы» картасын алушылардың алдын ала тізімі жасалды, оған 50 этникалық қазақ енгізілді.

Этностық иммиграцияны регламенттейтін келесі бағыт шеңберінде «қандас» мәртебесін алуға өтініштерді қабылдау тетігі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілдеден бастап Қазақстанның консулдықтары шетелдегі қазақтардың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады. Сонымен қатар қандастарды қоныстандырудың жаңа алгоритмі қабылданды. Енді қабылдау үшін өңірді айқындау 4 негізгі санат бойынша жүзеге асырылады: жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту; отбасын қауыштыру; Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беру; даму әлеуеті бар елді мекендерге қоныстандыру, – деді Асқарбек Ертаев.

Жыл басынан бері Қазақстанға барлығы 13,5 мың қандас келді, оның 8,5 мыңы еңбекке қабілетті. Олардың барлығы әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылды.

Сондай-ақ көші-қон саясаты тұжырымдамасы шеңберінде шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам адам шетелде еңбек еткен. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға