Жаңалықтар

1937-1938 жылдары 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген

1937-1938 жылдары 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген
Фото: ©El.kz/Элеонора Мамыр 31.05.2024 13:03 688

Қазақ халқының басынан өткізген қасіреттері көп. Тарих беттерінде таңбаланған қаралы да қайғылы оқиғалардың бірі - ХХ ғасырдың басында орын алған қуғын-сүргін. Ұлт қайраткерлеріне қарсы жасалған қасастық деректерде бірінші кезеңде кеңес кезеңінің қиғаштықтарына қатысты түсіндіріледі. Тарихшылар қазан төңкерісінен бері большевиктер арнайы органның жазалау машинасына таптық тұрғыдан төзбеушілік отынын үстемелеп салып тұрғанын айтады. Құпия саяси мекеме алдымен Совет өкіметі орнағанға дейінгі, бүгіндері Алаш қозғалысы деп аталатын ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды және олар бағындырған биік шың – «Алаш-Орда» Халық Кеңесін құрушылар мен сол құрылымда қызмет істегендерді қуғынға ұшыратты. Яғни советтік платформада тұрып еркіндік үшін күрескен ұлттық интеллигенцияның көзін жойды. Олардан туған перзенттер жетімдер үйіне жөнелтілсе, әйелдеріне озбырлық жасады.

Ресми деректерге сүйенсек, 1937-1938 жылдары Қазақстанда 125 мыңнан астам азамат тұтқындалып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген.

«Қызыл террордың» құрбаны болғандардың ішінде Алашқа аты мәлім азамат, журналист, педагог, сырбаз сыншы Сейілбек Үсенов пен інісі Әшірбек те бар еді. Қуғынға ұшыраған бауырлардың бірінің жасы 33-те болса, екіншісі одан екі-ақ жасқа кіші болатын. Шымкенттің Қатынкөпір елді мекенінде өмірге келген олар жастайынан оқу-білімге құштар-тын.

Сейілбек Үсенов 1920-1923 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында тәлім алады, одан соң бүкіл Алаш зиялыларының білім бұлағы саналған Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтын тәмамдайды. 1925 жылы Шым қалаға келіп, Жүсіпбек Аймауытовтың ізі қалған педагогикалық техникумда оқу бөлімінің басшысы болады. Талапты жас шынында да өз заманының алдыңғы қатарлы перзенттерінің бірі еді. 1926 жылы Ахмет атындағы мектепке (қазіргі Шымкент қаласындағы №7 Қ.Сыпатаев атындағы мектеп-лицей-ред.) меңгеруші, яғни директор болып барып, оқушыларды оқу-білімге баулиды. Сол жерде Бауыржан Момышұлы, Әбілда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев сынды тұлғаларға сабақ береді. Бұл турасында Сейілбек Үсеновтің ұрпағы, тарих ғылымдарының докторы Әлібек Сейдехан айтып берді.

1937-1938 жылдары 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген©El.kz/Элеонора Мамыр

Ата-бабаларымыз жайлы әжелерімнен естігем. Олар 1930 жылдары аталарымыздың үлкен қызметтер атқарғандығын, Алматыда тұрғанын айтып отыратын. Әкемнен сұрасам, мардымды ешнәрсе айтқан емес. Себебі өзі де біле бермейтін. Бір күні Бауыржан Момышұлының ұстаздары жөніндегі «Ұмытылмас кездесулер» атты кітабы қолыма тиді. Сол шығармада «Менің алғашқы ұстазым осы Ахмет атындағы мектепте және сол мектептің директоры болған Сейілбек Үсенов. Ол тарихтан сабақ беретін еді, жасы шамамен жиырма бес, отыздарда болу керек. Партия мүшесі, сабырлы, салмақты, көрікті кісі болған» деп жазылады. Сол кітапты көргеннен кейін Сейілбек бабам жайлы деректерді іздестіру қиын болған жоқ. 1990 жылдардан бастап архивтерді ақтарып, жұмыс істеген жерлерін, қандай қызметтерде болғанын барлығын көрдім. Қажетті құжаттарды Тараздан, Алматыдан, ең соңында Солтүстік Қазақстаннан таптым, - дейді тарих ғылымдарының докторы.

Сейілбек Үсеновтің соңғы жұмыс істеген орны Петропавл қаласы болған. Ол Солтүстік Қазақстаннан шығатын басылымның бас редакторы қызметін атқарып жүрген сәтінде 1937 жылы тұтқындалады.

1937-1938 жылдары 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген©El.kz/Элеонора Мамыр

Бұл кезде оның 1 ұл екі қызы бар еді. Сол жылдың ақпан айында әйелі айықпас дерттен көз жұмады. Ал балаларына жарының анасы қарайласады. Көп ұзамай қараша айында ұсталып, түрмеге түседі. Тірідей жетім қалған үш баланың тұңғышы 7 жаста, ортаншысы 6 жаста болса, кенжесі 5 жасқа да толмаған екен. Үлкен ұлының есте қалған сәті бар. Ол әкесін алып кетуге келген екеудің үйге баса-көктеп кіріп, «жинал тез!» деген бұйрықпен ай-шайға қарамастан әкесін жұлқылап әкетіп бара жатқанын көреді. Соңдарынан жүгіріп барып әке қолынан ұстағанда, оны Сейілбек лақтырып жібереді. Сүрініп құлаған бойда балалары жылап қала береді... «Әкемнің есіктен шығып бара жатқанда «Мен қайтып келемін!» деген сөзі көз алдымда қалып қойды, бірақ ол сол күйі қайтып келген жоқ» деп еске алушы еді ұлы. Әжесімен қалған оларды кейін солдаттар вагонға салып, Ресей асырады. Үшеуі сол жақтағы 3 бөлек балалар үйіне өткізіледі,-дейді Әлібек Сейдехан.

Үсенов Сейілбек 1938 жылы атылады. Ұзақ жылдардан соң бір үйдің тарыдай шашылған балалары бірін-бірі іздеп табады. Өкініштісі сол, кенже қызы сол күйі ізім-ғайым жоқ. Ол жайында дерек те сақталмаған, тіпті есімі де белгісіз. Үлкен ұлы Сәлім осыдан бірнеше жыл бұрын 75 жасында Шымкентке келіп, ағайын-туыстарымен көріседі. Өзін жылдар бойы іздеген көпшілікпен кездеседі.

Сейілбектің тұтқындалғаны аздай туған бауыры Әшірбектің де жағдайы мәз болмайды. Жоғары білімді азамат 1932 жылы бірнеше оқу христоматиясын жазып шығарады. Сол кездегі министр Темірбек Жүргеновтің көзіне түсіп, қатар жүріп жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Өкінішке қарай, 1938 жылы Т.Жүргеновпен бірге ұсталып, сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырады. Сөйтіп Үсенов Әшірбекті Алматыда қалдырмай Мәскеуге алып кетіп, сол жақта атып тастайды. Қазір оның зираты «Дон» қорымында жатыр. Отбасы мүшелері аман қалады. Бірақ әйелі басқа адамға тұрмысқа шығып кетіп, балаларды орысша тәрбиелеп өсіреді...

Халық жауын таныған да, тапқан да, ұстатқан да – қазақ. «Алаш-Орда» партиясы 1917 жылы құрылған кезде белсенділер Жер кодексін, Конституцияны, тағы да басқа заңдарды әзірлеген. Себебі олар дамыған Жапония, Германия елдері сияқты егеменді ел болуды аңсайды. Сол мақсатты ұстанып, амалсыздан Совет үкіметіне мойынсұнады. Әйткенмен партияластар арасында түсініспеушіліктер туындап, ауызбіршілік болмайды, яғни әрқайсысы өз әдістерін жүзеге асырғысы келеді, содан тартысты, іштерінен жау шығып, аяқтан шалды. Соны білген Совет өкіметі жазалау механизмін күшейтті, ұлттылығымызды жоюға тырысты,-дейді Шымкент қалалық саяси қуғын сүргін құрбандары музейінің директоры Мария Асқарова.

1937-1938 жылдары 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген©El.kz/Элеонора Мамыр

Мария Келесқызының айтуынша, қазақ зиялылары қанша жерден тұтқындалып, қансырап, тапталып, тәні мен жаны ауырып жатса да ұлт болашағы үшін күрестен шаршамаған.    

Тарих беттерінде Алаш партиясы 1917 жылы құрылып, 1923 жылы тарқатылғаны жазылған. Бірақ Оңтүстік өлкесінің әр жерінде 1937 жылдардан кейін де тіпті 1940 жылдарға дейін Түлкібас ауданындағы бір ауылда Алаш партиясының жасырын жиналып, ұлттық мәселелерді талқылайтын болған. Кейін оларды біліп қойып, бір түнде 14 адамды ұстап алып кетеді. Түрмеге қамап тастайды. Сол азаматтардың ұрпақтары былтыр музейде кездесу өткізіп, бабалары кешкен қиындықтардан сыр шертті,-деді Мария Келесқызы.

Айтып өтейік, саяси қуғын-сүргін құрбандары хақында толық деректерді, экспонаттарды, архив құжаттарын, тарихи зерттеулер Шымкент қалалық саяси қуғын сүргін құрбандары музейінде сақталған. Бүгінгі таңда тіркелген 16560 экспонат болса, оның 13699-ы негізгі,  2861-і ғылыми-көмекші қорға жатады. 5490 жәдігер электронды форматқа енгізілген. Музей 2 жыл бұрын қайта жаңғыртудан өткен. экспонаттар сандық форматқа көшіріліп, каталогы толықтырылып жатыр.

1937-1938 жылдары 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген©El.kz/Элеонора Мамыр

Жалпы музей Қазақстан Республикасында саяси бағыттағы қуғын-сүргін тақырыбына арналып алғаш ашылған нысандардың бірі. Сыртқы және ішкі дизайны ерекше, үш залдан тұрады. Айтап айтқанда, экспозициялық, «Тағзым» және кино.   

Мекеме директоры Мария Кеңесқызы тарихшылардың өткенді түгендеп, Алаштықтарға қатысты дүниелерді қайта аршып, зерттеулер жасап жатқанын алға тартты. Соған байланысты музей қызметкерлері біліктіліктерін  арттыруда екен. Себебі қуғын-сүргін құрбандары туралы тақырып – бұл жай тақырып емес, тереңіне үңіліп, мән-жайды ашып, архивтегі дәлелдермен ғана айтуға болатын ауқымды әрі азалы тақырып.    

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға