Жаңалықтар

19 мыңнан астам қазақстандық әскерге шақырылады

19 мыңнан астам қазақстандық әскерге шақырылады
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі 06.10.2023 11:48 2381

Әскерге шақыру науқаны басталды. Бұл туралы Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің бастығы  Айдын Сағынбеков пен осы департаменттің өкілі Ғани Артықов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

28 желтоқсанға дейін 18 бен 27 жас аралығындағы он тоғыз мыңнан астам ер азамат әскерге шақырылады.

Оның ішінде:

Қарулы Күштерге – 8 625 адам;

Ұлттық ұланға – 6 822 адам;

ҰҚК Шекара қызметіне – 3 075 адам;

Төтенше жағдайлар министрлігіне – 317 адам;

Мемлекеттік күзет қызметіне – 290 адам.

Ал Астанадан 1 000-нан астам ер-азамат шақырылады.

Өткен жылғы әскерге шақырумен салыстырғанда биыл Қарулы Күштерге және Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылатын жас буынның саны ұлғайды. Мерзімді қызметке әскерге шақыру және оның белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару қолданыстағы заңға сәйкес ұйымдастырылып, жүргізілетін болады, - дейді Айдын Сағынбеков.

Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету дербес шақырту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізілетін болады.

Азаматтарды мерзімді қызметке әскерге шақыруды жүргізу кезінде жұмысты барынша ашық форматта жүргізуді жалғастырамыз. Яғни әрбір адам қажетті ақпаратты алу үшін жүгіне алады және сұрақтарына толық жауап беріледі. Әскери қызметтің әрбір жас азаматтың заңмен белгіленген міндеті, ал әскери қызмет өткеруден жалтару барлық құқықтық салдарға әкеп соқтыратын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейтінін еске салғым келеді, - дейді Ғани Артықов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға