Жаңалықтар

18 жасында зорланған арудың ақиқаты

Әйелдік болмыстан айырған қорлық
18 жасында зорланған арудың ақиқаты
07.11.2019 11:16 16365

Отбасындағы кикілжің, сыныптастан көрген қорлық, қызмет барысындағы жыныстық дискриминация... Өзінің осыдан екі жыл бұрын зорланғанын ашық түрде айта бастаған феминист қыз тағдырын тас-талқан еткен жайттарды El.kz тілшісіне жіпке тізгендей айтып берді.

Әйел қыз тумаса қасірет емес, ал ұл тумаса...

Мөлдір Албан Жаркентте туған. Қарапайым отбасында өскен, әкесі –құрылысшы, анасы – медбике. Осында 11 сыныптық білім алады. Жанұядағы төрт қыздың тұңғышы. Әкесі ұдайы анасына «атұстар» туып бермедің деп ренішін білдіріп келген. Десе де, оның ата-анасына арман болған бір ұл сол күйі бұйырмапты. Дәл осы жағдай үшін біздің кейіпкеріміздің балалық шағы мұң мен налаға толы. Ол әке арманын орындау үшін нағыз мұрагер болмаса да, барынша тырысып бағады. Үй шаруасында ер бала істейтін барлық тірлікті өзі атқарып келген. Қой кезек пен қысқы отын жаруды, су мен ауыр жүк тасу қаршадай қыздың күнделікті тірлігіне айналған. Тіпті, қираған жиһазды орнына келтіріп, үйдегі техникаларды өзі жөндейтін болған. Десе де, мұның бәрі Мөлдірдің әкесін жұбата алмаған. Үнемі мұрагер болып, ізін жалғайтын бір ұлдың жоқтығы отбасының шырқын бұзып келген.

(Фотода: Мөлдір Албан)

– Бала күнімде ер жігіт істейтін барлық тірлікті жасауға тырысатынмын. Ешқашан мен нәзікжандымын, қызбын ғой деген ой болған емес. Өйткені, санамда әкеме арман болған ұлдың орнын толтыруды ойладым. Шаршамауға, ауладағы шаруалардың барлығына білек сыбана кірісіп кете беретінмін. Қазір ойланып отырсам соның бәрі менің феминистік көзқарасымның қалыптасуына ықпал етіпті. Қазақ отбасы үшін ұрпақтың жалғасқаны, отбасында бір ұлдың болғаны маңызды. Мәселен, 5 ұлы болып, бір қызы болмаса бізде ол қасірет емес. Бірақ еркек кіндіктінің болмауы біраз қиындық тудырып, отбасылардың көбісі сол үшін де айырылысып кетіп жатады. Алайда ерлі-зайыптылардың арасында бір балаға зар болып отырғандар қаншама?! Біз оны ойламаймыз. Ал сол ер жеткен ұлың артынан ұрпақ қалдырмай ауырып, не жол апатына түсіп қайтыс болса ше? Олай да болуы мүмкін ғой. Сондықтан ұл болсын, қыз болсын оған қазақ отбасылары қуана білуі керек, - дейді Мөлдір.

Сыныптастан көрген қорлық

Замандастарымен жаңа жылды бірге атап өтеміз деп кешкі ойын-сауыққа шыққан Мөлдір сол күнді санасынан өшіре алмай келеді. Бір сыныпта оқыған қатарлас жігіт оны таң ата сыртқа шығарып, көлігіне отырғызады. Тілге келместен тарпа бас салған. Оның қаламайтындығына, көз-жасына қарамапты. Жанталасқан Мөлдірдің жан даусы шықса да оны құтқаруға жан баласы келмеген. Арам ойын іске асырған жігіт оны сол автокөлікпен үйіне дейін апарып салады. Бұл оқиғадан кейін Мөлдір сыртқа шығып, көпшілікпен араласуды қояды. Отбасы мен туыстары оның мінезіндегі күрт өзгерісті жас ерекшелігіндегі өтпелі кезеңмен байланыстырған. Алайда анасы бір жамандықтың болғанын сезген екен.

– Мен ол уақытта өзімді жеккөрдім. Сол кеште сыртқа шыққаным үшін өзімді көпке дейін айыптап келдім. Біздің қазақтың «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген жаман бір тәмсілі бар ғой. Бұл сөз кімнің сандырағы екенін білмеймін. Десе де, мен ол жігітке ешқашан көңілім болған емес. Онымен жақын араласқаным рас. Өйткені, біздің ата-аналарымыз бір-бірімен достар еді. Ал артық қиқаң-сиқаңым болмады. Бұл оқиғаны ешкімге айтпай өзімді іштей жеп жүрдім. Бірақ анам сезіктеніп, көзіме тіке қарағанда жер шұқып қалатынмын. Құдды бұл масқараны менің өзім жасағандай сезіндім, - дейді ол.

Мөлдірдің күрт өзгергені оның құрбысы Раушанды да бей-жай қалдырмаған. Қатар өскен көрші қыз Мөлдірге жалғыз қалғанын айтып, үйіне шақырады. Сол түні екі дос ұзақ сырласады. Раушан оның өзгеруіне себеп болған жайтты білмейінше жайына қоймайтынын айтып, сырын ашуын сұрайды. Ұзақ уақыт басынан өткен сұмдық жайтты тек ішінде сақтап келген ол құрбысымен бірге 13 жыл осы мұңды арқалап келгенін айтады.

– Раушан құрбыма бұл жайтты 5 айдан соң айттым. Айтпасыма қоймады. Себебі, ол қадалған жерінен қан алмай қоймайтын қыз. Сосын естігеніне өзі сенбей дел-сал күйге түсіп, күйгелектеніп кетті. Құдды бұл шымшытырық оқиға менің емес, оның басынан өткендей күй кешті. Мен оны, ал ол мені жұбатты. Жан баласына айтпаған жан сырымды ол да мен сияқты ұзақ уақыт ішінде сақтады, - дейді кейіпкеріміз.

Сол сұмдық жайттан кейін Мөлдір бар шындықты отбасына айтып беруге оқталады. Бірақ дәті бармапты. Өйткені, осы жайтқа өзін кінәлі сезінген. Ал полицияға айтсам бұл мәселе ың-шыңсыз жабылып, әріптестік қарым-қатынастағы ата-аналарымыз бізді үйлендіре салған болар еді дейді күйініп. Сол үшін басындағы үлкен қайғысын ешкімге айтпауға бекінген.

– Мен ата-анамды ойладым. Елдің бетіне, ағайынға қалай қарайды деген ғана ой болды. Төрт қызыңды қорғай алмасаң несіне жер басып жүрсің деп әкемді барлығы табалайтындай көрінді. Әкемнің мінезі де қатаң. Ана жігітті не өлтіреді, не мені соған қосады деген қорқыныш болды. Мен онымен қалай бір шаңырақ астында өмір сүрер едім. Дүниедегі ең опасыз адамның жары болғым келмеді, - дейді.

Расында, біздің кейіпкеріміз сияқты қорлық көргендердің көбісі құқық қорғау органдарына арыздана бермейді. Оған әйелдердің өз құқықтарын білмеуі мен алған шок әсері тікелей себеп. Мәселен, «2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 799 әйел зорланған. 2018 жылы ҚР ҚК 120, 121 –ші баптарымен 1332 арыз түскен, оның 231-і балаларға қатысты зорлық-зомбылық. Бұл арыздардың 454-і ғана сотқа кетті»- деп тайға таңба басқандай жазылған ҚР БП арнайы ақпараттық ресурсында. Бұл цифрлардың өзі біраз дүниені айғақтап тұр.

Өмір – бумеранг. Өзгеге жасаған қиянатың өзіңе қайта келетіні ақиқат. Оны өмірдің сабақтары өзі көрсетіп келеді дейді кейіпкеріміз. Осы жантүршігерлік жағдайдан кейін 3 жыл өткенде әлгі сыныптасы ауыр жол апатына түсіп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Тек 6 айдан соң беті бері қарап, Мөлдірдің аяғына жығылыпты. Өткенге өкініп, өзін қоярға жер таппай жүргенін айтып жылайды. Кешірім сұрайды. Алайда Мөлдір оған еш реніші жоқ екенін айтады.

– Өмірде жақының болып аралас-құралас болған досыңның, тіпті ата-анамыз таныс болғандықтан оны бауырымдай көргенімді де жасырмаймын. Сондықтан одан мұндай опасыздықты күтпедім. Оны үздіксіз қарғағанымды да жасырмаймын. Бірақ мен үшін ол адам қатарынан сызылып тасталған. Сол себепті оны кешіріп, болған жайтты ұмыту маған оңай емес. Ол менен кешірім сұрағанда «Ластаған дүниеңді тазарта аласың ба?» деп сұрадым. Ол маған «жоқ» деді. Ендеше, алдыма келіп кешірім сұраудың қажеттігі жоқтығын айттым. Уақытты кері қайтару мүмкін емес қой, - дейді көзіне жас алып.

Қазір Мөлдір өзі сияқты тағдырдың кермек дәмін татқан аруларға өзін қорлаған азаматтардың үстінен арызданып, жазаларын беру керектігін айтады. Ешкімнен қорықпай, әркімнің тиесілі жауабын беру керектігін алға тартады. Өзі сияқты зорланғанын жасырып қалу қоғамға, өскелең қыздардың тағдырына қауіп төндіреді дейді ол. Өйткені, қыздардың абыройын төккендер үнемі жазадан сытылып кетіп отырса абыройы төгілген қыздардың қатары жыл өткен сайын арта түседі.

– Әрине, айтуға жеңіл. Бірақ әрнәрсенің өз есебі бар. Сенің жаныңа, тәніңе жарақат салған екен жазалансын! Принцип осылай болуы керек. Сонда ғана еркексымақтар айылын жияды. Өз-өзіне сенімсіз қыздар қоғамда көбіне қорлық көреді. Бұлай болмауы тиіс. Зорлық көрдің бе жаныңа жақын адамды ерітіп алып, шұғыл түрде полицияға бару керек. Тапсырылуы керек барлық анализдерді өткізу керек. Ал ондай туысыңыз болмаса, дағдарыс орталықтарына, аталған мәселемен айналысатын қоғамдық ұйымдар көмегіне жүгіну керек, - дейді Мөлдір.

Жантүршігерлік жағдайдың өткеніне 13 жыл толғанда Мөлдір басындағы оқиғаны ашық түрде мәлімдейді. Мұны естіген отбасы одан теріс айналған.

«Бір айналдырса шыр айналдырады» демекші, ауыр стресс кейіпкерімізді ұйқысыздыққа шалдықтырып, артынша талма ауруына душар еткен. Ақхалаттылар оның сал болып қалатынын да ашық айтқан.

– Адам психологиялық кеңес алмаса, барлық дүниені сыртқа шығармай ішіне бүксе ауру болмағанда не болады? Мен мүлде ас ішпейтінмін. Қатты стресс алдым. Өзімнен-өзім жиіркеніп, менің денемді біреу түртсе содан қорқатын хәлге жеттім. Артынша өз-өзімнен талып қалатын жағдайға болдым. Сол аурудан 13 жыл дегенде әзер арылдым. Қаншама ем алсам да ауруымнан айыға алмай, қиналдым, - дейді ол.

 

Екінші рет зорлауға жол бермеген

Мөлдір әке арманын орындау үшін әрі оның анасына деген ренішін сейілтуді ойлап әскери саланы таңдаған. Нағыз ер-азаматтар істейтін жұмысты қалайды. Осылайша, үйде ұл баланың тумағанын білдіртпеуге тырысқан. Алайда бұл жолы да оның жолы болмады. Әскери салада 8 жыл еңбек еткен ол жыныстық дискриминацияға тап болғанын айтады. Басшылық тарапынан үнемі қысымның болғанын, жоғарыдағылардың қызметкер ретінде емес өзінің әйелі сияқты қарайтынына төзе алмаған.

– Мен бұны табиғаттың заңы дейін бе, әлде әйелқұмарлық деуге келе ме, білмедім?! «Әскери сала әйелдің шаруасы емес, олар үйінде отыруы керек» деген әңгімені қызмет барысында жиі еститінмін. Әрине, әйел адам болған соң айналаңдағы ер-жігіттердің қырындайтыны түсінікті. Бірақ басыну, әскери саладағы әйелдерді өзінің иелігі сияқты қарауға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл қандай сала болмасын, қызметтік этикаға жат, - дейді ол.

Әдеттегідей, кезекшілігінен шыққан кейіпкеріміз жайсыз жайтқа тап болады. Түрлі әдіспен ығына жығып, білгенін істей алмаған басшысы оны күштеуге тырысқан. Екі жүргізушісімен бірге көлікке кіргізіп, оны қинай бастаған. Бір мезетте үш әріптесінен опаздық көрген қыз дәл сол күні құқық қорғау органына шағым түсіріп, басшының озбыр әрекетін әшкерелеген. Дегенмен, куәгер болған екі әріптес жігіт бұны жоққа шығарып, аталған жайттан бейхабар екенін жеткізген.

– Мені шешіндіріп жатты. Дес бермедім. Жұдырықтап ұрдым, тепкіледім. Маған әуретті жерлерін көрсетті. Не дегенмен әскери саладағы темірдей тәртіп физикалық дайындықтар осы жолы маған біраз септігін тигізді. Екінші рет зорлануыма жол бермедім. Ал әлгі басшыға жәрдемдесіп, мені жығып берген екі әріптесім істегендері үшін ұялды деп ойлаймын. Олар өздерінің жұмысынан айырылып қалмауды ғана ойлады. Әйтпесе, олар да қыз өсіріп отырған адамдар ғой. Мен автокөліктен шыға сала полицияға бардым. Арыз жаздым. Бірақ соңында өзімді айыпты етіп, дәлелсіз, жала жабу деп өзімді қорқытты, - дейді ол.

Осындай мәселелерден соң Мөлдір әскер қатарындағы 2004 жылдан бастап 6 жылдық қызмет барысындағы қиындықтарды, өзінің сүйікті саласын тастайды. Басшылық тарапына жазған арызы да ескерусіз қалған. Қазір өзі ұзақ жылдар еңбек еткен салаға қайта оралуға құлықсыз.

Біздің елде әйел атаулы ерлерден бір саты төмен тұруы керек деген қағида бар. Бұл дұрыс та шығар?! Алайда солай екен деп үйдің берекесін алып, жарын төмпештей беретін «еркексымақтар» көп. Одан бөлек, нәзікжандыларды қорлау, оларды адам қатарынан сызып тастайтын адамдар да бар. Бұл мүлде дұрыс емес. Әйелдер де ерлермен бірдей құқығы бар. Олар да қамшының сабындай ғұмырын адамша өткізуі керек. Бізде феминизм дегенді бір батыстың бейәдебі деп қабылдайды. Бірақ олай емес. Біз өз құқығымыз бен ерлермен бірдей тең сатыда тұруды ғана ойлаймыз, - дейді.

Былтыр әр он тәулік сайын кәмелетке толмаған 6 бала сексуалдық күш көрсетуден зардап шексе, 6-7 сағат сайын бір әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Бұл ресми тіркелген жағдайлардың ғана көрсеткіші. Ал біздің кейіпкеріміз сияқты үреймен арпалысып жүргендер мен тұрмыстық һәм қызметтік қорлықтан көз ашпаған жандар көп-ақ. Мөлдір Албанның сөзінше, мұндай адамдар қазақы тәрбиенің құрбаны болып отырғанға ұқсайды.

– Біздің қазақы тәрбиені білесіздер. Қыздарды ұяң етіп өсіреді. Еріңді сыйла деп құлағына құяды. Тіпті, ұрып-соқса да «сүйегі сенікі, еті менікі» дейтін ата-аналар да бар. Әрине, жақындары осылай деп тұрса ессіз еркек білгенін істейді, - дейді ол.

Бала күннен ер бала сияқты боламын деп өскен Мөлдірге сыныптасынан көрген қорлық пен қызметтегі жыныстық дискриминация оның феминистік көзқарастарының қалыптасуына және осы бағытта күресуге тікелей әсер еткен. Қазір өзі сияқты тағдырдың жазумен жәбір көрген жандарға қол ұшын беретін «Svet» атты ұйымда қызмет істейді. Ол әрбір әйелге, еркінен тыс әрекеттер жасауға мәжбүр болған ерлерге психологиялық көмек көрсетуге әзір. «Елімізде әйелдер жыламасын, олар қаймықса әлем түнереді» деп сөзін қорытындылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға