Жаңалықтар

18 жасынан бастап бизнеспен айналысқан егіздер

Шағын сауда үлкен бизнестің бастауы болуы мүмкін
18 жасынан бастап бизнеспен айналысқан егіздер
11.05.2018 11:14 13626

Әсет пен Әділет Әділ  – егіз. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің 3-курс студенттері. Олар сабақтарын жақсы оқып ғана қоймай, жеке кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Сабақтан соң қала орталығындағы бутиктеріне асығады. Түркістанға барған сапарымызда біз де егіз жігіттің кәсібімен жақын таныспақ ниетпен қол сағаты мен француз әтірін сататын арнайы бутиктеріне бас сұқтық.

Қос жігіт жылы жымиып қарсы алды. Жиырмаға енді толғандарына қарамастан олар базар маңынан үш бутик ашып, асхана ісіне араласып, тауық бағып, табысын миллин теңгеге жеткізіп үлгерді.

- Үйде тоғыз баламыз. Ең үлкеніміз – әпкем. Одан кейін сегіз ұл. Өзімізден бес жас үлкен ағамыздың  базарда сауда нүктесі болушы еді. Телефон аксессуарларын сататын. Оқушы кезімізден қасынан айналшықтап шықпай, ептеп сауданың қыр-сырын меңгердік, – деп бастады Әділет әңгімесін.

- Үш жыл бұрын мектеп бітірген соң Түркияға тіл үйрену курсына бардым. Жазда кеңсе тауарларының саудасы қызады ғой. Ата-аналар ұл-қыздарын мектепке дайындай бастайды. Мектеп құралдары керек. Әсет осында қалып, жаз бойы оқуға қажетті керек-жарақ сатты. Мен де Түркияда ақшамды оңды-солды шашпай, артылғанын ауылға ап қайттым,  – дейді ол.

Осылайша екеуі студент атануға дайындалып жүргенде базардағы ағасы кішкентай бутигін жауып, басқа салада бағын сынап көретінін айтады. Әсет пен Әділет ойланбастан ағасының ісін ары қарай жалғастыруға бекиді. Түрік квотасының негізінде Әсет есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, ал Әділет туризм мамандығына оқуға түседі. Бүгінде 3-курсты аяқтағалы отыр. Қазақ тілінен бөлек, екеуі де орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген.

- 18-ге толып, студент атанғаннан кейін ата-анаңнан қайта-қайта анаған-мынаған ақша керек боп жатыр деп сұрай беруге ұялады екенсің. Өзіміз табыс таппақ болдық. Ағамыздың бутигін ары қарай жалғастырамыз деп, Әділет екеуміз  алып қалдық. Кеңсе тауарын сатудан түскен ақшаның басын құрап, Шымкенттен қолға тағатын сағаттар алып келдік. Ең алғашқы кәсіпке 160 мың теңге құйдық. Қол сағатын сату бізге жақсы табыс әкелді. Үш айдан кейін француз әтірін сататын тағы бір бутик аштық. Бұдан басқа, маусымға, тұтынушылардың сұранысына қарай көзілдірік, тағы басқа заттар сатылады. Ал үшінші бутикте телефон аксессуарлары бар. Үш бутикті де жалға алып отырмыз. Үш сатушы қыз бар. Оларға айлық төлейміз, – дейді Әсет.

Бизнестің де өзінің ережесі, қағидасы бар. Бірде өрлейсің, бірде ылдиға құлдилайсың, бірде алданасың. Олар қателіктерінен сабақ ала жүріп, бірін-бірі демеп, қолдау көрсетіп келеді. Еңбекқор. Тыным таппайды. Әсет құс шаруашылығына қатты қызығады. Үйінің ауласынан қолдан құс зауытына қажетті құрал-жабдықтарды құрастырып, тәжірибеден өткізіп көрді. 500 балапанды бағып-қағып, өсіріп, семіртіп, сатып мол табыс тапты.

- Болашақта құс фабрикасын ашқым келеді. Сол үшін қазірден бастап қыр-сырына қаныға берейін деп, 500 балапанды бағып көрдім. Үш ай асырадым. Сосын етке өткіздім. Болашақта бизнес-жоспар жасап, бұл істі ары қарай ілгерілеткіміз келеді. Бұдан бөлек, қаланың шет жағынан демалыс аймағын  да ашқымыз келеді. Алда біздің әлі бір жыл оқуымыз бар. Ең бастысы, жақсы оқып, қолымызға диплом алуымыз керек. Сапалы білім алу – біздің басты мақсатымыз. Бизнесіміз екінші орында. Таңғы 8.30-дан 14.00-ге дейін университетте боламыз. Бос уақытымызда спортпен айналысамыз. Әділет стол теннисін жақсы ойнайды. Университет студенттері арасында чемпион атанған. Мен тренажер залынан шықпаймын, – дейді Әсет күліп.

Қателік демекші, француз иіссуын сататын бутикті ашқан соң, олар Ресейдегі дүкенге онлайн тапсырыс бермекші болады. 480 000 теңгеге тауар таңдап, ақшасын аударады. Межелі уақыттан кешіге бастайды, тауар келмейді. Сөйтсе, ресейлік интернет дүкеннің иесі ақша қолына тиген соң парақшасын құлттап, тайып тұрыпты. Алаяққа алданғандарын білген соң, қымбат тауарға олар онлайн тапсырыс бермейтін болды. Өздері барып, сапасын көріп ғана алдыртады.

- Біз түрлі кәсіптің дәмін татып көрген жөн деп есептейміз. Достарымызбен бірігіп, дәмхана да ашып көрдік. Ісіміз жақсы жүрді. Табысқа кенелдік. Ай сайын миллиондап ақша табуға болады. Бірақ арада келіспеушіліктер туындағандықтан өз үлесімізді оларға сатып, дәмхана ісін тоқтаттық. Десе де, ол да біз үшін бір белес болып қалды. Ең бірінші ата-анамызға, бауырларымызға алғыс айтқымыз келеді. Біздің әр ісімізді қолдап, демеп келеді. Кәсіп бастағанымызға қарсылық танытқан емес. Әкеміз теміржол саласында жұмыс істейді. Анамыз үй шаруасында еді. Біз бизнес бастап көргеннен кейін мен қарап отырмайын деп базардан бутик алып, саудамен айналысып кетті. Біз тапқан табысымыздың бір бөлігін отбасымызға береміз, бір бөлігін өзімізге жаратамыз, бір бөлігін айналымға саламыз, бір бөлігін жинаймыз, – дейді Әділет.

- Үш сауда орнына тауар жеткізу, нарықты зерттеп отыру, тауарға баға белгілеу, сатушы қыздарға уақтылы айлық төлеу – былайша оңай көрінгенімен, өзіндік қиындықтары да бар. Үш жылдан бері түрлі кәсіптің көзін тауып, жасап жүрміз ғой. Білім алуымызға кедергі болған емес. Қолымыз қалт ете қалса, бизнеске қатысты кітаптар оқимыз. Онлайн дәрістер тыңдаймыз. Ал өзіміз секілді жастарға айтарымыз, жұмыс жоқ деп құр қарап жатпасын. Тіл үйренсін. Аз ақшамен кәсіп бастап көрсін. Тәуекелге барудан қорықпау керек. Өзгеріссіз тұрғанша, сүрініп, құлап не болмаса көтеріліп, тәжірибе жинаған дұрыс ғой. Айналаңызға зер салып қарасаңыз, мүмкіндік көп. Жолы көп. Тек аз ұйықтап, еңбек ету керек, – дейді Әсет.

Қолына диплом алған соң Әділет шетелде туристік агенттік ашып, еліміздің көрікті, тарихи орындарын насихаттағысы келеді. Қазақстанды, оның ішінде киелі Түркістанды көруге туристерді көбірек тартсам дейді. Ал Әсет құс фабрикасын немесе демалыс аймағын ашуды көздейді. Бірігіп қонақүй бизнесін бастауды да алдарына мақсат етіп қойған. Сабағымен бірге түрлі кәсіпті қатар алып жүрген, қиындықтан қорықпайтын, ізденуден талмайтын қос жігіттің істеріне сүйсіндік. Және сәттілік тіледік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға