Жаңалықтар

17 тамыз кинопремьералары

Бүгін Қазақстан кинотеатрларына алты жаңа фильм шықты, оның біреуі – отандық.
17 тамыз кинопремьералары
17.08.2017 13:57 2037

Бүгін Қазақстан кинотеатрларына алты жаңа фильм шықты, оның біреуі – отандық.

Жасы келіп қалған боевик жұлдыздарын жинап жүрген «Неудержимые» сериясының үшіншісін түсірген Патрик Хьюз тағы бір экшн-комедиясын ұсынады. «Киллердің оққағары» («The Hitman's Bodyguard») фильмінің актерлік құрамы да жаман емес -  Райан Рейнольдс,  Сэмюэл Л. Джексон, Гари Олдман және Сальма Хайек.

Фильмде тапсырыспен кісі өлтірушінің және оны жауларынан қорғауға жалданған оққағардың басынан кешкендері баяндалады: кәсіби оққағарға жаңа жұмыс табылады, енді ол бәрі тіс қайрап жүрген киллерді қорғауы керек. Өзі де әлгі кісі өлтірушінің көзін құртуға кетәрі емес. Алайда жұмыстың аты жұмыс. Енді соның кесірінен оққағардың өзі де нысанаға ілігеді.

«Эмоджи фильм» (Emoji Movie) - біз смартфонымызда қолданып жүрген эмодзилерге арналыпты. Анимациялық жобаның режиссері - Тони Леондис, ол «Король Лев 2: Гордость Симбы» мультфильміне суретші ретінде қатысып, «Кунг-фу Панда: Секреты мастеров» мультфильміне қоюшы болған.

Сюжетте смартфонның ішіндегі Текстополис деген қаланың тұрғындары туралы айтылады. Әр эмоджи тек бір эмоцияға жауап береді, ал Джин ғана бірнеше эмоцияны қатарынан білдіре алады. Алайда ол өзгелер секілді болғысы келеді, сол себептен достарымен бірге оны өзгертуге көмектесетін бағдарламаны іздеуге шығады.

«Ашық теңіз» - «Open Water 3: Cage Dive» («Open Water») фильмдер сериясына кіретін үшінші жоба. Бұл картиналарды біріктіретін ортақ тақырып – акуламен бетпе-бет келу оқиғасы және сюжетке алынған хикаяның өмірден алынуы.

Үрейлі триллерде үш америкалық студент өздерінің экстремал демалысын видеоға түсіріп жүреді. Олар Оңтүстік Австралияда үлкен ақ акула көру үшін су астына тормен түседі. Алайда кездейсоқ оқиғаның кесірінен достар ақ акуламен бетпе-бет қалады.

Келесі картинаны түсіруге таксишілердің қолымен жасалатын еліміздегі түрлі зорлық-зомбылық оқиғалары себеп болды деп ойлаймын. "Соңғы қалыңдық" («Последняя невеста») - маньяк таксишінің кезекті құрбаны болған қыздың басынан өткенін көрсетеді. Сюжеттегі оқиға орны – Астана қаласы.

Триллер деп ұсынылған фильмді Берік Ошақбаев түсірген, рөлдерде Жұлдыз Әлиманова, Айдан Мұқашев және Ерғұлан Жанпейісов ойнайды.

2015 жылғы «Эверестті» түсірген Бальтасар Кормакур тағы бір жұмысын ұсынады. Бұл жолы фильмді өз елінде – Исландияда түсіріпті. «Ант» («Eidurinn») деген фильмнен Кормакурдың әмбебаптығын көре аламыз – өзі режиссер, сценарийші, продюсер және басты рөлде де өзі.

Сюжетте Финнур есімді белгілі хирург әңгімеленеді, ол қызы үшін алаңдаулы. Аннаның бойфренді Оттар есірткі саудасымен айналысатын қылмыскер. Қызын және өзін қорғау үшін соңғы шараға бармақ болады. Ол үшін Гиппократ антын ұмыта тұруына тура келеді...

«Бабушка лёгкого поведения» - комик Александр Ревваның кезекті образына құрылған комедия.

Трансформер деген лақап аты бар алаяқ – түрлі кейіпке енудің шебері. Осы жолы Саня қылмыскерлердің жолын кесіп кетеді. Ол әже болып киініп, қарттар үйінде жасырынады. Тағдырдың жаңа бетбұрысы оған жақсы адамға айналуына үміт сыйлайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға