17 ақпанда бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды
Оған күн райының бұзылуы себеп болған.
17 ақпанда бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды El.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының орталығында, облыстың оңтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде өңірдің орталығында, күндіз оңтүстігінде екпіні секундына 15-20 метрге жетеді деп болжанды.
Ұлытау облысының солтүстігінде тұман болжанады. Түнде өңірдің батысында, күндіз басым бөлігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 18 м/с құрайды.
Ақмола облысының оңтүстігі мен батысында жаяу бұрқасын болады. Түнде және таңертең облыстың батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз солтүстік-шығыста екпіні 15-20 м/с жетеді.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында көктайғақ, тұман күтіледі. Жел батыстан соғады, облыстың орталығында күндіз күші 15-20 м/с құрайды.
Қарағанды облысының солтүстігінде тұман болжанады. Күндіз өңірдің батысында жаяу бұрқасын күтіледі. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 18 м/с құрауы мүмкін.
Батыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен солтүстігінде көктайғақ болады. Өңірдің батысы мен оңтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып соғады, жылдамдығы – 15-20 м/с.
Жамбыл облысының таулы аудандарында күндіз қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Облыстың батысында, оңтүстігінде, солтүстігінде, таулы аудандарда тұман, көктайғақ болады. Солтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысып, екпіні 23 м/с жетуі ықтимал.
Қостанай облысының басым бөлігінде қар жауады. Облыстың батысында, оңтүстігі мен солтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең өңірдің шығысында тұман болады. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күші күндіз 15-20 м/с құрайды.
