Жаңалықтар

15 қараша – ҚР Ұлттық валюта күні

Биыл төл теңгемізге 27 жыл
15 қараша – ҚР Ұлттық валюта күні
15.11.2020 23:02 8694

Қазақстан Республикасының ұлттық валюта – теңге күні, сонымен қатар еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын 15 қарашада атап өтіледі. Биыл ұлттық валютамыздың айналымға шыққанына жиырма жеті жыл толып отыр. Бұл күн мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, мерейіміз үстем болып, абыройымыз асқақтап, төл теңгемізді қолға ұстаған күн. Осы атаулы мерекеге орай біз ұлттық теңге тарихына тоқталып көрмекпіз.

Ұлттық валютаның енгізілуі

Бұрынғы Кеңес Одағының барлық елінің ішінде Қазақстан рубль аймағынан ең соңғылардың бірі болып шықты. Бастапқыда ұлттық валютаға екі сатылы көшу, яғни, оның ең алғашқысы уақытша ақшаны, содан кейін – тұрақты ақшаны енгізу жоспарланған еді. Бұрынғы КСРО-ның кейбір мемлекеттері мұны өтпелі валютаны қолдану жолымен жасады. Атап айтсақ, Грузияда купондар, Беларуссияда «қояндар», Украинада карбовандар енгізілді. Мұндағы ақшалардың барлығы кәмпит орайтын қағазға ұқсады әрі құн жағынан көптеген адамның тарапынан сенімсіздік туғызды.

Ал Қазақстанда бұл жолдан дереу бас тартылып, бірден ұлттық валютамызды шығару жөніндегі шешім қабылданды. Осылайша 1992 жылы жоғары деңгейдегі Меңдібай Әлінов, Тимур Сүлейменов, Хайрулла Ғабжалилов және Ағымсалы Дүзелханов сынды төрт қолөнер шеберінен арнайы дизайнерлер тобы құрылды. Олардың ұлттық валюта дайындаудағы жұмысы Қазақстан мәдениеті дамуының тарихи аспектілерін зерттеуден басталды. Сөйтіп бірінші серияның дизайны қарындаш, акварель, темперамент көмегімен қолмен жасалып шықты.

Бұл банкноталардың алдыңғы жағында еліміздің Әл-Фараби, С.Аронұлы, Қ.Сағырбайұлы, Ш.Уәлиханов, Әбілқайыр хан, Абылай хан, А.Құнанбайұлы сияқты ұлы тұлғаларының портреті, ал артында Қожа-Ахмет Ясауи кесенесі, байтақ Маңғыстау даласы, Бурабай көлі, заңғар тауы, бүркіт пен шабандоз сияқты мәдениет пен табиғат ескерткіштері орналастырылды.

Теңге атауының берілуі

Валюта дайын болғаннан кейін атауына қатысты біраз дау-дамай туындаған. Ұсынылған түрлі атаудың арасында «ақша», «алтын», «таңға», «сом», «сум» сияқты нұсқалар кездесті. Өйткені Кеңестік рубльдің қазақ тіліндегі аудармасында «сом» деп жазылған болатын. Бірақ дәл тоқсан үшінші жылда қырғызстандық валюта сом деп бекітіліп, нәтижесінде ғалым Сауық Тәкежановтың ұсынысымен отандық ақшамызға қазіргі уақытта елімізде қолданыста жүрген «теңге» аты берілді.

Кей деректерде «танга, донга, тенга» ретінде кездесетін «теңге» сөзі – түркі халқының орта ғасырда есеп айырысқан күміс монеталарының атынан пайда болған. Осылайша теңге атауының тарих сахнасына қайта оралуы – XIII ғасырда өз монеталары соғыла бастаған еліміздің Отырар мен Тараз сияқты ірі қаласының дәстүрін жалғастырды.

Ұлттық валютаның 〒 бейнесіндегі өз символы бар. Көрсетілген теңгелік графикалық бейне транскрипцияда «теңге» сөзінің алғашқы әрпін, сондай-ақ «Тәңірі» сөзінің мағынасын беретін көне түркі алфавитінің нышаны ретінде саналады. Бұл дегеніміз барша түркілер түсінігінде киелі ұғымға ие Көк Тәңірін, сондай-ақ валюта бірлігінің идеясындағы тұрақтылықты, жоғары әлеуеттілікті, динамикалық дамуды және мемлекетіміздің экономикасындағы өсу мағынасын береді.

Алғашқы айналымдағы «Портрет» топтамасы

Бір теңгелікте – Әбу-Насыр әл Фарабидің,

Үш теңгелікте – Сүйінбай Аронұлының,

Бес теңгелікте – Құрманғазы Сағырбайұлының,

Он теңгелікте – Шоқан Уәлихановтың,

Жиырма теңгелікте – Абай Құнанбайұлының,

Елу теңгелікте – Әбілхайыр ханның,

Жүз теңгелікте – Абылай ханның суреті бейнеленді.

Банкнот фабрикасының құрылуы

1992 жылы жиырма алтыншы мамырында Қазақстан Ұлттық Банкінің баспа фабрикасын құру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шықты. Алайда тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ақшасы ежелгі ағылшындық «Harrison and Sons» компаниясында басылды. Осы жұмысының нәтижесінде танымалдыққа ие болған баспа үйі Ұлыбритания Патшайымының «Алтын белгісімен» марапатталды. Өйткені теңге шығару Біріккен Корольдік үшін ең үздік экспорт өнімі еді. Аса құпия режимдегі он сегіз әуе рейсін қажет еткен Ил-86 атаулы төрт ұшақ Ұлыбританиядан Оралға банкноттарды бір апта ішінде жеткізді. Ал рекордтық сегіз күнде ақша елдің банктеріне таратылды.

Иә, 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға енді. Сол күні таңғы сағат 8-де ақша айырбастау басталып, бес күнге созылған. Оған он алты жастан асқан ересек азаматтарға 100000 рубльге дейін, яғни 200 теңгеге дейін айырбас жасауға рұқсат берілді.

Содан екі жылдан кейін, нақтырақ айтқанда 1995 жылы елімізің өз банкнот фабрикасы ашылды. Бүгінгі таңда жинақталған көп жылдық тәжірибе мен дағдының арқасында Алматы қаласындағы банкнот фабрикасы өнім сапасы мен технологиясының бүкіл дүниежүзілік стандартына жауап беріп, ондағы полиграфиялық қорында ақша шығаруды дұрыс жолға қойды.

Еліміздегі айналым банкноттары

Жиырма жеті жылдың арасында елімізде теңгенің «Портрет», «Әл-Фараби», «Бәйтерек» және «Самұрық» деп аталатын төрт топтамасы шығарылды, сонымен бірге, алты номиналдағы банкнот, сонымен қатар жеті номиналдағы тиындардан біршама ақша белгілері қалыптастырылды. Бұл топтама екілік және ондық есептеу жүйесінің артықшылығын көрсететін негізде дайындалған. Аталған технология бұрын да, қазір де әртүрлі елдердің валюталарының номиналды ретін жасаудың ең көп жайылған нұсқасы саналады.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында – 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік номиналдағы банкноттар, сонымен қатар, 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 және 200 теңгелік монеталар айналымда. Тағы айта кетерлігі, былтырдан бастап 1998-2003 жылғы банкноттар жарамсыз деп танылды.

Ал Ұлттық валюта монеталары айналым, инвестиция және коллекция дейтін шартты түрде үш түрге бөлінеді. Олардың басты айырмашылығы қолдану мақсатында ғана.

Ұлттық теңгеміздің қорғалу деңгейі

Жаңа банкноттардың сырт көрінісі, сондай-ақ қорғаныш белгісінде полиграфияның көпқұрамды бөлігін ұдайы өндіру бойынша халықаралық практикада қолданылатын банкноттарды басып шығару саласындағы соңғы жетістіктер пайдаланылды. Атап айтсақ, бейнелердің бедерлілігі, бояуының металдай жылтырлығы, сан таңбасының әртүрлі биіктігі, күрделі сулық белгісі, қағазының мықты қорғалуы, банкноттың ішкі және сыртқы жағынан ерекше күрделі түсті колористік арақатынастар.

Дегенмен банкноттардың қорғаныс дейгейі әртүрлі. Яғни номинал азайған сайын, ондағы қорғаныс деңгейі де аз болады. Мысал ретінде айтар болсақ, 200 теңгелік ақша 10 мың теңгелікке қарағанда аз қолғалған. қорғаныс құралдары аз болады. Барлығы соңғы банкноттарда он сегіз дәрежеде қорғаныс бар. Бүгінде он сегіз түрлі дәрежеде қорғалған қазақстандық теңге әлемдегі ең қауіпсіз валюталардың бірі болып есептеледі. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға