15 маусымда жаңөзендік мұнайшылар тағы Астанаға келеді. Ноғаев не дейді?
15 маусымда маңғыстаулық мұнайшылар талап-тілегінің орындалмауына байланысты Астанаға тағы да келуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде тілшілер Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан осы туралы сұраған еді.
Ол бүгінде облыста мұнай-газ саласында қызмет көрсететін немесе мердігерлік жұмыстарды атқаратын 192 компанияның 57-сі осындай жағдайға тап болып отырғанын айтты. Яғни тендерге қатысқан, бұрын жұмыс істеп тұрған мекеме ұтылып қалып, басқа мекеме ұтып алды. Сондықтан наразылықтар көбейіп жатыр дейді.
Соның 57 компаниясында «ҚазМұнайГаздағы» әріптестеріміздің қабылдаған шаралары арқасында 3 мыңнан астам адам жеңімпаз компанияға ауысты. Мұнда еңбек шарты, жалақысы қажет деңгейде, – дейді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ әкім мұның бәрі бұрын қызмет атқарған жұмыс орнынан төмен емес екенін айтты. Бұл мәселе Жаңаөзендегі азаматтарға да қатысты ұсынылған екен.
Алайда тендерге қатысқан «жеңімпаз мекеменің штатына бар» деген ұсынысты жұмысшылар қабылдаудан бас тартты. Себебі бұлар кезінде сол мекемеден шыққан болатын. Енді бұрыннан көтеріп жүрген 1 жылдық емес, ұзақ жылдық мерзімге жасақтау жөніндегі мәселені «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» компаниясы биылдан бастап шешіп келе жатыр. Яғни аталған жұмысты орындау үшін 3 жылға және қосымша 4 жылға келісімшарт жасауға шешім қабылданды. Бұл жұмыстарға үш жылда 42 миллиард теңге бөлінді, – дейді ол.
Ал 15 маусымда Астанаға келетін мұнайшылардан облыс әкімі хабардар екенін айтты. Бұл жерде текетіреске тұрмай, екі жақтың да мүмкіндіктерін қарастыру және жұмыс істеу керегін ескере отырып, шешім қабылдау қажет екенін айтты.