Кеше, 18:37

14 наурыздан бастап жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталады

Былтыр Президенттің бастамасымен Наурызнаманың онкүндігі мен мерекенің жаңа логотипі бектілген еді. Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі биыл да ерекше аталып өтпек. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Наурыз» логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін білдіретінін айтады. Яғни халқымыздың өткен тарихын, бүгінгі дамуын және болашақ бағдарын айқындайды. Тарихтан тартсақ, Ұлы даланың халықтық мерекесін атап өту бір күнмен шектелмеген. Жаңа күннің туып, жер-ананың бусанған сәтін халқымыз бірнеше күн бойы думандатып өткізген. Сондықтан, Наурызнама идеясы – көпкүндік мерекелеу арқылы Наурыз мерекесінің ауқымын кеңейтіп, тарихпен санасу саналады. Наурызнаманың әр күні қоғам өмірінің түрлі аспекттеріне арналған. Яғни, осы арқылы мерекенің мағынасы мен мәні тереңдей түседі. Наурызнама 14 наурыздан, яғни Көрісу күнінен басталады. Ары қарай онкүндік «Қайырымдылық», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр», «Шаңырақ», «Ұлттық киім», «Жаңару», «Ұлттық спорт», «Ынтымақ», «Жыл басы» және «Тазару» күндерімен өрби түспек.

Бөлісу: