Жаңалықтар

«128 рет шақырту түскен». Шымкентте жылан қаптап, 4 адам ауруханаға түсті

«128 рет шақырту түскен». Шымкентте жылан қаптап, 4 адам ауруханаға түсті
Фото: Видеодан кадр 28.06.2024 12:48 770

Шымкентте бауырымен жорғалаушылар тұрғындардың үйіне кіріп, зәресін алып жүр. Аптап ыстық басталғалы бері құтқарушылардың көмегіне жүгінген жандар күрт көбейген. Өкінішке қарай, жылан шағып, ауруханаға түскен адамдар бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Шымкенттің орталық ауданында тұратын Бақтияр Атамұратов бірнеше күн қатарынан үй маңынан жыланның жорғалап жүргенін көрген. Ер адам содан бері балаларын аулаға көп шығармайтын болған. Өйткені улы жылан шағып, қауіп келтіруі мүмкін деп отыр. Ал жыланды байқап қалған көршілері бірден құтқарушыларды шақырған екен. 

Жақында мазарға барған кезде өз көзіммен жыландардың жорғалағанын көрдім. Көршілерім де оларды байқап қалған. Қайдан шығып жатқаны белгісіз. Көбі ыстықтан деп айтады, – деді шымкенттік ер адам.

Құтқарушылар қалада жыланның көбейгенін жасырмайды. Жаз басталғалы улы жәндікті көрген адамдар төтенше қызметіндегілерді 128 рет шақырыпты. Шымкент жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшысы Рақымжан Бекенбаев биыл 91 жылан ұсталып, қауіпсіз жерге көшірілгенін айтты.

Жылан Забадам, Сәуле, Азат, Самал, Қайнарбұлақ саяжайы, Тельман және тағы басқа шағынаудандарда көп кездескен, – деді Рақымжан Бекенбаев.

Дәрігерлер жыл басынан бері жылан шағып, 4 адамның ауруханаға түскенін айтады. Тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін тұрғындардың барлығы амбулаториялық емге жіберілген екен. М.Орынбаев атындағы емдеу орталығының бөлім меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов жыланның уын алу үшін міндетті түрде жедел жәрдем қызметін шақыру керек екенін ескертті. 

Көбінесе бізге келіп түсетін науқастардың 90-95% десек болады. Шаққан кезде аяғынан шағады. Жүріп бара жатқанда байқамай қалады. Шаққан кісіні асықпай жатқызып қойып, аяғын сәл көтеріп қою керек. Шағып алған күнде шаққан жерді сорып тастауға, пышақпен кесіп күйдіруге болмайды, – деді дәрігер.

Жыланның шаһарда қаптап кетуіне қатты ыстық пен ылғал әсер етті дейді мамандар. Сондықтан тұрғындарды сақ болуға шақырады. Өйткені жұптасу кезінде жәндіктер өте қауіпті болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға