12 жасар қызды бортқа мінгізбеген «FlyArystan» жауапкершілікке тартылды
Азаматтық авиация комитеті 12 жасар қызды бөтен қалада жалғыз қалдырып кеткен FlyArystan компаниясы жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Комитет жолаушылардың құқығы әрқашан сақталуы керектігін алға тартады.
Алматы – Астана бағыты бойынша рейс кешіктірілген кезде қызметтерді ұсынбауға байланысты (жолаушылар қонақүйге орналастырылмаған, жолаушыларды әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай трансфер ұйымдастырылмаған) «FlyArystan» әуекомпаниясына қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, авиакомпанияға 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды – делінген хабарламада.
ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі кезінде қызметтерді тиісінше ұсыну бөлігінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін отандық және шетелдік авиакомпанияларды жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмысты жалғастырып жатыр.
Комитет жолаушылардың құқықтарын сақтау бөлігінде заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтау Азаматтық авиация комитетінің жұмысында басымдықтардың бірі және авиакомпаниялар тарапынан бұзушылық фактілері анықталған жағдайда көзделген шаралар қолданылатынын мәлімдеді.