12 сәуір - Ғылым қызметкерлері күні

Қазақстанда жыл сайын 12 сәуір күні Ғылым қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл қоғам дамуының ең маңызды қозғаушы күшіне айналған ғылым саласының өкілдеріне арналған ерекше күн, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл мереке 2011 жылы Қазақстан Республикасының сол кездегі Президентінің Жарлығымен бекітілген болатын. Айтулы күн 2012 жылдан бастап тойланып келеді. Осылайша елімізде ғылым саласының дамуына үлес қосып жүрген зерттеушілер мен ғалымдарға ерекше құрмет көрсетілетін күн қалыптасты.
Бұл датаның дәл 12 сәуірге таңдалуы да тегін емес. Өйткені бұл қазақ ғылымының негізін қалаушы, еліміздің тұңғыш академигі, көрнекті геолог әрі қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күніне сәйкес келеді.
Қаныш Сәтбаев – қазақ ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан тарихи тұлға. Ол Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті болды, және Қазақстандағы көптеген ірі кен орындарын зерттеп, ғылыми тұрғыда дәлелдеген.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025-2027 жылдарға арналған ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 531,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
Елімізде жыл сайын ғалымдарға мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, 423 жас ғалымға пәтер берілсе, ғалымдардың жалақысы 18 пайызға өсті. Бұдан бөлек бұл сала мамандарына ғылыми атақтары үшін қосымша ақылар 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін көтерілді. Сонымен қатар 500 ғалымға шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берілсе, «Жас ғалым» гранттық қаржыландыруға арналған конкурстар іске асырылды. «Үздік ғылыми қызметкер» номинациясы бойынша 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 50 сыйлық тағайындалды. Ал 2024-2025 оқу жылына арналған докторантураға ғылыми кадрлар даярлау үшін 2919 грант бөлінді.
9 ірі кәсіпорындармен ғылыми-технологиялық сессия, 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ҚР Үкімет жанындағы жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысына 11 техникалық тапсырма ұсынылды.
Қазақстандық ғалымдар соңғы жылдары биотехнология, жасанды интеллект, энергетика және экология бағыттарында халықаралық зерттеу жобаларына белсене қатысып жүр.
Қазақстан ғалымдарының бірқатар жобалары шетелдік ғылыми орталықтар тарапынан мойындалып, халықаралық деңгейде қаржыландырылып отыр.
Соңғы жылдары мектеп оқушылары мен студенттердің ғылыми жобаларға қызығушылығы артып келеді. Олар түрлі олимпиадаларда, байқауларда ел намысын қорғап жүр.
Ғылым – жай ғана зерттеу емес. Бұл – жаңа жаңалық ашуға, қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұлы миссия. Ал ғалымдар – осы жолдағы шынайы қаһармандар. Олардың еңбегі – медицинаның дамуы, жаңа технологиялар, экологияны сақтау, білім беру сапасының артуы – қысқасы, ел болашағының кепілі.
Айта кетейік, Қазақстанда ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысатын ғылыми кадрлар саны 25,5 мың адамды құрайды. Олардың жартысынан көбі – әйелдер. Ал 46% жастардың үлесінде. Қазіргі таңда елімізде 400-ден астам ғылыми ұйым жұмыс істейді.
Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ Президент бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады.
