Жаңалықтар

12 сәуір – ғылым қызметкерлері күні

12 сәуір – ғылым қызметкерлері күні
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 12.04.2024 09:18 1051

Бүгін – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күн.

Ол қазіргі Павлодар облысының, Баянауыл ауданының ҚИ.Сәтбаев атындағы совхозында 1899 жылы дүниеге келген. 1921 жылы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының кен факультетінің геологиялық барлау бөліміне оқуға түседі. Институтты бітіргеннен кейін Қ.И..Сәтбаев өзінің туған еліне оралып, өмірінің басым көпшілігін оның геологиясын зерттеуге және туған өлкесінің минералдық шикізат негізін жасауға арнап, барлау, ғылыми ізденіcтерінің нәтижесін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты.

Ол 1920-1930-шы жылдары кең көлемді барлау жұмыстарына басшылық жасап, оларға тікелей қатынасуымен бірге Жезқазған-Ұлытау, Қарсақпай, Қаратау полиметалл кендері жөнінде іргелі ғылыми еңбектер жазды.

1926-1941 жылдары Атбасар, Қарсақпай трестерінде геологиялық бөлімінің жетекшісі және бас геолог болған Қаныш Имантай ұлы Жезқазғанның одақтағы ірі мыс рудалары бай аудандар қатарына жататынын бұлжытпай дәлелдеп, минералды шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай сияқты аймақтарға ерекше назар аударды.

Академик ҚИ.Сәтбаевтың көп қырлы талантының жарқын көрінісі – ол, ғылыми жұмыстардың ұлы ұйымдастырушысы болды. Оның халқына мұраға қалдырған қазынасы – іргесін өзі қалаған, ғылым ордасы Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы болып табылады.

Академиктің қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған. Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырып, ондағы бөлімдерді, оған қарайтын институттарды, зертханаларды, секторларды, базаларды дұрыс жоспарлаған. Ғылыми кадрлар дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін халық шаруашылығының мүддесіне бағыттап, шаруашылық және мәдени құрылыстың басты мәселелерін шешуге белсене қатысқан. Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын – Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған – Ұлытау өңірлеріндегі темір, марганец, т.б. көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.

Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.

Айта кетейік, 2011 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев жарлық шығарып, 12 сәуірді ғылым қызметкерлерінің күні ретінде бекітті.

Мереке  2012 жылдан бастап тойланып келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға