Жаңалықтар

12 сағатта 250 тонна темір шығарамыз – металлург Саламат Ділмағамбетов

12 сағатта 250 тонна темір шығарамыз – металлург Саламат Ділмағамбетов
Фото: Ақтөбе ферроқорытпа зауыты баспасөзі 21.07.2024 10:00 1270

Жыл сайын елімізде шілденің әр үшінші жексебісінде Қазақстан металлургтерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Биыл атаулы күн 21 шілдеге тұспа-тұс келіп тұр. Мереке қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жүздеген жұмысшы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың бірі – Саламат Ділмағамбетов. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі білікті маманмен тілдесіп, металлургия саласының қарқыны туралы сұрады.   

Саламат Ділмағамбетов – 43 жаста. Ақтөбе облысы Темір ауданы Жамбыл ауылынын тумасы. Бүгінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. Қазақстанның нағыз еңбек адамы деп айтуға болатын маман. Биыл Еңбек даңқы ІІ дәрежелі наградасымен де марапатталды.

El.kz: Саламат, марапатыңыз құтты болсын! Президент тарапынан көрсетілген құрмет жайлы айтсаңыз?

 Құттықтауыңызға рахмет! Біз секілді қарапайым жұмысшының еңбегін бағалап жатқан мемлекет басшысына алғысымды білдіремін. Бұл жалғыз маған емес, біз секілді  құрыш құйып, болат балқытқан қайсар жандардың ортақ марапаты деп білемін. 

 El.kz:  Өзіңіз металлургия саласындағы қызметіңізді қашан, қалай бастадыңыз?

Саламат Ділмағамбетов: 2002 жылы 30 шілдеде Ақтөбе ферроқорытпа зауытына алғаш жұмысқа орналастым. Бір жыл көлемінде слесарь-ремонтник болып қызмет атқарып, кейін №2 балқыту цехына шлаковщик болып ауыстым. Арада бір жыл өткен соң балқытушы қызметіне тұрдым. Уақыт өте №22 пеш бөлімінің бригадирі де болдым. 2014 жылы дүниежүзі бойынша қуаттылығы ең жоғары 72Мвт-тық 4 пеші бар №4 цех  ашылды. Басшылықтың шақыртуымен цехқа келдім. Осылайша, 10 жылдан бері №4 цехтың бригадирі болып қызмет атқарып келемін. Бүгінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүргеніме 22 жыл.

El.kz: Әдетте, жұмыс күніңіз қалай басталады? Зауыт жұмысшыларына қандай да бір қатаң талап бар ма?  

Саламат Ділмағамбетов: Зауыт күнделікті тоқтаусыз жұмыс істейді. Екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Есесіне жұмыс күні – 12 сағат.  Жұмыс уақыты 08:00-де басталып, 20:00-ге дейін болады немесе 20:00-де басталып, таңғы 08:00-де аяқталады.

Металлург болып жұмыс істеу үшін мықты денсаулық керек. Металлургтың жұмысы – ауыр. Сол себепті міндетті түрде жылына бір рет медициналық тексеруден өтеміз. Сонымен қатар күнделікті жұмысқа келгенде денсаулығымызды тексереді, қан қысымымызды өлшейді, арнайы құрылғымен алькоголь ішкен-ішпегенімізді анықтайды. Тексеруден өткеннен кейін әрі қарай жұмысқа өтеміз. Жұмыс күн тәртібін бекітуден басталады. Ол үшін жедел диспетчерлік қызмет маманы келіп жоспармен таныстырады. Мәселен, бүгінге 250 тонна металл шығару керек, пештің қуатын қаншадан арттырмау керегін түсіндіреді. Бір пеште 7 адам жұмыс істейді. Мен бригадирмін. Қалған 6 адам металл шығаратын балқытушы.

El.kz: Металлургия саласында 22 жылдан бері қызмет етіп келесіз. Бұл аз уақыт емес. Осы жылдар аралығында саланың қаншалықты дамып, қарқын ала бастағанын өз көзіңізбен көрген жандардың бірісіз. Бүгінгі металлургия саласының ахуалына қандай баға берер едіңіз?

Саламат Ділмағамбетов: Соңғы 20 жылда Қазақстанның металлургия саласының қарқыны артты. Мамандар да көбейді. Жаңадан цехтар салынды. Олардың 80 пайызы автоматтандырылды. Зауытта өнімнің сапасына үлкен мән беріледі. Тұтынушылар өнім сапалы болмаса келесіде алмай қояды. Сонымен қатар сапаға қатысты өзіндік айыппұлдар салынады. Металл сапасыз болса, жұмыс дұрыс өнбейді. Ол тапсырыс берушілердің сұранысына да байланысты. Бүгінде феррохромның маркасын 750-ден бастап, 950-ге дейін шығарамыз. Төртінші цехта феррохром шығарады. Зауытта металл шығаратын жалпы 4 цех бар. Одан бөлек қосымша цехтар бар. Олар металлды дайындау, тазалау үшін қажет. Тағы ремонт цехтары бар. Феррохром – темірдің ең негізгі компоненті. Одан қара темір, шойын шығарады. Ол барлық жерде қолданылады.  

Қара металл әлемде кеңінен танымал. Жалпы зауытта руданы балқытып, қара металл шығарамыз. 12 сағатта 250 тонна металл шығаруға қауқарымыз жетеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Біз қуаттылығы өте жоғары пештермен жұмыс істейміз. Жұмыс ауыр әрі қауіпті болғандықтан қауіпсіздік ережелері қатаң түрде сақталады. Зауытта қауіпсіздік жағдайы бірінші кезекте бақыланады. Арнайы ыстыққа төзімді киім беріледі. Олардың сапасы өте жоғары. Жұмысшыларға уақытылы тамақ беріледі. Еңбек демалыстарына шығып, санаторилерге жолдама береді. Жалпы салада сапа артуда.

Металлургтерге өндіріс тарапынан мүмкіндіктер жасалғанымен, ашығын айту керек салада жалақы төмен. Осы уақыт аралығында инфлияцияның өсімімен ғана өсіп отырды.  

El.kz: Металлургия саласына жастардың қызығушылығы бар ма? Сіздерде қанша жас маман жұмыс істейді?

Саламат Ділмағамбетов: Жалпы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 5 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Қазақстанда металлург сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Жыл сайын жас мамандар жұмысқа орналасады. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі «Металлургия» факультетінін студенттері келіп, зауытпен танысып, тәжірибеден өтеді. Жастардың металлургия саласына, жалпы Қазақстанның тау-кен саласына деген қызығушылықтары байқалады. Менің інім де металлургия саласында жұмыс істеп жатыр.

El.kz: Балаларыңыз әке жолын қуамын деп, металлургия саласында жұмыс істеймін десе қолдауға дайынсыз ба?

Саламат Ділмағамбетов: Өзім көпбалалы әкемін. Төрт балам бар. Балаларым қазіргі таңда басқа салада оқып жатыр. Дегенмен олардың ауыр жұмыс істегенін қаламаймын. Егер өздері қалап тұрса, әрине қарсылық танытпаймын. Әрдайым қолдауға дайынмын. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға