11 қыркүйекте елімізде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі

ТЖМ тұрғындарды белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сейсмикалық жаттығулар барысында тұрғындар жойқын жер сілкінісі кезіндегі өзін-өзі ұстау ережелерімен танысып, қауіпсіз орындарды анықтау, зардап шеккен халықтың қабылдау пункттеріне жиналуы сияқты кейбір іс-әрекеттерді іс жүзінде пысықтайтын болады.
«Баршаның назарына!» сигналын естіген кезде сабыр сақтаңыздар. Тұрғындарға мүмкіндігінше ғимараттан шығу қажет. Ал ғимараттан шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда, қауіпсіз жерді паналау қажет, - делінген мәліметте.
ТЖМ мәліметінше, сейсмикалық жаттығулар «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізілуде. Оның негізгі мақсаты – халықты жер сілкінісіне дайындау, оларға жалпы қауіпсіздік мәдениетін үйрету, сондай-ақ азаматтық қорғау күштерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерге әзірлік деңгейін арттыру.
Сейсмикалық қауіпті өңірлерде жаттығулар сағат 10:00-ден 11:00-ге дейінгі аралықта өтеді (Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары).
