Жаңалықтар

100 жаңа оқулық: бұрын-соңды болмаған бастама

100 жаңа оқулық Қазақстан әлеуетін арттыруға бір қадам
100 жаңа оқулық: бұрын-соңды болмаған бастама
Фото: press@100kitap.kz 23.10.2017 16:15 14414

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында аталған арнайы жобалардың қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бастамасы да бар. Бұл жобаны іске асыру мақсатында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылды. «Ұлттық аударма бюросы» алдыңғы қатарлы ЖОО-лармен бірлесе отырып, алғашқы 18 оқулықты аударып, келесі оқу жылында көпшілікке ұсынбақ. Оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, дінтану, мәдениеттану, тіл білімі, антропология, экономика, менеджмент және кәсіпкерлік бағыттарын қамтиды. Аударма жұмысына жүзден аса оқытушы ғалым, аудармашы, редакторлар мен баспагерлер тартылды.

«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ және Еуразиялық интеграция институты бірлесе отырып, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» атты халықаралық конференция ұйымдастырған болатын. Конференция барысында қазіргі гуманитарлық білім, аударманың негізгі әрі өзекті мәселелерімен қатар, латын әліпбиіне өту барысында кезігетін орфография мәселелері сөз болды. Бюро негізінде құрылған аудармашылар қауымдастығындағы аудармашылар мен редакторлардың біліктілігін арттыру, терминологиялық сөздіктер мәселесі, терминдерді біріздендіру мен анықтамалықтар дайындау жобалары талқыланды.

Конференцияға қатысқан мемлекеттік орган басшылары, ғалымдар мен ұстаздар, аудармашы-редакторлар мен баспагерлер жоба аясында қол жеткізуге болатын бірнеше міндеттерді атап өтті. 100 оқулықты аудару – ғылыми контентті көбейтіп, қазақ тілінің ғылыми қорын халықаралық ғылыми лексикамен байытады. Сондай-ақ, ЖОО-дағы білім мазмұны әлемдік деңгейге көтеріліп, еліміздегі аударма мектебін дамытуға зор үлес қосады. 

Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығметов конференцияда сөйлеген сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен маңызына тоқталып, конференцияға қатысушыларды институт іске асырып жатқан жобалармен таныстырып өтті. Сондай-ақ, конференция қонақтары, ғалымдар мен аудармашылар сөз алып, жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, академик, профессор:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан кейін елімізде үлкен рухани қозғалыстар болып жатыр. Тәуелсіздіктен кейінгі үлкен құбылыс, осы «Рухани жаңғырудан» кейін орын алады деп үміттенемін. «Туған жер» бағдарламасы бойынша, латын әліпбиіне көшуге байланысты Қазақстанның жер-жерінде сөз болып, қызу талқыланып, нақты істер қолға алынып жатқаны көз қуантады. Осы бағдарламалардың негізінде «Ұлттық аударма бюросы» құрылғанына шын жүректен қуаныштымын! Ең алдымен кітап сапасына, кімді, қандай кітабын аударып жатқанымызға мән бергеніміз абзал. Келешек ұрпақ мұндай маңызды аудармаларға мұқтаж. Кітаптарды аудару барысында көптеген сұрыптаулар жасалып, олар халыққа түсінікті тілмен жеткізілсе деген тілегім бар.

Реми Хесс, жоба аясында аударылып жатқан оқулықтардың бірінің авторы, француз философы, профессор:

– Қазірде «гуманитарлық ғылым» деп аталатын білім санаты Францияға да еніп жатыр, бірақ атауы «философия» болмақ. Ол антропология, психоанализ, әлеуметтану мен психология мәселелерін де қамтиды. Менің философияның таңдаулы 25 кітабы туралы еңбегім гуманитарлық ғылымдармен таныстырып, философияның кеңейтілген өрісін ескереді. Себебі, онда тек философтар ғана емес, басқа салада еңбек еткен, бірақ философиялық ойлары бар О.Конте, З.Фройт, Х.Лефевр секілді ғалымдар да аталған.

Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» атқарушы директоры:

– Осы жобаның аясында биылғы жылы 17 оқулық таңдалып алынған болатын. Журналистер дайындайтын оқу орындары бойынша медиаға байланысты тағы бір оқулық қосылды. Осы оқулықтармен қызу жұмыс жүріп жатыр. Жүзге жуық мамандар тартылды, олар оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар, тілшілер, баспагерлер, аударма ісін білетін мамандар. Аударма бірнеше сатыдан тұрады, бірінші кезекте тіл білетін мамандар аударманың алғашқы нұсқасын шығарады. Аударма тобында болмаған ғалымдар ғылыми редакциясын жасайды, содан кейінгі үлкен шаруа – әдеби редакция, тіл мамандары, баспагерлер, олардың тілдің заңдылығын, нәрін сақталуын қамтамасыз етеді. Осы тұста көп мәселелер туындайды, оның бірі – ғылыми дәлдік, көркемдік сапасы. Аударма ісінде ғылыми лексика, терминдер, стиль мәселесі секілді қиындықтар кездеседі. Әртүрлі көзқараста әртүрлі ұстанымдар бар. Өткізіліп жатқан жиынның мақсаты – осы мәселелерді жан-жақты талқылап, тәжірибесі мол мамандардың пікірі мен осы уақытқа дейін қазақ аудармасы мектебінде жинақталған тәжірибені ескере отырып, кітаптарды сапалы шығаруға талпыну. Бұл бұрын-соңды болмаған үлкен бастама, яғни бұған дейін осындай көлемде гуманитарлық білім беретін әлемдік оқулықтар қазақ тіліне аударылып көрген жоқ. Гуманитарлық ғылым дүние жүзінде үлкен өзгеріске ұшырап жатыр. Тез дамудың әсерінен философия, әлеуметтану секілді басқа да салаларда жаңадан туындап жатқан сұрақтарға «қалай жауап іздейміз?» деген мәселелер талқыланып жатыр. Біз осы аудармалар арқылы Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының аудиторияларындағы талқының деңгейін әлемдік деңгейге алып шыққымыз келеді. Дүниежүзілік ең алдыңғы қатарлы оқу орындары «қандай тақырыптарға ден қойып жатыр?», «қандай идеялар мен теорияларға сүйеніп жатыр?» деген секілді сұрақтардың жауабы біздің аудиторияға келуі тиіс. Сондай-ақ, бұл сол идеялармен ғана оқуға міндетті деген сөз емес, мұндағы мақсат – түрлі пікірдің бар екенін білу. Оларды меңгеру барысында жас қазақстандықтардың маман, тұлға ретінде қалыптасуын мейлінше ескеру. Екінші үлкен міндет – аударма мектебін жетілдіру. Сөздіктер, теория мен тәжірибеге қатысты қосымша жұмыстар да жүргізіледі.

Аударма жұмысына қатысам деген аудармашылар аз емес, бірақ, оны өз деңгейінде алып шығатын мамандар керек. Осы жобаның 100kitap.kz деп аталатын сайтында «жобаға ат салысамын» дейтін адамдардың мәліметтерін қабылдайтын арнайы функция бар. Барша еліміздің азаматтарын осы іске араласуға шақырамыз! Жалпы аударылуы тиіс деген оқулықтарға ұсыныс беремін деушілерге де мүмкіндіктер қарастырылған.

Елбасының тапсырмасы бойынша 2018 жылы осы оқулықтардың алғашқы легі оқу орындарына келуі тиіс. Биылғы жылы 18 оқулық аударылып жатыр. Бұл оқулықтардың тізімін және оларға түсініктемені жобаның веб-сайтынан оқуға мүмкіндік бар. Ал қазірде аударма ісі, оларды редакциялау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Кітаптарды қалай таңдадық? Енді осыған тоқтала кетейін. Еліміздегі оқу орындарына «аудиторияларға қажет деген оқулықтардың тізімін берсеңіздер» деген өтінішпен хабарластық. Ұсынысқа жауап ретінде әр түрлі салада, әр түрлі тілде 800 аталым келді. Осы жобаға жауапты жұмыс тобы өзара келісілген талаптар мен критерийлердің негізінде биылғы жылға 18 атауды таңдап алды. Яғни оқулықтар дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бағдарламарында болуы тиіс, кемінде 3 басылым көруі қажет, соңғы шыққан басылым 2014 жылдан бері шығуы маңызды, яғни оқулықтардың өзектілігі мен сұраныста екендігі дәлелденуі қажет. Бұның сыртында биологиялық бейтараптығы, қандай да бір салаға шолу жасайтын белгілі бір концепциялар мен тұжырымдар жетегінде кетпейтін оқулықтар болуы тиіс. Жалпы айтқанда, қазіргі заманға сәйкестігі ең маңызды рөл ойнайды. Сонымен қатар, осы оқулықтармен бірге жүретін түрлі қосымшалар шығарылады.

Бұл кітаптар жалпы оқырман қауымға қызықты болады деп ойлаймыз. Мысалы, бүгін авторы келіп отырған «Философияның таңдаулы 25 кітабы» деген француз профессорының еңбегінде жалпы қауымды қызықтыратын нәрселер өте көп. Тек бұл емес, басқа да кітаптар кең аудиторияға бағытталады. Таралымға келетін болсақ, жоспар бойынша әр атаулы кітапты 10 мың данамен басып шығарып, оқу орындарына тегін таратамыз, оларды саталымға шығармаймыз. Сонымен бірге оқулықтардың электронды нұсқасын 100kitap.kz және басқа да сайттарда орналастырамыз.

Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық аударма бюросының ғылыми кеңесшісі:

– Оқулық дегеніміз – ұлттың санасын қалыптастыратын дүние. Әлемнің озық деген оқулықтарын аудару арқылы біз білім, ғылым саласындағы озық ойды жастардың санасына құйып, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тең ойлай алатын, бәсекелесе алатын ұлтты қалыптастырамыз. Жалпы, аударманың қазақ тарихында өз даму, қалыптасу кезеңдері бар. Мәселен, ХІХ ғасырда аудармамен айналысқан Абай, Шәкәрім, Ахаметтің таным-түсінігі кеңестік кезде қалыптасқан аудармашылардан әлдеқайда басқаша. Олар көшпелі өмір салтын көрген, дәстүрлі қазақ отбасында тәрбиеленген. Тіпті, Петербургта оқыған Әлихан Бөкейханов та, Әскери академия бітірген Бауыржан Момышұлының өзі де таза қазақы отбасында тәрбиеленген. Олардың аудармаларында қазақы иіс, қазақы нақыш болды, бізге сіңімді, түсінікті етіп ұсынды. Ал өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бастап, кеңес үкіметінің саяси жүйесі кіріге бастағандықтан, кеңестік идеология, кеңестік білім саясатындағы аудармашылықтан шыға алмадық. Бүгінде аударманы ұлт мүддесіне бейімдеу күрделі мәселелердің біріне айналып отыр.

Орыс тілінің сөйлем құрылысы мен стилін қазақ тіліне көшіру деген тенденция пайда болды. «Болып табылады», «жүзеге асырылады», «демек» деген секілді сөз тіркестерінен бастап, барлық сөйлем құрылысы орыс тілінен көшірілді. Дәл осы қауіп бүгінгі күні де туындап отыр. Ендігі, ағылшын тілінің аудармашылары, әлгіндегідей сөйлем құрылысын көшіріп берсе, келесі буын ағылшын сөйлем жүйесімен сөйлеп, ойлауға көшеді.

Бүгінгі «үтір», «нүкте», «бастауыш», «баяндауыш» деп отырғанымыз, Байтұрсынұлының арқасы, ал Күдериннің өзі 300 биологиялық термин жазып қалдырды, соның 90 %-ы қолданысқа енді. Бүгінде осы терминология мәселесі бойынша қоғамда көптеген пікірталас туындап отыр. «Қазақшалау керек пе?», «Әлде сол күйінде қалдырамыз ба?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеп отырмыз. Әр туындаған мәселеге атүсті қарамай, нақты шешімін тауып, келешек ұрпаққа сапалы дүние қалдыруды ойлағанымыз жөн.

Эльмира Оразалиева, филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің профессоры:

– Назарбаев университетіндегі студенттер ғылым мен техниканың тілін ағылшынша оқуға мәжбүрліктерін, қазақ тілінде мағлұматтардың аздығын, тапшылығын айтып отыр. Біз қазақ тілін дәстүр мен мәдениеттің тілі ғана емес, қоғамға қажет, әлеуметтік барлық мәселені қамтамасыз ететін тіл ретінде көргіміз келеді. Осыған орай 100kitap.kz сайтындағы ақпараттар, тіл бағдарламалары, жасалып жатқан аудармалар әлемдік білімді қазақ тілі арқылы жеткізудің алғышарттары деп санаймын. Ағылшын тілінен аударылатын техникалық, гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдардың қай қайсысын алатын болсақ та, кәсіби маманның біліктілігіне зәру. Мен жасалып жатқан жұмысқа оң баға бере отырып, бұл жоба мынандай үш кезеңнен өту керек деп есептеймін: бірінші – аударма кезеңі, келесісі – кәсіби сараптама кезеңі, ал соңғы кезең – ғылыми-көркем сараптама кезеңі. Ғылыми сұрыпталған аудармаға көркемдік аса қажет. Ол кітаптарды оқырманға түсінікті тілмен, бірізділікпен жеткізудің жолы.   

Қазіргі жастар аударма оқулықтарды жаратпайды. Себебі, ондағы аударма түсініксіз, сөйлемдері ұзақ, шұбалаңқы, он-он бес  беттен соң, оқушы одан да түпнұсқасын оқығаным дұрыс деп шешеді.

Бүгінгі қазақ тілінің өзекті мәселелерінің бірі – орфогорафиялық сауаттылықтылықты қалыптастырған жөн. Орфографиялық сауаттылықтан орфографиялық дағды деген мәселе шығады, яғни, нақты қалыптасқан ережелер. Бүгінгі күннің басты мәселелерінің біріне айналып отырған емле ережелері қоғамның кез келген мүшесі білетін деңгейге жетсе деген ниет бар. Орфографиялық бірізділік – емле жазуларының тұрақтылығы. Орфографиялық сөздікті 2-3 жыл сайын ауыстырып шығара беретін болсақ, баланың санасында қалыптасатын норма болмайды. Сол үшін осы ережеге сәйкес келетін кітаптарды аудару арқылы бірізділікті қалыптастырған дұрыс.

Конференция барысында көптеген мәселелер талқыланып, қатысушылардың жан-жақты пікірлері тыңдалды. Рауан Кенжеханұлы қорытынды сөзінде, айтылған барлық ұсыныстарды қарастыратындарын жеткізді.

.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға