Жаңалықтар

«100 жылдан кейін баспаналы болады». Депутат жетімдерге арналған тұрғын үй кезегінің жұмысын сынады

«100 жылдан кейін баспаналы болады». Депутат жетімдерге арналған тұрғын үй кезегінің жұмысын сынады
Фото: © Pixabay.com 22.11.2023 11:26 728

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова 63 мыңға жуық ата-анасының қамқорлығынсыз өскен азамат баспана ала алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім мәртебесі бар 63 мыңға жуық азамат баспанасын уақытында ала алмаған. 30 жыл бойы бұл мәселеге іс жүзінде назар аударылған жоқ. Енді, міне, баспанасыз отыр. Бірақ әлі де мемлекет өз міндетін атқарар деген үміттері бар. Дегенмен баспана осындай (өте баяу – ред.) қарқынмен беріліп жатса, олар 100 жылдан кейін ғана баспана алады. Бұл мәселені қалай шеше аламыз деп ойлайсыз? - деді Ирина Смирнова.

Депутаттың бұл сауалына өнекәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жауап берді.

Расында, қазір 62 мың жетім бала кезекте тұр. Мәселе ел көлемінде. Біз ең алдымен ваучерлер идеясын тыңдап, оны ескеріп, не істеуге болатынын көреміз. Қазір жетімдерге арналған тұрғын үй бағдарламаларының әлі де бар екенін атап өткім келеді. Өкінішке қарай, жетім санатындағы азаматтар тұрғын үй кезегінде ұзақ тұрып қалады. Себебі, оларды кезекке тіркегенде, мұндай қағида (үйді беру – ред.) үнемі реттілікпен сақтала бермейді. Баспана беру реттілігінде біз бір жылдың кезегін аяқтамайынша, келесі жылға өтпейтін норма ұсынып отырмыз. Бұл азаматтардың тұрғын үй кезегінде ұзақ мерзімде тұрмауына мүмкіндік береді, - деді министр.

Бұған дейін министр 232 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылатынын айтқан болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға