Жаңалықтар

«100 жаңа есім» арқылы ұлттық бренд қалыптастыруға болады

«100 жаңа есім» арқылы ұлттық бренд қалыптастыруға болады
25.09.2018 11:35 4075

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның келбетін бейнелейтін 100 жаңа есімді анықтау керектігін қадап айтқан болатын.

«Осы жоба арқылы жастар өмірге шынайы көзбен қарап, биікке шығуға ұмтылуы тиіс» деген Елбасы, әсіресе, қазақтың оқыған, білімді жастарын осы жобаға атсалысуға шақырды.  Қазір елімізде бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында аудан, ауыл, қала көлемінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, рухани деңгейі биік, әлеуеті жоғары, бойына бар асылын жиған жаңа тұлғалар елге таныстырылуда Жалпы, қазақ халқы қай кезде де батырларын дәріптеп, ақындарын әспеттеп, топты жарар жүйріктерін биікке көтере білген. Осының арқасында қазақтың қаншама тұлғалары ел алдында еркелеп жүр.

Ал, Елбасымыздың көтеріп отырған «100 жаңа есім» бастамасына қатысты ел тұлғаларының  өзіндік айтар ойлары бар. Мысалы,  бұл ретте ғалым, психология ғылымының докторы Жандос Сайлаубай былай дейді: «Біз үшін әрдайым білімді жетілдіріп, көкжиегімізді кеңейтіп отыру маңызды. Осы мақсатпен мен 2017 жылы 6 ай Венгрия қаласында оқып келдім. Сонда аңғарғаным, Венгрияның өзінің атақты тұлғаларын дәріптеп отыруы аса қуантты. Венгрияның орталық кітапханасына бір ғана кіріп шықсаңыз, онда ел зиялыларынан бөлек, атағы енді таныла бастаған жастарына дейін  құрметтеп, олар туралы кең ақпарат береді. Әлгі жастардың жасаған жұмыстарын оқып отырып, «біз де неге осындай болмасқа?» деп талпындық. Сондықтан, тұлға, зиялы қауым деген, олар тек аузы дуалы қариялар ғана емес, бүгінгі жастардың арасында да бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Ендеше, осы жолда қазақ жастары өз мәртебесін көтеріп, елдің, жердің айбарлы тұлғасына айналсын десек, оларды қолдау керек».

Жас маман Жандос Сайлаубайдың пайымынша, 100 жаңа есім –  жастардың мәртебесін көтеретін бастама.

Біздің тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды. Осы аралықта көптеген тұлғалар халыққа танылды. «Жүзден —  жүйрік, мыңнан —  тұлпар» шыққан талай саңлақтар ел үшін қызмет етіп жүр. Өкініштісі сол,  тұлғалардың қайсыбірін көпшілік кеңінен тани бермейді. Осыған орай біз тілдескен тарихшы ғалымдар «насихатты арттырып, тұлғаны дәріптеу ісін тереңдету қажет» деп санайды.

«Жалпы, Қазақстанды 130 ұлттан астам халықмекендейді. Олардың ішінде танымалы да, танылмай жатқаны да бар. Осы ретте өз басым 100 жаңа есім жобасын қолдау керек деп есептеймін. Себебі, тәуелсіздігіне 25 жыл болған ел үшін тұлғаларын танытып, тарихын тасқа басқандай анықтап жазу маңызды. Мысалы, қазір мектеп қабырғасындағы оқушылар жас ақындарды тани ма?! Жас ғалымдарды біле ме?! Менің ойымша, мектеп қабырғасында оқитын оқушылардың басым бөлігі жас әншілерді тануы мүмкін. Ал, жас ақындардың сапынан бір-екеуінің атын айтып, түсін түстесек, болды, ары қарай мүдіріп қалады. Сондықтан, мектеп қабырғасынан бастап біз оқушылардың санасына жаңа есімдерді сіңіріп өсірсек, олардың тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал етеміз», – дейді ғалым Марал Төртенова.

Экономист-ғалым Марал Төртенованың байыптауынша, әр бала еңсесін тіктеген, білімді, дарынды тұлға болсын десек, бірінші кезекте біз олардың санасына қоғамда болып жатқан жағымды жаңалықтарды сіңіре білгеніміз абзал. «Сонда олар жақсылықтан үлгі алып, өздері де жақсылыққа ұмтылатын болады», –дейді Марал Төртенова.

Ал, Елбасының бастамасымен көтерілген 100 жаңа есім жобасына арнайы қатысып, өтініш қалдырып, өзін көрсеткісі келген мамандардың бірі Сандуғаш Закарияновамен тілдескенімізде, ол «мұндай шаралардың берері мол» деді.

«Мен Алматы қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы нөмірі 74-мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Еңбек өтілім – 18 жыл. Осы аралықта талай баланы тәрбиелеп, алдымыздан өткіздік,шәкіртіміздің жақсылығын асырдық. Былтыр мен 100 жаңа есімді таныту жобасына қатыстым. Өзімнің атқарған жұмыстарымды, еңбектерімді байқауға салдым. Нәтижесінде, сайттар арқылы елге,. ал еңбегім халыққа танылды. Аудандық, қалалық білім басқармасының марапатына ие болдым. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаның мақтау қағазын және алғыс хатын алдым. Мұндай елеп-ескерулер біздің ынтамызды арттырады. Жұмыс істеуге деген құлшынысымызды өсіріп, ары қарай да биік жетістіктерге жеткіміз келеді. Сондықтан, Елбасымыздың саясатын қолдай отырып, «100 жаңа есім» рухани деңгейімізді арттыратын жоба деп есептеймін», – дейді Сандуғаш Закариянова.

Жалпы, мамандар «бұл жобаны ұлттық брендке айналдыру керектігін»  алға тартуда. Аталмыш жоба арқылы техника ғылымының айналасында жүрген өнертапқыштарды, ІТ саласының мамандарын халыққа танымал етуге ұмтылу керек. Бұл ретте Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы Жанар Күнтуғанованың өз айтары бар:

«100 жаңа есім» жобасы арқылы ұлттық бренд қалыптастыруға болады. Бұл жобаны қазақтың төл туындысы ретінде көрсетіп, өзіміздің келбетімізді қалыптастыра алсақ жөн болар еді. Мысалы, қазіргі заманға сай ІТ мамандарын, ғылымда жаңалықтарымен ерекшеленген жастарды, физиктерді, математиктерді осы жоба арқылы халыққа таныту керекпіз. Біз өсіп, өніп келе жатқан мемлекетпіз. Тәуелсіздік алғалы 25 жыл болды. Осы аралықта қаншама дүниелер атқарылды. Өнер, спорт саласында қаншама саңлақтарымыз елді әлемге танытты. Алматы мен Астана қалаларында сантүрлі спорттық чемпионаттар өткізілді. Осы ретте айтарым, біз біржақты болып кетпеуіміз керек. Осы уақытқа дейін «бізді танытатын мәдениет пен спорт» деген саясатты ұстандық. Өнер адамдарына, спортшыларға барынша жағдай жасауға тырыстық. Оларға мемлекеттік стипендиялар тағайындалды. Ендігі кезекте біз үшін ғылым, робототехника саласында жүрген мамандарға мемлекеттік ықылас көрсету маңызды болмақ. Оларға гранттар бөлу, ғалымдардың жаңалығын өндіріске енгізуге көмектесу — мұның барлығы рухани жаңғыруға бағыттайтын дүниелер. Сондықтан, келешекте біз үшін осы жолды ұстану маңызды».

Міне, зияткерлік мектеп маманының байыптауынша, біз болашақта ғылымға және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге көп мән бергеніміз жөн. Бұрындары өнер мен мәдениетті өркендетуге ден қойсақ, қазір осы салада ұпай түгендеуге тырысқанымыз абзал.

100 жаңа есім жобасын анықтау 2017 жылы нақты жүзеге асырылды. Өткен жылы 100 есімді анықтау үшін www.100esim.el.kz сайтында үміткерлер тізімі орналастырылып, дауыс беру арқылы жеңімпаздар анықталып, қоғам назарына ұсынылды. Бүгіндері аталмыш жоба өз жалғасын тапты, алдағы қараша айында үміткерлерге дауыс беру науқаны басталады.

100 жаңа есім арқылы Қазақстанның келбетін әлемге таныта білсек, бұл біз үшін мәртебе болар еді. Сондықтан, Елбасы ұсынған жобаны қолдау —  оңтайлы қадам.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға