Жаңалықтар

1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды: «Qazaqstan Barysy» қоры мән-жайды түсіндірді

1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды: «Qazaqstan Barysy» қоры мән-жайды түсіндірді
Фото: instagram.com/qazaqstan_barysy 22.06.2023 14:31 1152

«Қазақстан барысы» турнирінің ұйымдастырылуына 1,075 млрд теңге бюджет қаражаты қаншалықты заңды бөлінгені тексеріліп жатқаны жайлы хабарлағанбыз.

Мұны Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеген, деп жазады El.kz ақпараттық агенттігі.

Осы орайда «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры» қоғамдық қоры осы жайтқан байланысты түсініктеме берген. Аталған қор 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істейді. Тиісінше өздерінің оған дейін атқарылған және жұмсалған қаражатқа жауап бере алмайтындығын алға тартқан.

Қор өңірлік іріктеу жарыстарын ұйымдастырып, қазақ күресінен турнирлер өткізіп келеді. Қор жүзеге асырып отырған барлық жобалар қазақ күресін дамытуға бағытталған. Айта кететін жайт, осы брендпен бұрын жұмыс істеген «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры» ҚҚ жұмысы туралы ақпараттардан хабарымыз жоқ, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар бұл қор құрылғалы қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі (2021, 2022), сондай-ақ қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия кубогы (2022) ұйымдастырылды.

2023 жылдың сәуір айынан бастап 2023 жылдың 2 шілдесіне жоспарланған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне қатысу үшін еліміздің өңірлері бойынша іріктеу жарыстары өткізілді.

Ұйым барлық процес ашық екенін және штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Біздің қор барлық процестің ашықтығын қадағалайтындығын, қазіргі уақытта қор қызметі штаттық режимде жүргізіліп отырғанын мәлімдейміз, туындаған мәселе бойынша ешқандай түсініктеме бере алмаймыз. Бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылып келгенін және барлық қаржылық есептер қабылдаушы тараптардың талаптарына сәйкес ұсынылып отырғанын мәлімдейміз, - делінген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға