Жаңалықтар

1 млн-ға жуық айыппұл: Блогерлерге қатысты заң қатаңдайды

1 млн-ға жуық айыппұл: Блогерлерге қатысты заң қатаңдайды
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 27.05.2023 23:52 1029

Елімізде бұдан былай жалған ақпарат таратқан немесе жариялаған блогерлерге қомақты айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Мәжілістің қарауына түскен «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылған.

Депутаттар талқылауына түскен құжатта енді Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жаңа 456-2-бабы (Жалған ақпаратты орналастыру, тарату) енгізіледі деп күтілуде.

Жалған ақпаратты БАҚ-та, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректердің интернет-порталында немесе ҚР заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен орналастыру, тарату – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 (103 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 (172 500 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 (345 000 теңге) АЕК айыппұл салуға алып келеді. Бір жыл ішінде осындай әрекетті қайталап жасағаны үшін лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 (690 000 теңге) АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - делінген заң жобасында.

Сонымен қатар жалған ақпаратты онлайн-платформаларда тартқан адамдарға да жауапкершілік енгізіліп отыр. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 20 (69 000 теңге), шағын бизнеске – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК айыппұл салынады.

Мұнымен қатар, жалған ақпаратты таратқан инфлюенсерлер (блогерлер) үшін – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 (138 000 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 (276 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үшін – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 (207 000 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 (414 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 220 (759 000 теңге) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, - деп жазылған құжатта.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға