«007: Спектр» – қазақ тілінде сөйлейтін голливудтық 12 картина
Астана қаласының Kinopark 7 IMAX Керуен (5 зал) кинотеатрларында алғаш рет қазақ тілінде ұсынылып отырған, британдық агент Джеймс Бонд жайындағы жиырма төртінші «007: Спектр» фильмінің алдын-ала көрсетілімі өтті.
«007: Спектр» 2011 жылдан бергі отандық кинотеатрларда мемлекеттік тілде шығатын он екінші кинокартина және 2015 жылдың үшінші кинопремьерасы болып табылады. Бес жылдың ішінде отбасылық көруге ұсынылған 11 голливудтық блокбастер қазақ тіліне дубляждалды: «Көліктер – 2» («Тачки - 2»), «Қара киімділер – 3» («Люди в черном - 3»), «Батыл жүрек» («Храбрая сердцем»), «Жаңа Өрмекші адам» («Новый Человек паук»), «Монстрлар Университеті» («Университет Монстров»), «Жалғыз рейнджер» («Одинокий рейнджер»), «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат» («Новый человек-паук: высокое напряжение», «Малефисента», «Галактика сақшылары» («Стражи галактики»), «Күлбике» («Золушка», «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» («Мстители: Эра Альтрона»).
Алдын-ала көрсетілімге бас демеушілер, жоба серіктестері, дубляждың шығармашылық топ өкілдері, республикалық жастар ұйымдары мүшелері, еліміздің танымал медиа тұлғалары қатысты.
Дубляж режиссері - Айжан Жамшитова, ол осыған дейін "Малефисента", "Жаңа Өрмекші-адам", "Күлбике" фильмдерінің аудармасына қатысқан еді. Рөлдерді Ержан Жарылқасынов (Дэниэл Крэйг), Күнсұлу Шаяхметова (Моника Беллуччи), Азамат Қанапия (Кристоф Вальц), Самат Қордабаев (Рори Киннер) дыбыстады.
«Мұндай жобаны «Болашақ» қауымдастығы соңғы бес жылдан бері қолға алып келе жатыр. Ал, «Нұр Отан» партиясы бірер жылдан бері атсалысуда. Соңғы кездері кино саласындағы аудармаға көп сын айтылуда. Сын жұмыс жүрген жерде айтылады, сондықтан оның болғаны жақсы. Қазіргі қазақ тіліне аударылған кинолардың сапасы әлдеқайда түзелген, халықаралық талаптарға сай деп айта аламын. Алдағы уақытта біз бұл қауымдастықтың жұмысына қолдау білдіріп, одан әрі де бірге жұмыс істесетін боламыз. Негізі осы жобаның арқасында біздің тіліміз әйгілі Columbia Pictures кинокомпаниясы әзірлеген фильмдерді дубляждауда 7-ші әлемдік тіл болып бекітілді. Ал, атақты Walt Disney студиясында жасалған фильмдерді дубляждауда 7 мың әлем тілдерінің ішінде 39-шы орында тұр. Бұл – үлкен жетістік», – дейді Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли.
Жоба ұйымдастырушысы: «Болашақ» қауымдастығы.
Жобаның қолдаушылары: Алматы қаласы әкімдігі, «MARWIN» компаниясы, «Жастар – Отанға!» жобасы шеңберінде «Нұр Отан» партиясы және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ.
Жобаның бас демеушілері: «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ.
Әзірлеген: Досжан Мейірім