«Жетпіске келсем де, көңілім жас»
Көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университеті «Композиция» кафедрасының профессоры Кеңес Дүйсекеев 70 жасқа толды. Соған орай, бүгін университеттің Жамбыл атындағы залында композитордың шығармашылық кеші өтті.
Кешке Кеңес Дүйсекеұлының радиода бірге істеген әріптестері мен өнерде қатар жүрген үзеңгілес достары қатысты. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева композиторды туған күнімен құттықтап, иығына шапан жапты.
Концертте студенттер Кеңес Дүйсекеевтің соңғы жылдары жазылған жаңа шығармаларын орындады. Олардың арасында фортепианоға арналған токката мен арфаға арналған ноктюрн пьесасы, романстар мен әндер бар.
«Баяғының адамдары жасы қырыққа келген кісіні шал деп есептеуші еді. Шынымды айтсам, жетпіске келгенімді әлі сезіне қойған жоқпын, көңілім жас. Осынша жасқа толдым екен деп құр қарап отырар жайым жоқ. Көзім тірі тұрғанда шығармашылығым тоқтамайды деп ойлаймын» дейді композитор.
Айта кетейік, бұл – Кеңес Дүйсекеевтің мерейтойына арналған шаралардың басы ғана. 26 наурызда «Қазақстан» орталық концерт залында композитордың шығармашылық кеші кең көлемде өткізілмекші. Оған кезінде Кеңес Дүйсекеевтің «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел», «Ғашықтар жыры» әндері арқылы халықтың жүрегіне жол тапқан Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев, Нағима Есқалиевалар қатысады деп жоспарланып отыр. Кештің ұйымдастырушысы – ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова.
Сембек Жұмағалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Кеңес ағаның әндерінің жұлдызы жанған шақ болды. Ағам сол тұста маған «менің әндерімді неге орындамайсың?» деп наз айтқан болатын. Ал мен «аға, мен үшін бір жаңа ән жазыңыз» деп қолқа салдым. Арада біраз уақыт өткен соң, Кеңес аға өзінің жаңа ән жазғанын айтып, оны маған Нағима Есқалиевамен айтуды ұсынды. Ән мәтініне үңілсем, «қасың қандай, қарақат көзің қандай?» – деп басталады екен. Осыны көріп, «егер, бұл әнді Нағимамен бірге шырқар болсам, сөзін «бойың қандай» деп өзгерту керек» деп қалжыңдадым. Сосын «Гүлдер» ансамбліне жақында ғана Мақпал Жүнісова деген әншінің келгенін айттым. Мақпал ол кезде енді-енді танылып келе жатқан жас қыз болатын. Мақпал екеуміз «Ғашықтар жырын» бір апта бойы жаздырдық. Дайын болған соң, «Тамаша» ойын-сауық отауына апардық. Ән халыққа тез тарап, атағы дүрілдеп кетті. «Ғашықтар жырының» әсерлі болғаны сондай, сол жылдары жұрт Мақпал екеумізді сырттай қосып қойды (күлді). Дуэтіміздің сәтті шығуына Кеңес ағаның қосқан үлесі зор. Өйткені, ол – әннің сөзіне де, әуеніне асқан кірпияздықпен қарайтын өте талғампаз композитор, өз ісінің нағыз білгірі.
Роза ӘРЕН
Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ