Жаңалықтар

«Жастар жылы» жастарға не берді?

Ел болашағы - жастар
«Жастар жылы» жастарға не берді?
30.06.2020 19:07 2980

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылдың 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, онда «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деп, нақты түрде атап өтті.

b1bb0214-1c90-4ceb-979a-7341c26462d1.jpg

Елбасының жастарға айырықша көңіл бөлуі – ел болашағының тікелей жас ұрпаққа байланысты екенін тағы бір рет ұғындырды. Аталған Жолдаудан кейін мемлекетіміздің одан ары нығаю жолында жастар да белсенділік таныта бастады. Тұңғыш Президентіміз ұсынған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі оң нәтиже беріп, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы әзірленді. Бұл жоба аясында жұмыссыз жүрген, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған үш жүз мыңға жуық жас жыл бойы білім алып, қайтарымсыз гранттарға ие болып, біразы өз кәсіптерін бастады. Сонымен қатар, «Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасына қатысқан білім алушылардың 25%-ы 18 бен 29 аралығындағы жастар екенін атап өткеніміз жөн.

«Жастар жылын» салтанатты түрде ашып, оған Елбасының өзі тікелей қатысуы – жастарға үлкен қуаныш болды. Мерекелік жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен елге пайдасын тигізіп жүрген, мақсаттарына жетіп, табысқа кенелген табанды да білімді жас азаматтар шақырылып, сөз сөйлеп, өзгелерге үлгі бола білді.

Бұдан өзге, білім беру саласына көңіл бөлініп, студенттердің, магистранттардың, докторанттардың шәкіртақысы көбейді. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жас отбасылар баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Алайда көкейге ең қонымдысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының сарабдал саясатын жалғай отырып, жастар мәселесін шешудің аталған жылмен ғана шектелмейтінін айтты. Мұндай жастарға үлкен сенім артып, қолдау көрсететін мемлекетте еліміз үшін аянбай тер төгу – басты парызымыз.

Тимур Жұмырбаев

Қазақстан халқы Ассамблеясының

«Жарасым» РЖҰ төрағасы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға