Жаңалықтар

"Қызыл кітапқа" енген жануарлардың фотобайқауы

Гепард, тұран жолбарысы, Пржевальский жылқысы секілді қызыл кітапқа енген жануарлардың фотобайқауы
16.10.2015 12:06 22728

15 қазан күні Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Дұрыс аңшылықты қолдау және жануарлар дүниесін қорғау» корпоративті Қорының Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақстанның жануарлар дүниесі» атты фотокөрмесінің ашылуы өтті.

"Ескерткішке", Сапарбаев Салторе

фото Сапарбаева Салтөре

Шараның ашылу рәсімінде сөз алған, Қор Президенті Оралбай Әбдікәрімов фотокөрмеге қатысушылардың барлығына алғыс білдірді. Айта кететін жайт, көрмеге еліміздің бар аймағынан 231 жұмыс келіп түскен. Әділқазылар алқасы соның ішінен 40 жұмысты іріктеп алды. Олардың сөзінше жұмыстарды іріктеу барысында: тақырыпты аша білуі, суреттің стилі мен сапасы, автордың өзіне ғана тән ерекшелігі ескерілген.

"Тану", Сапарбаев Салтөре

фото Сапарбаева Салтөре

О.Әбдікәрімовтың сөзінше шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – еліміздің жануарлар дүниесінің сан түрлі ерекшелігі мен сирек кездесетін әр алуандығын көпшілік назарына паш ету. Ол сондай-ақ, Қазақ хандығы тұсында сайын даламызды мекендеген жануарлардың әлдеқайда көп және әр алуан болғандығын айта кетті.Адамдардың табиғатта қарауынан көптеген жануарлардың саны азайып, кейбіреулері тіпті жойылып кетті. Мысалға айтар болсақ: гепард, тұран жолбарысы, Пржевальский жылқысы бүгінде елімізде мүлде кездеспейді. Табиғатты қолдан ластау, түрлі табиғи апаттар мен өндіріс орындарының көбеюі жануарлардың санының күннен-күнге кемуіне себеп болуда.

 

- Бүгінгі көрме барысында биоалуандылықтың аз ғана түрі қамтылып отыр. Елімізде құстардың – 490, сүтқоректілердің – 172, балықтың – 100-ден астам түрі, бауырымен жорғалаушылардың – 51, қосмекенділердің – 12 түрі бар. Сондай-ақ омыртқасыздардың 50 мыңнан астам, насекомдардың 30 мыңнан астам түрі еліміздің табиғатын мекендейді. Сонымен қатар сөз барысында еліміздегі жануарлардың бірегей түрлерін сақтап, қайта қалпына келтіру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта жойылып бара жатқан және жойылудың аз алдында тұрған жануарларды тіркеп отыратын, еліміздің «Қызыл кітабы» мерзімді түрде жарық көруде. 2010 жылы шыққан, «Қызыл кітаптың» 4 басылымында балықтың – 18, қосмекенділердің – 3, жорғалаушылардың – 10, құстардың – 57, сүтқоректілердің – 40, өзге де жануарлардың 128 түрі мен түршелері енген.

-Бүгінгі фотокөрме ел азаматтарының еліміздің жануарлар дүниесін сақтап, дамытуға деген әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігінің артуына сеп болады деген ойдамын. Тек, барлығымыздың бірлесе отырып, күш салуымызбен ғана табиғатымыздың өзіміздің елге ғана тән фаунасын сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етіп, тапсыра аламыз,-деді Оралбай Әбдікәрімов.

 

Көрмеге келген көрермендер ұнаған суреттерге стикер жапсыру арқылы үздік фотографты анықтады. Байқау қорытындысы 20 қазан күні белгілі болады.

Көрменің ашылуына арнайы келген, ҚР Ұлттық музейінің Директоры Дархан Мыңбай, Сенат депутаты Владимир Редкокашин, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов, белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді жануарлар дүниесін сақтап қалу жөнінде өз пікірлерін айтып, сөз сөйледі. Фотокөрмеге қатысушылардың пікірінше, жабайы жануарлардың басты қорғаушылары ол – адамдар. Себебі, адамдар ғана олардың көбейіп, табиғаттың көркіне айналып, болашақ ұрпаққа аман етіп, табысталуына мүдделі.


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

фото Сапарбаева Салтөре

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға