Құйрықты, құйрықсыз қосмекенділер
ҚҰЙРЫҚТЫ ҚОСМЕКЕНДІЛЕР (Caudata не Urodela) – қосмекенділердің бір отряды, олардың ең қарапайым тобы. Қ. қ-дің қазіргі кезде 500-ге жуық түрі кездеседі. Олар батыс және шығыс жарты шарлардың қоңыржай белдеулерінде кеңінен таралған. Негізінен су айдындарының маңында тіршілік етеді. Қ. қ. 5 отряд тармағына және 8 тұқымдасқа топтастырылған. Олардың денесінің ұз. 4 см-ден 160 см-ге дейін жетеді, салм. 10 г-нан 30 кг-ға дейін тартады. Қ. қ-дің ең кіші түріне қортық саламандра (ұз. 4 см-дей), ал ең ірі түрлеріне – қытай және жапон алып саламандралары (ұз. 160 см-дей) жатады. Дене пішіні ұзынша ұршық тәрізді. Ол бас, тұлға және құйрық бөлімдеріне бөлінген. Құйрық бөлімінің көлденең кесіндісі тритондарда екі бүйірінен қысыңқы, ал саламандраларда жұмыр болады. Көпшілік түрлерінде алдыңғы және артқы аяқтары жақсы дамыған әрі олардың ұзындығы бірдей. Кейбір түрлерінде (сирендерде) артқы аяқтары жойылған. Бұғана сүйектері болмайды. Көпшілік түрлері терісі арқылы тыныс алады. Кей түрлерінде сыртқы желбезектері айқын байқалады (ішкі желбезектері бар түрлері сирек кездеседі). Басым түрлері іштей ұрықтанып, ұрықтанған уылдырықтар шашады. Кейбір түрлері дернәсілдік даму кезеңінде көбейе алады. Оны неотения құбылысы деп атайды. Оңт. Қытайдың Хуань провинциясында ұз. 1,8 м, салм. 65 кг, алып саламандра ұсталған. Оларды жергілікті тұрғындар тағам ретінде пайдаланады. Қ. қ-ге жататын денесі көлденең сайшалар арқылы көптеген буылтықтарға бөлінген абистомалар тұқымдасының 30-ға жуық түрі бар. Олардың суда тіршілік ететін дернәсілдері аксолотль деген атпен мәлім. Дене тұрқы ересектерімен бірдей және олар дернәсілдік даму кезеңінің өзінде-ақ жынысты жолмен (неотения қабілеті арқылы) көбейе береді. ұыл.-зерт. нысаны ретінде көп пайдаланылады. Қ. қ-дің жасырын желбезектілер тұқымдасының 3 түрі өте сирек кездеседі. Қ. қ-дің Қазақстанда 2 тұқымдасының 3 түрі, оның ішінде бұрыштілділер тұқымдасына жататын сирек кездесетін Жетісу аяқтыбалығы бар. Сондықтан бәрі де қорғауға алынып, Халықар. табиғат қорғау одағының және Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
ҚҰЙРЫҚСЫЗ ҚОСМЕКЕНДІЛЕР (Anura не Ecaudata) – қосмекенділердің бір отряды. Табиғатта кеңінен таралған. Антарктидада ғана кездеспейді. Қ. қ-дің 19 тұқымдасы, 256 туысы, 4 мыңға жуық түрі белгілі. Қазақстанда 4 тұқымдасы, 9 түрі кездеседі. Денелерінің ұз. 1 см-ден 30 см-ге жетеді. Ең кіші екі саусақты құрбақаның ұз. 10 мм-дей (Бразилияда), ең ірі – голиаф бақасының ұз. 25 – 35 см, салм. 3 кг-дай (Орт. Африкада). Ал Ява аралындағы ұшқыш бақа артқы аяғындағы саусақтарының арасындағы терілі жарғақтарын пайдаланып секіргенде бірнеше м-ге жетеді. Денесі бас, тұлға және аяқ бөлімдерінен тұрады. Басы тұлғасымен тұтасып кеткендіктен мойны айқын байқалмайды, құйрық бөлімі жойылған. Алдыңғы аяқтары артқы аяқтарынан 2 – 3 есе қысқа, сондықтан олар құрлықта секіріп қозғалады. Көпшілік түрлерінің артқы аяқтарындағы саусақтарының арасы терілі жарғақпен байланысқан, ол суда жүзуін жеңілдетеді. Қ. қ. суда, ағаш басында, құрлықта тіршілік етуге бейімделген. Қ. қ-дің көпшілігі сырттай ұрықтанады, дернәсілдері түрленіп дамиды. Құрғақ далалы, шөлейтті өңірлерде тіршілік етуге бейімделген құрбақалардың кейбір түрлерінің терісінің сыртында мүйізді түзілістер пайда болған, әрі олардың өкпесі басқа Қ. қ-мен салыстырғанда едәуір жақсы дамыған. Құрбақалардың кей түрі (мыс., кәдімгі сұр құрбақа) биік таулы алқаптарда, кейбір түрлері тереңд. 340 м шахталарда да кездеседі. Көпшілік түрі а. ш-на зиянды жәндіктермен қоректеніп, көп пайда келтіреді. Ага құрбақасы қант қамысының зиянкестерімен күресу үшін тропиктік аймақтарда арнайы жерсіндірілген. Қ. қ-дің кейбір түрлерінің тері бездерінен жүрек-қантамырлары, тыныс алу жүйелерінің ауруларына қолданылатын батрахотоксин, буфотенин, буфотенидин препараттары жасалады. Дүние жүзінде өте сирек кездесетін Қ. қ-нің 1 түрі – қарақұрсақты табақшатілді бақа Хуле к-нде (АҚШ) таралған. 1940 жылдан бері оның 5 данасы ұсталған.
Қ. қ-дің 22 түрі Халықар. табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына”, ал Қазақстанда 2 түрі (даната құрбақасы, қызылаяқ бақа) Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
Р. Сәтімбекұлы
"Қазақ энциклопедиясы"